«AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясының бастамасымен республика көлемінде өтіп жатқан «Ел дамуындағы әйелдердің рөлі» форумы Маңғыстау облысына да жетті.
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде қоғамдағы әйелдердің рөлін тұрақтандыру, саяси-қоғамдық белсенділігін арттыру мәселелерін маңғыстаулық 200-ден астам қатысушы талқылады. Форумға «AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Нұрбек Қарасаев, Ұлттық құрылтай мүшесі, заңгер Айгүл Орынбек, танымал кәсіпкер Гүлшарат Джубаева, Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының отбасын жоспарлау және репродуктивті әйелдер денсаулығының үйлестірушісі Қабира Нұғманова, қаржы маманы Шолпан Тұяқова, тележүргізуші Мейрамгүл Мәдәлі қатысты.
Сұрақ-жауап форматында өткен кездесуде өңіріміздің әр ауданынан жиылған әйелдер спикерлерге түрлі сауал қойды. Кездесуге арнайы шақыртылған спикерлер әйелдердің саясаттағы белсенділігі, құқықтың және қаржылай сауаттылығы, сондай-ақ дені сау отбасын жоспарлау мен ерте жүктіліктің алдын алу тақырыптарын тарқатты.
«Әйелдердің қаржы турасында сауатты болуы аса маңызды. Сол арқылы бала бойында да қаржылық сауаттылық қалыптасады. Жалпы, қаржылық сауаттылық дегеніміз – несие бойынша жауапкершілік таныта білу және түрлі бюджетті бөлуге белсене араласу. Мысалы, соңғы кездері «несие кешіріледі» деген ақпарат тарап жүр. Осыған алданып, дұрыстап зерттемей көп әйел жалған ақпарат таратушылардың жетегінде кетіп жатыр. Иә, Үкімет банкроттық туралы заң жобасын дайындап жатыр. Бірақ мұның да кері эффектісі бар. Мәселен, сіз өзіңізді банкрот деп таныған жағдайда өмір бойы осы тізімде тұрасыз, ел шекарасынан шығу құқыңыз шектеледі», – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Ақтау қаласындағы Өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы Шолпан Тұяқова.
Одан бөлек, форумға қатысушылар шағын және орта бизнесті дамыту, арнайы және қайтарымсыз грант иелену, жеңілдетілген несие алу жолдары бойынша мамандардан мәлімет алды. Форум соңында қатысушылар осындай жиынды облыстың әр аудандарында өткізу қажеттілігі туралы айтып, шалғай ауылдарда да ақпараттық-танымдық форум ұйымдастыру бастамасын көтерді.