Қарақалпақстанның Бесқала мемлекеттік өлкетану музейінде қандасымыз Өтеғұл Бектұрғанов бұрышы ашылды. Ондағы «Бектұрған әулеті» жинағы, фотосуреттер, құжаттар белгілі тұлға өмірінен, өткен кезеңнен сыр шертеді. Бұл шара бауырлас өзбек, қарақалпақ халықтарымен мәдени байланыстарымызды жаңа сатыға көтерген 2018 жылғы Қазақстандағы – Өзбекстан, 2019 жылғы Өзбекстандағы – Қазақстан жылы аясында ұйымдастырылған игі істердің жалғасы. Әр істің қайыры бар. Өткен ғасыр ұлтымызды сергелдеңге салса да, сол дәуір қазақтың пассионарлық кезеңі де болған-ды. Сол қилы заманда Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Ғани Мұратбаев, Нәзір Төреқұлов, Меңдіқожа Ибниаминов, Қаландар Адинаев сияқты қайраткерлеріміз исі қазақтың, қала берді, өзге халықтардың да ел болып, өсіп-өркендеуіне үлес қосты. Бұлардан басқа да мансаптың түрлі сатыларындағы ағайын елдер де ардақ тұтар Алаш зиялылары баршылық. Сондай оғландардың бірі – Өтеғұл Бектұрғанов. Ол 1906 жылы дүниеге келген. 1916 жылдан бастап Қазалыдағы Ақишан медресесінде, 1921 жылдан бастап сол өңірдегі жаңа мектепте білім алады. Мектепті бітірген соң 1925 жылы Қарақалпақ автономиялы облысы, Төрткүл қаласындағы мұғалімдер даярлайтын курсқа қабылданады. Бір жыл ішінде оқу бағдарламаларын толық меңгеріп, Қараөзек ауданы, Талдық ауылында ұстаздық қызметін бастайды. 1932 жылы облыс басшылығы Өтеғұл Бектұрғановтың білімін жетілдіру мақсатында Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетіне (САГУ) оқуға жіберуге шешім қабылдайды. Аталған оқу орнының екі курсын бітірген соң облыс басшылығы оны кері шақырып алып, Өлкетану музейінің директоры етіп тағайындайды. Жалпы, Қарақалпақ елінде алғаш рет музей 1929 жылы 16 мамырда Төрткүл қаласындағы өлкетанушылардың көрмесі ретінде ашылған. Бұл істе этнограф ғалым А.Морозовтың еңбегі ересен. Тарихи деректерге қарағанда, 1929-1930 жылдарда музей қорында 1022 экспонант болып, оның 119-ы археологиялық-этнографиялық материал, 155-і түрлі түсті картина, 748-і сурет болған. Қаржы мәселесінде қиындыққа тап болған музей жаңадан ашылған Қарақалпақ ғылыми-зерттеу институтының құрамына енгізілген. Өтеғұл Бектұрғанов музейге келе салысымен оның күрделі жағдайын байқап, КСРО Ғылым академиясының басшылығы алдына мәселені көлденең қойып, шешу жолын ұсынады. Ақыры, басшылық оның талабымен келісіп, Қарақалпақ өлкетану музейі 1934 жылы дербестікке ие болып, оған мемлекеттік музей мәртебесі беріледі. Музейге 1934-1936 жылдарда басшылық еткен Ө.Бектұрғанов елдің тарихы, мәдениеті болашақ ұрпаққа өнеге боларын жете түсініп, мұражай қорын молайтуға атсалысты. 100 жылға жуық уақытта Қарақалпақ мемлекеттік өлкетану музейіне көптеген адам басшылық етті. Олардың бәрі музей ісін сара жолға салып берген Өтеғұл Бектұрғановқа дән риза. Қазіргі кезде музей қорында 65970 экспонант бар. А.Мелкова, Я.Ғұламов, А.Морозова, С.Толстов, Т.Жданколардың археологиялық-этнографиялық экспедициялары нәтижесінде қолға түскен дүниелер әлем жұртшылығының назарын аударуда. Бегабат ҰЗАҚОВ