«Көк трактор» – көп сұрап тұр
«Көк трактор» – көп сұрап тұр
433
оқылды
Елімізде агроөнеркәсіп саласында пайдаланып жүрген техника атаулының 60%-ы – ескі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, республикамызда тіркеуде тұрған трактордың саны 152 600-дің үстінде және 41 мың комбайн бар. Алайда санда бар техниканың сапасы төмен. Мамандар нормативтік-техникалық құжат бойынша бір трактордың эксплуатациялық мерзімі 10-12 жыл, одан асқан соң ескі деп саналатынын айтады. Ал біздегі 152 мың трактордың 84%-ның, ал комбайндардың 54%-ның жүрілгеніне 15 жылдан аса уақыт өтіпті.
Қазір ауылға бара қалсаңыз, көп үйдің ауласынан, бақшасынан қаңтарылып, қалқиып тұрған тракторды байқайсыз. Көбі «трактор» деп ауыз толтырып айтуға да келмейді, тот басқан, тоналған темір қаңқа ғана. Жөндеп, жүргізген – шығын. Сатуға қойсаң құны жоқ. Әйтеуір кешегі кеңестік дәуірдің ескірген естелігіндей болып орын алып тұрған құнсыз мүлік.
Ресми деректерге қарағанда, ауылдық жерлерде жүруге жарамайтын, тек қағазда тіркеудегісінің саны 19 мыңнан асады. Қысқасы, үйіліп қалған көп темірді утилизацияға жіберетін уақыт жеткен. Утилизация демекші, 90-жылдары Қытайға темір өткізу бизнесі белең алғаны есте. Бұл процестің ол уақытта өте жабайы түрде, әрі көпе-көрнеу ұрлықпен қоса жүргізілгені сонша, жазды күні есік алдынан алюминий  қол жуғышты «үптеп кету» көбейген соң ауыл тұрғындары жатарда қолжуғышты үйге алып кіретін жағдайға жеткен болатын. Дегенмен, Қытайға темір сату ісінің жақсы жағы да болды. Қазақ даласы кеңестік индустриядан шашылып қалған, шапқан аттың аяғын қағатын темір-терсектен бір құтылып қалды. Әйткенмен, ондай әдіс енді тиімсіз. Батыс Еуропа мемлекеттері утилизацияны заманауи әдіспен жүргізу арқылы автомобиль өндірісін 95%-ға өңдеуге болатынын дәлелдеуде. Қазір еліміздің Үкіметі де бұл механизмді  қарастырып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп дайындап жатқан жоба бойынша алдағы уақытта тозған техниканы кәдеге жарату түбегейлі қолға алынбақ. Яғни, ауылдағы ағайын ескі техникасын өткізіп, жаңасын сатып алуға сертификат ала алады. Десе де бір кілтипан – утилизацияның пайыздық мөлшерлемесінің төмендігінде. Мәселен, алыстан мысал келтірмей-ақ, көрші Ресейде ол  12%-дан жоғары, ал біздегі ұсынылып отырған мөлшер – 8-10%. Демек, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту үшін жалғыз бұл әдіс нәтиже бере қоймасы анық. Елімізде агроөндіріс саласына жаңа техниканы лизинг арқылы жеңілдікпен беру әдісі де бар. Яғни, жылдық мөлшерлемесі 7%-бен алуға мүмкіндік беретін «ҚДБ-Лизинг» бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Осы бағдарламаның арқасында тек өткен жылы 200 дана жаңа жабдық сатып алыныпты.
Бүгінде Семей қаласындағы «СемАЗ» зауыты әйгілі Минск трактор зауытының (МТЗ) бірнеше маркасын құрастырып, шығаруды қолға алған. Кәсіпорыннан жабдықталып шығатын «Беларус 80.1», «Беларус 82.1», «Беларус 1221.1» маркаларын лизинг арқылы 7% субсидия қаржысымен алуға болады. Бірақ  субсидия талаптарына жауап беруге ауылдағы ағайынның түгелдей мүмкіндігі келе бермесі анық. Ірі шаруашылықтар болмаса, кішігірім қожалықтарға 7 пайыздың өзі үлкен салмақ. Оған қоса, қысқы мал азығын дайындау үшін жалғыз трактор емес, ең бірінші шөп шабатын тіркеме (косилка) қажет. Оны сатып алу да ақша.
Мәселен, үш шалғылы КТП-6.0 тіркемесінің satu.kz сайтындағы бағасы 1 350 000 теңге деп тұрса, екі шалғылы КДФ-4,0 косилканың бағасы 800 000 теңгеден басталады. Ал, шабылған шөпті тырмалап жинайтын тіркеменің (грабл) бағасы 150-200 мың теңгеден басталады. Баяғы совхоз кезінен қалған тырмалардың тозығы жеткен, шөп жинаған сайын «темір тісі» сынып кете бергендіктен жинаған шөбі де мардымсыз. Сол себепті шаруашылықтар қазір шөпті престеп жинау әдісіне көшкен. Алайда оған екінің бірінің қолы жете бермейді, престейтін тіркеменің (пресс-подборщик) құны 1 000 000 теңгенің айналасында. Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығы өкілдерінің мойнындағы шығын шаш-етектен.
2018 жылы «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев республика бойынша техника атаулының материалдық тозуы салдарынан Қазақстанда 95 млрд теңге жөндеу жұмыстары мен жанар-жағармайды артық жұмсауға, яғни шығынға әкеліп отырғанын мәлімдеген.
Мамандардың айтуынша, салаға жыл сайын бөлініп жатқан субсидиялар мәселені толық шешуге жетпейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда жұмыс сапарымен Солтүстік облыстарға барғанда ауылдағы тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде жүйелі шаралар қабылданатынын, агроөндіріске жас ғалымдарды тарту керектігін айтты. Сондықтан, Үкімет алдағы уақытта аграрлық саясатты жан-жақты жүйелеп қарастыратыны сөзсіз. Бауыржан САБЫРБЕК