Мемлекет басшысы Астана қаласының және Қарағанды облысының әкімдерін қабылдады.
Президентке Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы есеп берді.
Мемлекет басшысына сорғы-сүзгі стансасы (ССС-3), газбен жылыту стансалары, жылу электр орталығы секілді қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардың құрылысы жөнінде баяндалды. Аталған нысандардың құрылысы 2023 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкіміне жылу беру маусымының барысын бақылауда ұстауға, елорданы одан әрі өркендетуге қатысты бірқатар тапсырма берді.
Сондай-ақ Президент Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевты қабылдады. Ол Мемлекет басшысына аймақтың биылғы 11 айдағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жөнінде есеп берді.
Кездесу барысында аймақтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының, оның ішінде жылу және сумен қамтамасыз ету жүйесінің жағдайына айрықша назар аударылды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облысты одан әрі дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.