Абай облысына қарасты Үржар ауданындағы Жанай орта мектебінің 3 қызметкері жол апатынан қаза тапты, – деп хабарлайды qaz365.kz.
Басылымның мәліметінше, оқиға 9 желтоқсанда сағат 14:45-те «Таскескен-Бақты» тасжолында болған. 29 жастағы Toyota Carina E маркалы көлігінің жүргізушісі рульді басқара алмай, қарсы бетте келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 3 адам қаза тапты.
Кейін белгілі болғандай, бұл Жанай орта мектебінің психологі, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі және шаруашылық меңгерушісі болып шықты.
«Мектепте бәрі жылап жүр. Алғашқы әскери дайындық мұғалімі мектепке биыл ғана келген, үйленбеген жас жігіт еді. Обал болды. Психологтің артында 5 баласы қалды», – дейді жергілікті тұрғын.
Осы факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта іс бойынша бірқатар сараптама тағайындалды. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді.