Фэшн байер: Біздегі «люкс» – батыста «базар»
Фэшн байер: Біздегі «люкс» – батыста «базар»
821
оқылды
«Үлкен төрттіктегі» жұмы­сын тастап, байерлікке бет бұр­­ған алматылық Динара Наметова бүгінде мыңдаған адам­ға смарт шоппингтің қыр-сырын үйретіп үлгерген. Та­ны­мал брендтердің өнімін жарты бағасына қалай сатып алуға болады, онлайн саудадан 15 млн теңгеден аса кеш­бэк жи­нау мүмкін бе, «люкс» киінуге ұмты­ларда нені ескеру керек, дүкен­дерде Black Friday-дан гөрі қандай жеңілдіктер әл­де­қайда пайдалырақ – бұл жай­лы тәжірибелі маман тө­мен­дегі әңгімемізде айтып берді.

Алдағы маусымда не киеріңізді байерлер біледі

– Динара, фэшн байер дегеніміз кім? Әуелі әңгімемізді осыдан баста­сақ... Көбі оны шетелдік сайттарда шоп­пинг жасауға көмектесетін ма­ман деп таниды... – Негізі, фэшн байер дегеніміз – дүкендерге киім үлгілерінің кол­лекцияларын таңдап, алдағы мау­сым­дарда қандай сән трендте бо­ла­тынын анықтап беретін маман. Еліміздегі әрбір дүкеннің, мысалы, Inditex құрамына кіретін масс-маркеттегі Zara, Pull&Bear немесе Massimo Dutti болсын, өздерінің байерлері болады. Олар жаңа кол­лек­ция шығарда Испания, Италия­дағы шоурумдарға барып, қазақ­стандықтардың алдағы маусымда қандай киімдер киетінін таңдап келеді. Сондай-ақ байерлер дүкен­дерде сауда қалай жүретінін анық­тайды, сәнге сұраныс қалыптас­тыра­ды, халықты жаңа брендтермен таныстырып, соған жақын­дастыра­ды.  width= Қазақстанда және жалпы, ТМД елдерінде халықаралық брендтер өте аз. Оған қоса, масс-маркеттегі тауарлар өте қымбат. Шетелде масс-маркет саналатын брендтер бізде люкс секілді қабылданады. Сондықтан соңғы жылдары елі­мізде және көршілес мемлекеттерде жеке шоппер деген мамандық пайда болды. Шетелдік сайттардан төмен бағамен тапсырыс беруге көмектесетін адамдарды байер емес, жеке шоппер деп атаған дұрыс. Осы екі ұғымды бір-бірінен ажырата білу маңызды. Мен өз командаммен адамдарға Еуропа елдерінен, АҚШ-тан, Түр­киядан, Кореядан, Біріккен Араб Әмірліктерінен қолжетімді бағада зат сатып алуға көмектесемін. Одан бөлек, құрбым екеуіміз ашқан дү­ке­німіз бар, оның киім коллекция­сын құрастыруға да жауаптымын. Блогымда оқырмандарымды бр­енд­тердің тарихымен, концеп­ция­­­сымен таныстырамын, жаңа трендтерге қатысты ақпараттарды бөлісемін, смарт шоппинг жасау жөнінде кеңес беремін. – Байерлікке қалай келдіңіз? Ол үшін қандай арнайы білімді мең­гердіңіз? – Шынымды айтсам, ешқашан байер боламын деп ойламаппын. Өзім О.Жәутіков атындағы респуб­ликалық мамандандырылған фи­зи­ка-математика мектеп-интер­натын, Қазақ-Британ техникалық университетін бітіргенмін. Маман­дығым – қаржы сарапшысы. Big4, яғни «Үлкен төрттік» аудиторлық компаниясында жұмыс істедім. Дек­реттік демалыста отырған әйел­дердің шығарма­шылық тынысы ашылатын әдеті емес пе?! Тұңғы­шымды босанған соң, менде де солай болды. Балама деп АҚШ-тан Carter’s брендінің киім-кешегіне тапсырыс бере­тінмін. Мұның ал­дында, студенттік кезде де шәкірт­ақымды жинап, бірқатар америка­лық брендтің өнімдерін алдырт­қаным бар еді. Қызығушылығым осыдан басталса керек. Хоббиім біртіндеп негізгі кәсібіме айналды. Бұл жолда негізгі мамандығым да, оған қоса ағыл­шын және түрік тілдерін білуім де көп көмектесті. Қазір байерлік тәжірибемді шыңдау үшін эко­номика мен бизнес саласында үздік еуропалық ЖОО болып есептелетін Миландағы Боккони универ­сите­тінің, Ресей­дегі ЦУМ дүкенінің топ-байерлерге арналған курс­тарын оқып жатыр­мын. Онда тренд-аналитика, сән­нің тарихы секілді дүниелерді тереңі­нен үйретеді.

Қымбаттың бәрі люкс емес

– Жасыратыны жоқ, жұрттың көбі (қалтасы көтергені, әрине) люкс сегменттегі брендтерді алуға ұмты­ла­ды. Бұл талпыныс негізді ме? Ло­­г­­о­­типіне бола көбірек ақша жұм­сау қаншалықты дұрыс деп ойлай­сыз? Әлде бұл жерде әңгіме тек бренд атауында емес пе? – Ең әуелі, люкс дегеніміз не, соны анықтап алайық, иә?! Кезінде Италия мен Францияда ханзада мен ханшайымдардың айрықша белгісі ретінде жасалатын заттар болған. Мысалы, алтын жалатылған әшекей деген секілді, оларды қара­пайым халықтан ерекшелейтін, олардың дәрежесін көрсететін бұ­йымдар... Қазір де люкс сегментке жататын брендтер өздерін көп адам­­ға қолжетімсіз етіп ұстап тұ­руға тырысады. Оларды екінің бірі сатып ала беретін болса, масс-маркетке айналып кетер еді. Сон­дық­тан да Louis Vuitton, Prada, Chanel секілді люкс брендтер өздерінің сатылмай қалған тауар­ларын өртеп жібереді, ешқашан ак­ция не жеңілдік ұйымдас­тыр­майды, бір адамға бірнеше данадан артық сатпайды немесе тіпті кейбір кісілерге сатудан мүлдем бас тартады. Бұл – олардың айналымда дефицит жасау арқылы өз беделін сақтап қалуға ұмтылысы. Ал адамдар неге люкс ұстағысы не кигісі келеді? Өйткені әлгі брендтер кісіге айрықшалық белгісін сыйлайды. Яғни, адамдар ақшаға бедел сатып алады. Тұр­мы­сы орташа кісілердің бренд тари­хын, құндылықтарын білмей жа­тып люкске ұмтылуы маған да тү­сі­ніксіз. Аты дардай брендтердің бәрінің бірдей заттары сапалы бол­майды. Мұнда тағы бір нақты­лап алатын жайт – брендтердің кол­лекциялары әртүрлі. Мәселен, брендтер қолжетімділігіне байла­нысты масс-маркет, бридж сегмент, премиум сегмент, люкс сегмент, от-кутюр болып бөлінеді. Armani Exchange, Calvin Klein, Michael Kors сияқты Қазақстанда люкске ба­ла­натын брендтер – шын мәні­нде қолжетімді масс-маркет. Бірақ олардың премиум коллек­циялары бар: мысалы, Michael Kors-та ол Runway Collection деп аталады. Қарапайым Michael Kors сөмкесін ұстап жүргендердің оны сатып алуға шамасы келмеуі мүмкін. Сон­дықтан брендті қымбат не арзан деп бөлерде оның осындай кол­лекцияларын да ескеру керек. – Бізде бағасы аспандап тұрған брендтердің заттарын шетелдік сайттардан төмен бағамен сатып алудың қандай жолдары бар? – Шетелдік интернет-дүкендер клиент тарту үшін, келген клиентті жібермей ұстап тұруы үшін түрлі маркетингтік амалдар қолданады. Мысалы, зат сатып алғаныңыз үшін келесі саудаңызда пайдалана алатын бонус сыйлайды, сайтқа тіркелген соң әр туған күніңізде сый­лық тарту етеді, «жабық жеңіл­діктерін» көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әр брендтің аутлет дүкенінің сайты бар, онда был­тырғы коллекцияларын үлкен жеңіл­дікпен сатады. Мысалы, Max Mara атты сапалы киім шығаратын италиялық сән үйі өзінің ескі кол­лекцияларын Intrend деген аутлетке өткізетінін көбі біле бермейді. Бірақ, бір қызығы, Intrend-ке түс­кен киімдердің биркасын кесіп тас­тайды, өйткені сол киімнің қандай коллекциянікі екенін әдейі құпия қалдырады. Егер сізге бирка маңызды болмаса, осындай жол­мен де сапалы әрі қолжетімді баға­дағы киім алуға әбден болады.

Өлшем таңдауды жасанды интеллектіге қалдырыңыз

– Сіз әлемнің әртүрлі бұры­шын­дағы елдердің интернет дүкендерін бес саусағыңыздай білетін мамансыз. Олардың әрбіріне тән өзіндік ерек­шеліктерін атап өте аласыз ба? Ба­ға­­сы, киім ассортименті, сайт жұмы­сы, тағы басқа жағынан... – Қай елдің де интернет дүкен­дерінің құрылымы бірдей. Олар тек ассортимент бойынша ерекше­ленеді. Мысалы, Қазақстандағы, Түркиядағы және Испаниядағы Zara сайттарын салыстыратын болсақ, ең кең ассортимент – соңғысында. Бағасы жағынан да Испаниядағы дүкен тиімдірек нұс­қа­ларды ұсынады. Өйткені Zara – олардың жергілікті бренді. Өлшем­дер бойынша да айырмашылық­тарды байқауға болады. Еуропалық, америкалық сайттарда XS-тен бас­тап L-ге дейінгі стандарт өл­шем­дер болса, азиялық дүкендер­дегі өлшемдер стандарттан сәл тарлау етіп тігіледі. Сосын батыс мемлекеттерінде big and tall деген өлшем де бар. Олар әрі бойы ұзын, әрі денелі кісілерге арналған. Бұл елдердің интернет дүкендерінде ер­­лер де, әйелдер де кие беретін уни­секс киімдер көп, есесіне азия­лық сайттардан ондайды тап­пай­сың. Динара Наметова – Өлшем демекші, кейбір адамдар соны дұрыс таңдамай қалам ба деген қауіптен де интернет шоп­пингке жоламайды. Оларға айтар қандай лайфхактарыңыз бар? – Расында, өлшемнен шатасу – онлайн шоппингтің бір кемшілігі. Бірақ жасанды интеллектінің жетіле түсуімен бұл проблема да шешіліп келеді. Мысалы, қазір кейбір сайттарда денеңіздің параметрлерін енгізсеңіз, жасанды интеллект сол брендтің өлшем стандарттарын ескере отырып, сізге қай өлшемнің көбірек дұрыс келерін анықтап бере алады. Ондай механизм жоқ болса, өлшем туралы ақпарат жазылған тұста кеуденің, белдің, бөксенің, я болмаса табан­ның ұзындықтары қандай өлшемге жататыны жазылады. Сол киімнің астында өзге адамдардың жазған пікірлері де сізге біраз мәлімет бер­уі мүмкін. Одан бөлек, көзілдірік брендтерінің сайттарында камера функциясы тұрады, ол жерден әр-түрлі виртуалды көзілдірікті өлшеп көріп, бетіңіздің формасына келетін-келмейтінін білуге болады. Қазір өзіміздегі Lamoda қосымша­сында да аяқкиімді солай аяғы­ңызға «онлайн түрде өлшеп» көруге мүмкіндік бар. Косметикаға онла­йн тапсырыс беруден де қорықпау керек. Кей сайттарда Try Me деген қызмет бар, ол арқылы кез келген косметикалық бұйымның шағын үлгісін (пробник) қоса ала аласыз. Тегін. Мысалы, крем алдыңыз де­лік. Әуелі әлгі үлгіні пайдаланып көресіз, егер сізге ұнамаса, толық өлшемдегі кремді өткізіп, ақша­ңызды қайтарып алуға болады. Бұл жағынан америкалық, еуропалық дүкендерде сауда жасау өте жеңіл. Оларға клиенттің ақшасынан гөрі әуелі пікірі қымбатырақ. Тіпті, толық өлшемдегі косметиканы пайдаланып, ұнамаған күнде де еш қиындықсыз дүкенге қайтара ала­сыз. Клиенттерге жасалған мұндай қолайлы жағдай уақыт өте келе адамдардың сол брендке не дүкенге адалдығын туғызады, олар клиентті осылай жинайды.

Түпнұсқаны фейктен қалай ажыратуға болады?

– Брендтерді сатып аларда оның түпнұсқа не фейк екенін де ажырата білу маңызды шығар. Әдетте баға­сына қарап, пайым жасай беруге бола ма? – «Тәжірибелі байердің фейк­терге сұмдық аллергиясы бар» деп әзілдейміз біз. Жоқ, баға – еш­қан­дай көрсеткіш емес. Қазір, өкініш­ке қарай, фейк пен түпнұсқа өнім­дердің бағасы шамалас келеді. Мысалы, менің үйімнің жанындағы дүкенде 50 мың теңгеге фейк Michael Kors сағаттарын сатады. Мен түпнұсқасын онлайн 60 мың тең­геге алдым. Заттың детальдарына мән беру керек: фурнитура, түймедегі жазу­лар – бәрі-бәрі анық әрі түзу болуы тиіс. Сапасынан да көрінеді: түп­нұсқа өнімдерде әдетте табиғи және қымбат материалдар пайда­ланылады. Ең тиімді әрі жеңіл амал­дардың бірі – штрих кодты тексеру. Google-ға «bar code check» деп жазасыз да, бұйымның штрих кодын енгізсеңіз болды, барлық ақпарат алдыңызға шығады. Егер затты жеке шоппер арқылы сатып алып жатсаңыз, одан трек-нөмір сұраңыз. Сол арқылы сауданың қайда жасалғанын білуге болады. – Кешбэктердің өзімен 15 млн тең­ге­дей пайда тауыпсыз. Саудадан жо­ғары кешбэк алудың құпиялары­мен бөлісіңізші. – Бағана айтып өткенімдей, АҚШ-та маркетинг өте жақсы дамыған. Оларда сайттарға клиент алып келудің өзі – үлкен жұмыс, өйткені бренд көп, бәсеке жоғары. Сондықтан дүкендер кешбэк сер­вис­термен жұмыс істейді. Кешбэк сервистер сайтқа клиент алып келеді, ал сайттар оларға өзінің бір пайызын бөледі. Мысалы, кешбэк сервис олардан 10% алса, оның 5%-ын сізбен бөліседі. Нәтиже­сінде, сіз де кешбэк аласыз, кешбэк сервис те кешбэк алады, дүкен де саудасын жүргізеді – үш жақ та риза. Қазақстанда кешбэктерді көбіне банк карталары арқылы ала аласыз, бұл тұста ең көп кешбэк беретін банк карталарын білу маңызды. Олардың кешбэгі бар, сервистің кешбэгі бар, ақшалай сыйақы беретін промокодтар бар – бәрін қосып, қомақты қаржы үнемдеуге болады. Менің кешбэк арқылы тапқан 15 млн теңгем де осылай жиналған. Бұл анау айт­қандай қиын шаруа емес. Мысалы, Қазақстанда әртүрлі дәрумендер сатылатын америкалық iHerb сервисі кең танымал, онда сауда жасаған адам сенің промокодыңды жазса, саған қосымша ақшалай бо­нустар беріледі. Бізде ұзынқұлақ жақ­сы жұмыс істейді: «пәлен деген туысым/танысым айтты» деген сөз­дің адамға ықпалы үлкен. Нә­тижесінде, өзің қолданып, игілігін көрген тауарларды жұртқа айтасың, олар да пайдалы өнімге ие болып қалады, бұл кеңесің үшін сервис саған бонус береді. Солай істеп-ақ iHerb-тен 5 мың доллар жинадым.  width=

Адам да, бренд те, мемлекет те жауапты

– Онлайн шоппингтің тілін білу әлемнің кез келген бұрышындағы дүкеннен кез келген затты қолже­тім­ді бағада сатып алуға мүмкіндік бе­ре­ді. Black Friday, Жаңа жыл кезін­дегі жеңілдіктер де көбімізді қызық­тырады. Бұл адамды бейберекетсіз­дікке, ысырапшылдыққа әкелмей ме? Одан қалай сақтануға болады? – Сән индустриясы – эко­логия­ға ең көп зиян келтіретін сала. Өйткені жылына миллионда­ған тонна киім тігіліп, миллион­да­ған тонна киім қоқысқа тасталады. Бірақ бұл мәселенің екі жағы бар. Қазір экологияға жанашырлық әлем бойынша трендке айналды. Табиғи жүннен тігілген ішіктердің ор­нына жасанды жүннен тігілген ішіктер көбірек насихатталады. Бірақ олар қоқысқа тасталған соң топырақта толықтай ыдырауы үшін жүз жыл уақыт керек екенін ұмы­туға тағы болмайды. Бір кездері плас­тик түтікшелердің орнына бам­буктан жасалғанын қолданайық деп аттандағандар да болды. Дү­ние­жүзіндегі сұранысты қанағат­тандыру үшін қаншама өсімдікті кесу керек екенін елестете беріңіз. Бүгінде брендтер экологияға қамқорлықты көздейтін түрлі бағ­дарлама ұсынып жатыр. Мы­салы, H&M керексіз киім-кешекті қабылдап, оны өткізген адамға жеңілдік беретін бағдарламаны шығарды. Олар әлгі қабылданған киім-кешекті автомеханика сала­сында кәдеге асырды. Байқасаңыз, Mercedes көліктерінің ішкі жағын­дағы деним материалы сол қалдық­тардан жасалған. Бұл – брендтерге тиесілі жауапкершілік. Мемлекет те өз тарапынан ба­қы­лау, салықтық реттеулер жасауы керек. Мәселен, H&M-нің баға­нағы бағдарламасы Ресейде дұрыс жүзеге аспай, оның арты үлкен шуға ұласты: қабылданған киім-кешек қайта өңдеуге жіберілмей, сатылымға қайта түскен. Сон­дық­тан бұл жерде мемлекеттің де ара­ласуы маңызды. Ал адамдарға келсек, бізге де өзіміздің әрекетімізге есеп беруге тура келеді. Осы тұста швед фило­софиясына негізделген Лагом прин­ципінің пайдасын айтуға болады. Ол – қоршаған ортадан өзіңе керектіні ғана алуды наси­хаттайтын концепция: қажетсіз зат сатып алма, өзіңе керексіз дүниені басқаға бер. Осылай проблема үшжақты қарастырылғанда ғана оң шешімі табылады. Жеңілдік уақытына келсек, шын мәнінде Black Friday – сауда жасауға оншалықты қолайлы кез емес. Мұны жай ғана маркетингтік амал деуге болады. Көпжылдық шоп­перлік тәжірибемде көзім жеткені – нағыз ұтымды сауданы қыс пен жаздың соңында, яғни маусым аяқталарда жасау керек. – Қызықты әңгімеңізге көп рақмет!