Атырауда 4 адамды алдап, 5,4 млн теңгесін иемденген алаяқ әйел ұсталды.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, алаяқтық күдігіне ілінген әйелдің жасы – 45-те.
«Полиция қызметкерлері тұрғындарды алдап-арбау амалдарын қолданып, сеніміне кіру арқылы бөтеннің мүлкін жымқырудың жолын кесуге байланысты іс-шараларды жалғастырып келеді. Алайда, жүргізілген түсіндіру жұмыстары мен ескертулерге қарамастан, тұрғындардың алаяқтарға алданып қалу дерегі азаяр емес. Мәселен, 23 қараша-3 желтоқсан аралығында 45 жастағы әйел Атырау қаласының 1988 жылғы тұрғынынан 6 дана Iphone 13 Pro ұялы телефонын арзан бағаға алып беру үшін 2 млн 196 мың теңге, 31 жастағы тұрғыннан тұрмыстық техника үшін 1 млн 598 мың 500 теңге, 1995 жылғы тұрғыннан Iphone 13 Pro телефоны үшін 498 000 теңге, 2004 жылғы тұрғыннан 3 дана Iphone 13 Pro телефоны үшін 1 млн 174 мың теңгені алаяқтық жолмен иемденіп алған. Жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізген полиция қызметкерлері 45 жастағы күдікті әйелді анықтап, ұстады», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір алаяқтық күдігіне ілінген 1977 жылғы әйелге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.