Ауыл шаруашылығын дамытуда мемлекеттік саясат тек қана субсидия беруге құрылады. Бұл түбірімен дұрыс емес. Сарапшылар агросекторға бірінші кезекте жер, қаржы, тұқым сынды тағы да басқа өндірістік қажеттіліктерге қолжетімділік тудыру керек екенін айтады. Одан соң сыртқы нарықты ашық ұстау қажет. Біздегі «қолмен басқару» қағидатына сүйенген экспорттық шектеулер – шаруаның соры. Одан да өзге қыспақ аз емес. Сондықтан да бұл жерде ойын ережесі айқын болуы тиіс. Саланың одан да өзге мәселесі жеткілікті. Стратегиялық мақсат, статистикалық нақтылық жоқ Ауыл шаруашылығына жыл сайын қаншама қыруар қаржы құйғанмен, агроөндірістік кешен бойын тіктеп кете алмады. Дала мен су, жем мен шөптің жеткілікті ресурсы бола тұра, тіпті ұн мен етті де сырттан алдыратын жағдайға жеттік. Бұл ретте сарапшылар еліміздегі ауыл шаруашылығын дамыту құжатында стратегиялық мақсаттардың жоғын айтады.
«Министрлік дайындаған, одан кейін қайта түзеткен бағдарламада түсінікті, нақты мақсат жоқ. Құжаттың неге бағытталғаны белгісіз. «Тұрақты даму» деген сыңайда бір нәрселер айтылған, ал одан соңғысы сиырқұйымшақтанып кеткен. Егер бұл бағдарламалардың түпкі бенифициарлары фермер болатын болса, онда ол сол шаруаның өзіне де түсінікті болуы керек емес пе? Тіпті, шындығын айтқанда, бағдарламаның мақсатының өзі – сол аяғына нық тұрған, ішкі нарықты еркін қамтып, экспортқа тұрақты, бәсекеге қабілетті өнім жөнелтіп отырған фермер болуы керек қой? Қалған міндеттердің бәрі соның аясында тарқауы тиіс. Бір өкініштісі, ауыл шаруашылығын дамытудың бірде-бір бағдарламасында мұндай стратегиялық мақсат жоқ», – дейді Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының басқарма төрағасы Қайрат Бисетаев.Келесі бір сарапшы, Қазақстанның органикалық өнім өндірушілер одағының директоры Арсен Керімбековтың ойынша, аграрлық секторды дамытудың қазіргі стратегиясы түпкілікті ойластырылмаған және әлсіз, сондықтан да ол еш нәтиже бермейді. Мәселен, бірінші жылы ақшаны қайда жұмсау керектігі азды-көпті нақты жазылады да, екінші жылы анда-мында жұлмалана бастайды, ал үшінші жыл тіпті бұлыңғыр боп қалады. Сондықтан үшінші жылы бағдарлама ақырын тоқтатылады да, ешкімнен ешқандай есеп сұралмайды. Одан сорақысы, алдыңғы сияқты еш пайдасыз жаңа бағдарлама жазыла бастайды. Бұл ретте шынымен ақылға қонымды бағдарламалық құжатты әзірлеу үшін, алдымен, оның негізін нығайтып алу керек. Яки, статистикада тәртіп орнату қажет. Өйткені Ауыл шаруашылығы министрлігінің саланы дамыту стратегиясын құру үшін соңғы бірнеше онжылдықта сүйеніп жүрген цифрлары нарықтың барлық қатысушыларына да, тіпті мемлекеттік органдардың өздеріне де күмәнді.
«Қазақстанда 2011-2012 жылдары сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ірі қара мал басының саны бойынша ресми көрсеткіштерді шындыққа жақындатуға талаптанған еді. Сол кезде мал саны статистиканың үштен біріне аз екені белгілі болды. Қазір де бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. Сапырма сандар мен көпірме көрсеткіштер көп. Сондықтан да әуелі барлық статистиканы ретке келтіру қажет. Әрі қарай, болашақта бұрмалануды болдырмау үшін әкімдіктерден сауын мен егін үшін жауапкершілікті алып тастау керек. Өйткені ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі жергілікті билік органдарының жауапкершілік аймағы емес. Сол кезде ешқандай артық жазу болмайды. Оның үстіне, мұндай бұрмалаудың қауіптілігі: көпірме сандар сыбайлас жемқорлық схемаларының элементіне оңай айналып кететіні. Яғни, Қазақстанда астықтың «қағаз жүзіндегі» өнімі арқылы ресейлік контрабандалық бидай заңдастырылады. Сол сияқты қағаздағы сауын арқылы бюджеттік субсидиялар «сорылады» да, жеке адамдардың қалтасында қалып қояды», – дейді ол.Одақ төрағасының сөзінің жаны бар. Статистикалық нақтылықтың кесірін былтыр қуаңшылық болып, мал қырылғанда анық байқадық. Өйткені өңірлердегі әкімдер тек сырғаланған мал басын ғана санап, өлген мал басын азайтып көрсеткен болатын. Субсидиядан бас тарту керек пе? Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісін жақсартуға баса назар аудару қажет. Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 миллиард теңгеден астам субсидия бөледі. Соған қарамастан, терең өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасындағы жоспарлар орындалмай жатыр» деп еліміздегі агроахуалды сынға алған еді. Президенттің бұл сынын сарапшылар да құптап отыр.
«Бізде субсидия тек шығындарды жабу үшін беріледі. Онда да болса, мардымсыз. Ал Еуропада қолдауақы тек қайта өңдеуге ғана қарастырылған. Сапа мен бағаның тұтастай спектрі қалыптасқан. Осы реттен келгенде біз субсидия саясатынан бас тартпауымыз керек. Тек оның мақсатын өзгертіп, игерілу тиімділігіне қатаң қадағалау орнату қажет», – дейді кәсіпкер Ерлан Оспанов.Мамандардың айтуынша, субсидияларды талқылауды үнемі бірінші орынға шығару, бұл – қоғам назарын саланың негізгі проблемаларынан бұру екен. Ал ол проблемалардың бірі – өндірістік қажеттіліктерге қолжетімділік. Мәселен, жер алқабы қолжетімді болса, аграрлық бизнесте тұрақтылық орнап, инвесторлар үшін тартымды болмақ. Яки, Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу секторындағы әлемдік деңгейдегі ойыншылар келе бастамақ. Одан бөлек, мұндай мүмкіндіктерге екінші деңгейдегі банктер де назар аударар еді. Өйткені келесі бір өндірістік қажеттілік – қаржыландыруға қол жеткізу – агробизнестің жылдан-жылға бетпе-бет келетін басты проблемасы. Әрі оның шешімі фермердің де, банктердің де қолында емес. Мұнда ойын ережесін мемлекет белгілейді. Ол болса несиелендіруді қиындатып қойған. Бұл түптеп келгенде экономикаға зиян.
«Біздегі мемлекет талап ететін ойын шарты ауыл шаруашылығын дамытуға арналмаған. Былайша айтқанда, оның қатысушы тараптары үшін әділ емес. Бұл кредит беруден бастап, егінді сату схемасына дейін бәріне қатысты. Мәселен, экспортты шектеу – фермерлерді мезгіл-мезгіл кірістен қағатын шара. Мемлекет шаруаға өнімін шетелге шығартпай қойғаны аздай, төмен бағаға сатуға мәжбүрлейді. Осы арқылы бағаны тежеуге қатысты әлеуметтік мәселелерді фермердің есебінен шешуге ұмтылады. Бұл дұрыс па? Тағы бір мысал – ауыл шаруашылығы техникасы үшін утилизациялық кәдеге жарату алымын енгізу. Бұл аграршылардың есебінен елдегі машина құрастыруды дамытуға қолдау көрсету емес пе? Нәтижесінде, АӨК-ті қолдауға бөлінетін сомалардың үлкен бөлігі басқа секторларға немесе жеке біреулердің қалтасына түседі. Бір сөзбен айқанда, мемлекеттік бағдарламада шаруаның құқы бұзылған кезде түрлі мемлекеттік органдардың не істеуі керектігі туралы нақты жинақы ұстаным жоқ», – дейді Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының басқарма төрағасы Қайрат Бисетаев.[caption id="attachment_232082" align="aligncenter" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Таяуда АШМ аграрлық саланы субсидия берудің жаңа жүйесін ұсынған болатын. Онда бұған дейінгі негізгі параметрлер сақталғанымен, нормативтерді бекітуде өзгерістер ұсынылды. Мәселен, мемлекеттік қолдауды пайдаланатын фермерлер өндіріс көлемінің, еңбек өнімділігінің төмендеуіне жол бермеуге, негізгі капиталға кемінде бес жылда бір рет инвестиция салуға міндеттелмек. Әйтсе де, шаруалар мұнда бірінші кезекте қазіргі құбылып тұрған нарықтық ахуалды ескеру қажет екенін және әзірге асықпау керектігін айтады.
«Техниканың бағасы, құрылыс-монтаж жұмыстары, қойма, жылыжай – бәрін салғандағы шығындарды есептеп, бүгінгі күнмен сәйкестендіру керек. Себебі қазір баға көтеріліп кетті. Тыңайтқыш, пестицид бағасы екі есе өсті. Сондықтан ауыспалы өтінім болмаса, шаруалардың тыңайтқыштарды толық алуға шамасы жетпейді. Меніңше, ұлттық жоба аясында, 2025 жылға дейін қолданыстағы механизмге тиіспей, қазіргі күнгідей жұмыс істей беру керек деп санаймыз», – дейді Қазақстан фермерлер одағының атқарушы директоры Ақпар Мәуленов.АӨК тұйық шеңберден шыға алмай жүр Расында да, ауыл шаруашылығында қазір тек ірі агрокәсіпорындар ғана тұрақтай алып отыр. Онда да мемлекеттік субсидияның арқасында. Әрқайсысы өз күнін өзі көруде. Амал нешік, қазіргі уақыт заңы солай болып тұр. Басқаша шаруа жүргізу мүмкін емес. Өйткені осы уақытқа дейін ешқандай кооперациялық мығым байланыстар орнатылған жоқ. Аралас әріптестік деген дүние сөз жүзінде қалды. Қазір кадр мәселесін де әркім өзі шешіп отыр. Бірақ аграрлық білім беретін ЖОО түлектерінің білім сапасы сын көтермейді. Ол аздай қазіргі жастар қара жұмыстан қашады. Бұл – кәсіпкер Ерлан Оспановтың пікірі.
«Мен осы салада жүрген ұзақ жылдардан бері көзім жеткені: біздегі ауыл шаруашылығы әбден титығы жеткен, тіпті, зорығып өлген деуге болады. Өйткені қазіргі алпауыт агрокәсіпорындарды ауыл шаруашылығы нысаны деуге болмайды. Олар азық-түлікті Commodity ретінде өндіреді. Яки, тек өтсе болды деген биржалық тауар ретінде қарайды. Тездетіп өсіру, тездетіп сату. Сұранысты қанағаттандыру, жылдам және көп табыс табу. Болды! Сондықтан мұны ауыл шаруашылығы өнімі деп айтуға болмайды. Олар – жоғары технологиялы агроөнеркәсіп», – дейді ол.Сол себепті де мұнда өнімнің құнары мен сапасы туралы айтудың өзі артық. Ал денсаулыққа пайдасы мен зияны бөлек мәселе. Өйткені конвейер сияқты жұмыс істейтін бұл жүйеде ең бірінші мақсат – оны тоқтатпау. Ендеше, ішіп отырған сүтіміз ұнтақ әрі химиялық қоспалармен майландырылған болса, етіміз дәмдеуіштер мен иіс бергіштерге сықап тұрса, ол – нарық талабы. Әрине, мұндай модельді таңдап алғаны агрокәсіпорындардың да кінәсі емес, мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Бұл ретте нарық заңдылығында «айналмалы экономика» (Сircular economy) деген ұғым бар екенін де атай кеткен жөн. Бұл қағидат жаңармалы энергия көздеріне сүйеніп, өндірістің айналмалы циклін құру дегенді білдіреді. Мәселен, егіншілікте минералды тыңайтқыштардың орнына мал фермаларындағы қи-тезек сынды органикалық заттар қолдану. Гербицидтер мен басқа да улардан бас тартып, алқаптарды арамшөп басуынан, зиянкестер мен аурулардан қорғау үшін механикалық және биологиялық әдістерді пайдалану. Сондай-ақ ауыспалы егістерді сақтауды жүзеге асыру. Мұның бәрі түптеп келгенде жердің құнарын сақтау мен табиғатқа зиянды азайтуды қамтамасыз ететін өндірістің жабық циклін құрайды.
«Жалпы, ауыл шаруашылығын биологияландыру – мемлекеттік бағдарламада көрініс табуы тиіс маңызды міндет. Ең алдымен, құс және мал шаруашылығында антибиотиктерді қолдануды азайту туралы ойлану керек. Бұл халықтың денсаулығы үшін маңызды. Әлемде бұл үрдіс өте белсенді. Еуропа, АҚШ, Қытай, Ресейде антибиотиктермен емес, пребиотиктермен жұмыс істейтін құс және шошқа фермалары бар. Халықтың денсаулығынан бөлек, экспортқа жіберілетін мұндай өнім қазірдің өзінде премиум-тауар болып саналады. Бұл өсімдік шаруашылығына да қатысты – дақылдарды қорғаудың биологиялық әдістеріне көшу керек. Сонда Қазақстандық ғылым үшін де тиісті әзірлемелермен айналысу міндеті туындайды», – дейді Қазақстанның органикалық өнім өндірушілер одағының директоры Арсен Керімбеков.Ауыл шаруашылығы министрлігі дәл осындай схеманы кері бағытта да пайдаланғаны дұрыс. Импорттық тауарлардың да Сircular economy болғанына талап қоюы керек. Ал оның бағасын кедендік немесе салықтай жеңілдіктермен, бартерлік айырбаспен арзандатуға болады. Сонда халық саулығын сақтауға да үлес қосар едік. Әйтсе де, әзірге біздің АӨК айналмалы емес, Commodity атты тұйық шеңберден шыға алмай жүр.