Мәжілістің жалпы отырысында әскери полиция органдары, кәсіптік біліктілік, азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мен банкроттығы туралы заң жобалары мен оларға қатысты ілеспе жобалар бірінші оқылымда мақұлданды. Екінші оқылымда депутаттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулерді қарап, Сенатқа жолдады. «Әскери полиция органдары туралы» заң жобасы мен ілеспе түзетулер Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық ұланының әскери полиция органдарының, мәртебесін, құзыретін, қызметін ұйымдастыру мен тәртібін айқындауға бағытталған.
«Әскери полицияның міндеті, құзыреті, құрылымы, өкілеттігі, өзара іс-қимыл жасауы өзгертіліп, функциясын заңмен бекіту көзделеді. Әскери полиция органының әлеуетті ведомствоға қатыстылығы, бағыну тәртібі, олардың өзара және басқа да мемлекеттік органмен іс-қимыл жасау тәртібі реттеледі. Бірдей қолданып түсіну үшін «қызметкер» ұғымы «әскери қызметші» ұғымымен ауыстырылады. Әскери полиция органының саяси партиядан дербес болу принципі енгізіледі. Қаруды, арнайы құралды, адам күшін қолдану регламенттеледі», – деді жоба жөнінде баяндама жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, мәжілісмен Константин Авершиннің айтуынша, ілеспе заң жобасында екі кодекс пен төрт заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Олардың бірі бойынша Президент пен Қорғаныс министрлігі әскери жоспарлау жүйесін бекітуге және дамытуға өкілетті. Мәжілісмендер «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобалары жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады. Оның айтуынша, негізгі заң жобасында Ұлттық біліктілік жүйесінің толық құрылымы ұсынылады. Ол ұлттық және салалық біліктілік шеңберін, еңбек нарығындағы қазіргі және сұранысқа ие кәсіптердің тізілімін, кәсіби стандарттарды және басқа да құрамдарды қамтиды.
– Заң жобалары кәсіптік біліктілікті тану тәртібіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу мақсатында әзірленген. Олар қызметкерлерді өз құзыреттілігін арттыруға ынталандыруға және еңбек пен білім беру салалары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған, – деді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Юрий Жулин.Юрий Жулин біліктілік туралы заң жобаларын қабылдау жұмысшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға құқықтық жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ депутаттар жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев үш түрлі рәсім енгізілгенін айтты. Оның сөзінше, үш рәсімді де тек борышкер ғана бастай алады, ал несие берушінің бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.
«Бірінші – соттан тыс банкроттық рәсім. Оған азаматтар банктер, микроқаржылық ұйымдар мен коллекторлар алдындағы берешек 4,9 млн теңгеден аспаса және ресми кірісі жоқ немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын (36 018) табысы болса өтініш бере алады. Сомасы 4,9 млн теңгеден асатын қарыздар және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Бұл рәсімде борышкердің мүлкі сатылып, түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Ал төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады», – Е.Жамаубаев.Министр жалпы аталған заңды іске асыру азаматтардың борыштық жүктемесін азайтуға, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету және қаржылық сауаттылықты арттыруға, қарызды өтеуге ынталандыруға мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ Мәжіліс 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты хаттаманы ратификациялады. «Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы» заң жобасын және оған ілеспе түзетулер мен толықтыруларға Сенат енгізген өзгерістерді қарап, мақұлдады.