Бүркеу қиын бұрмалаумен буллингті
Бүркеу қиын бұрмалаумен буллингті
512
оқылды
Мектептегі өмір мінсіз емес. Себебі ол жерде де үстемдік құратындар мен қорлық кө­ретіндер бар. Айталық, соңғы он жылда 14 жастан асқан балалардың 65 пайызына мектепте әлімжеттік жасалған. Ендеше буллинг бүгінгі күннің басты мәселесі. Жақында Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарындағы буллингтің алдын алу ережелерін бекітті. Жәбір көрсету мәселесін шешу жолдары айқындалған құжат дайындалды. Бұл ереже мектептегі буллингті азайтуға қаншалықты қауқарлы? Соңғы жылдары мектептегі буллинг мәселесі мемлекеттік деңгейде жиі айтылып жүр. Себе­бі айналасынан қыспақ көріп, тәлкекке түскен жастар кейін есе қайтаруға тырысып, қылмысқа баруы ғажап емес. Бұл фактор­лар білім ордаларындағы буллинг­пен күресті күшейтудің ма­ңыз­ды­лы­ғын көрсетеді. Мем­лекет басшы­сы жазда өткен Үкі­меттің кеңей­тілген отырысында буллинг мә­селесіне тоқталған еді. Мем­лекет бұл ке­селден арыла алмағанына, мектеп қа­быр­ға­сында зорлық-зомбы­лықтың көбейіп кеткеніне алаң­даушылық білдірді. Мұны жауап­ты органдар мектептерге жаппай бейне­бақылау камерасын орна­тып, оны полицияның жедел ден қою орталықтарына қосу арқылы шешуі тиіс еді. Бірақ аз жиын­тықты ауыл мектептерін қос­па­ған­ның өзінде толық жаб­дық­­талған мектептердің 65 пайы­зын­да, яғни 3 мың мектепте бей­не­ба­қылау жүйесі талапқа сай емес, кейде мүлдем жұмыс істе­мей­ді. Алматы, Жамбыл, Қоста­най және Маңғыстау облыста­рын­да балалар мен жасөспірім­дердің өз-өзіне қол салуы, яғни суицид оқиғалары көбейіп бара­ды. Сол себепті ел Президенті ба­лаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, суицидтің алдын алуға, әрбір баланың құ­қығын қамта­масыз етуге арналған кешенді жоспар әзірлеуге тап­сырма берді. Құжат қағазбастылықты көбейте ме? Мемлекет басшысының тап­сырмаларын негізге алған Оқу-ағарту министрлігі жақында білім беру ұйымдарындағы буллингтің алдын алу ережелерін бекітті. Жәбір көрсету мәселесін шешу жолдары айқындалған құжат «Ашық» НҚА порталында жа­рияланды. Құжатта көрсетілген­дей, буллингтің алдын алу үшін білім беру ұйымының басшысы оқу жылының басында жоспар әзірлейді. Оған сәйкес, атқары­ла­тын жұмыстардың мерзімі, нә­тижелері мен жауапты мамандар бекітіледі. Жоспарға сай, буллинг­тің алдын алу мәселелері бойынша білім алушылар мен тәрбие­ле­нушілерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, білім алу­шылар мен тәрбиеленушілерді, баланың заңды өкілдерін баланы жәбірлеуге жол берілмейтіні ту­ралы жазбаша және ауызша нысанда хабардар ету, буллинг белгілеріне шағымданған білім алушылар мен тәрбиелену­ші­лердің арызына дереу ден қою сияқты кешенді шаралар қолға алынады. Осылайша, жергілікті атқарушы органға не білім беру ұйымына баланы жәбірлеу туралы ақпарат түскен бойда жауапты тұлға шағымды есепке алу жур­налына тіркейді. Кейін бұл жағдай 1 күн ішінде басшыға жеткізіледі.
«Ақпарат келіп түскеннен ке­йін бір жұмыс күні ішінде сынып жетекшісін, педагог-психологті тар­та отырып, буллингке ұшыра­ған баламен, сондай-ақ жәбір көр­сетушімен және олардың заң­ды өкілдерімен әңгіме жүргізеді. Жиналған деректер негізінде 2 жұмыс күні ішінде баланы жәбір­леуді тану немесе мойындамау туралы шешім қабылданады. Осы аралықта буллингке байланысты жанжалды бейбіт жолмен реттеу жөнінде шаралар қабылдау ұсы­нылады. Егер медициналық ай­ғақ­тар болса, зардап шеккен ба­лаға медициналық көмек көрсе­тіледі», – делінген құжатта.
Ереже бойынша буллинг фактісі анықталған кезде білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары дереу ішкі істер органдарына жазбаша хабарлама жолдайды. Құзырлы орган жағдайды зерттеп, қылмыстық іс қозғау немесе одан бас тарту туралы шешім қабыл­дайды. Құжатта жазылғандай, жәбір көрсеткен бала мектепішілік есепке алынып, оның мінез-құл­қына 6 ай мониторинг жүргізіледі. Осы аралықта оң өзгеріс бай­қал­маса, онда булинг бастамашысы туралы ақпарат кәмелетке толма­ғандар істері жөніндегі комис­сияға жіберіледі. Білім сарапшысы Өмір Шы­ныбекұлының айтуынша, мектеп жеке өзі бұл мәселеде ештеңе жасай алмайды.
– Жалпы, бәріміз ашулан­шақ­пыз. Бір-бірімізге кішірейгіміз кел­мейді. Мұндай мәселе тек жас­өспірімдердің емес, ересек­тердің де арасында кездеседі. Бул­лингтің басты себебі – агрес­сия. Ал балалар арасындағы бул­лингті мұғалім мен директор ше­ше алмайды. Министрліктен шық­қан құжат бар болғаны қағаз­бастылықты көбейткеннен өзге пайда әкелмейді,– дейді Өмір Шыныбекұлы.
Иә, буллингті шешу жолдары айқындалған құжат бойынша, педагогтер арнайы есеп журналын ашып, жәбір көрген балаларды тіркеп отыруы керек. Бұл онсыз да құжаттан жауыр болған мұға­лімдерге екі есе жүк. Буллингті болдырмаудың жолдары Ал заңгерлер бұл шара­лардың буллинг мәселесімен кү­ресте әлі де болса жеткіліксіз екенін айтты.
– Оқу-ағарту министрлігінің қабылдаған құжаты орынды деп есептеймін. Бірақ заңгер ретінде оқушыларды жауапкершілікке тар­ту туралы айтқан сөздерімен келіспеймін. Себебі жасөспі­рім­дерді бүгін жазаға тарту, ертеңгі болашағына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мектептегі буллингтің қаншалықты дәрежеде болғанын арнайы комиссия қарауы керек. Бұл мектеп директорының жалғыз өзі шешетін мәселесі емес. Ата-аналар, психологтер мен құзырлы органдар ақылдаса отырып жан-жақты саралағандары жөн, – дей­ді заңгер Меруерт Қойай­дарова.
Оның пікірінше, буллингтің алдын алу үшін мектепте сынып сағаттарын жиі өткізу керек. Осы мәселеге мектеп басшыларымен қатар, мұғалімдер, ата-аналар да жауапкершілік танытуы керек. Буллингке қатысы бар балалардың отбасылық жағдайына үнемі мо­ниторинг жасап отыру керек. Се­бебі бала үйде не көрсе, соны басқа ортада қайталайды. Ал буллингтің құрбаны болған ба­лалардың ара­сында суицид жиі кездеседі. Мамандар буллинг балалар тарапынан ғана емес, мектеп және педагог тарапынан да жаса­латынын еске салады. Мысалы, Алматы қаласының тұрғыны Анна Орлова буллингтен жәбір көргеннен кейін баласын басқа мектепке ауыстырған. Ол ұлына қауіп төніп тұрған кезде бейжай қарап отыра алмайтынын айтады.
– Осы оқу жылының басында 3-сыныпта оқитын балама жоғары сынып оқушылары әлімжеттік жасаған. Менің ойымша, мектеп бұл мәселені шешкісі келмеді. Бастапқыда мән бермей, кейін барлық кінәні бізге, яғни баланың өзі мен отбасына аударуға ты­рысты. Қазір адвокат көмегімен болашақта балаларға қауіп төнбеуі үшін тәуелсіз кешенді тексеру өткізуді сұрап жатырмын, – деді Анна Орлова.
Психолог Лимана Құттыбек­қызының айтуынша, аяқ астынан туындайтын жанжалды тоқтатуға болады. Оған ұстаздар мен ата-ана араласуы мүмкін. Ал буллинг жоспарлы түрде жасалып, ұзаққа созылады. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдерге қорлау белгі­лерін тану және буллингті кон­фликтен, яғни жанжалдан ажы­рату өте маңызды. Бұл – оқушылар арасындағы кемсітуді тоқтатудың алғашқы қадамы.
– Булингке өз-өзіне сенімі тө­мен, ата-анасынан жиі ұрыс ес­титін, құрбан болуға бейім ба­лалар ұшырайды. Өйткені ол жүрген жүрісімен-ақ агрессордың көзіне түседі. Ал буллинг жасай­тын жасөспірімдер керісінше сенімді, жарқын сөйлейді. Көп­шілігі жасаған әрекетін ақтап ала алады, – дейді психолог.
Оның айтуынша, бірінші ке­зекте, кез келген ата-ана бала­сы­мен ашық және жиі сөйлесіп тұ­руы қажет. Буллинг тақырыбында көбірек сөйлескен жағдайда ғана баланың қысымға ұшырағанын не қатарластарынан көргенін айта алады. Мектептегі уақыты қалай өткенін, интернетте не істейтінін сұраған жөн. Тек сабақ үлгерімі емес, баланың сезімі, қатарлас­тарымен қарым-қатынасы жайлы да сөйлесу қажет. Буллингке ұшы­раған балалар көбіне мектепте не болып жатқанын ата-анасына айтуға қорқады. Қысым көрген баланың мінез-құлқында да өзгерістер болады.
– Бала біреу оны ренжіткен болса, бұл туралы мұғалімдерге немесе ата-анасына айтуға құқы­лы екенін анық білуі керек. Сон­дықтан баламен ашық диалог құрып, көп сөйлесу қажет. Балаға психологиялық және эмоционал­дық қолдау жасап, оның жағында екенін сезіндіру керек. Әдетте буллингке ұшыраған баланың қызығушылығы жоғалады. Мы­салы, сурет салуды ұнататын ба­ла­ның оған деген қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Оқу үлгерімінің нашарлап, мектепте барудан бас тартуы мүмкін, – дейді психолог.
Министрлік тарапынан қа­былданған құжаттың буллингке қаншалықты тосқауыл қоя ала­тынын уақыт көрсетеді.