Бәрінен де тыныштық маңызды
Бәрінен де тыныштық маңызды
278
оқылды
Юрий ЖУЛИН, Мәжіліс депутаты: Қаңтар оқиғасы еліміз үшін тосын оқиға болғаны рас. Ол біз­дің тарихымызда сол қаралы қалпында қалмақ. Бұл тек би­лікке емес, қо­ғам үшін де үлкен сабақ болды. Оның әсерінен жыл бойы әлі де болса арыла алмай келеміз. Болған жайды толық түсіну үшін бір жыл аз. Өйт­кені әлі белгісіз, тү­­сініксіз нәрселер көп. Алда оның бәрі де айқындалар. Бір тұс­та ашық жария болып, бір тұста заң­намаға сәйкес жабық тал­қы­лауға тура келер. Бірақ бүгінде бір нәрсе анық – Қаңтар оқиғасы туралы бір нәрсені жасы­рып қалу мүлдем дұрыс емес екені. Оны бә­ріміз де түсініп отырмыз. Өйткені «оқиғаға кім кінәлі, ұйым­дас­ты­ру­шылары кім еді, олардың сыр­тын­да кім тұр, түпкі мақсаттары қан­дай?» деген сұрақтарға жауап бері­луі керек екенін билік жақсы біліп отыр. Біз бәріміз де еркімізден тыс түрлі дәрежеде сол оқиғаның қа­ты­сушысы болдық. Екіұдай бел­гісіз­дікті бастан кешірдік. Сон­дықтан да дәл қазіргі уа­қытта оған объек­тивті баға бере алмасымыз анық. Ол үшін бел­гілі бір уақыт өткені қажет. Қаңтар оқиғасы еліміздегі демократиялық үрдістерді тез­дете түсуге мүмкіндік берді. Сон­дықтан да мұндай үрдіс оған дейін бол­мады деп айту дұрыс емес болар. 2019 жылдан бері қарай елімізде демократиялық, соның ішінде саяси бетбұрыс­тардың төрт пакеті қабылданды. Биылғы реформалар соның жал­ғасы – бесінші топта­масы. Иә, биылға дейін бұл үр­дістің өте баяу жүргені рас. Қаңтар оқиға­сының себебі тек газдың баға­сы­ның өсуінен болды деп айтуға болмайды. Ол – жылдар бойы қор­даланған проблема­лардың нәтижесі. Бірінші ке­зекте әділдік жетпеді. Соның кесірінен әлеу­меттік жарылыс туындады. Сон­дықтан да Пре­зидент өзінің сая­сатының негізі етіп Әділетті Қа­зақстанды құру мақсатын алып отыр. Яки, қа­зақстандықтар ендігі жерде жергілікті билік өкілдерін де өздері сайлап, оларға сенім арта алатын болады. Сол арқылы ха­лықтың билігі нығая түспек. Біз бұған дейін элита мен қоғамның бөлек-бөлек өмір ке­шіп жат­қанын көрген болсақ, енді олай болмауы тиіс. Прези­дент соңғы өткен Үкі­меттің ке­ңей­тілген отырысында билік пен халықтың арасындағы жік терең­дей түссе, төтенше оқи­ғалар қау­пі де белең алатынын атап өтті. Ендеше біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халықтың өз өмірі мен болашағы үшін жауапкершілік пен құ­зіретті билікпен бірге бө­лісетіні туралы Конституцияда да нақты бекітілген. Бізге осы реформаларды жүзеге асыру үшін уақыт керек. Қай нәрсені де бас­тау қиын демекші, бас­тапқыда бәрі рет-ретіне келуі үшін күрделі ке­зеңді бастан кешетініміз рас. Бұл кезеңде билік заңнаманы өздері сақтап қана қоймай, оның аза­маттар арасында да сақталуын қамта­масыз етуі тиіс болса, қоғам осы жолда оның тірегіне айналуы керек. Сондықтан да бәріміз үшін өтпелі күрделі кезең тұр. «Кеме­дегінің жаны бір» демек­ші, тұ­рақтылық пен тыныш­тықты шай­қау үшін әрекет ететін күш­тердің болуы әбден мүмкін. Біз үлкен шыдам таны­тып, қиын­дық­тарға қарамастан ауыз­бірлік­пен осы кезеңнен аман-есен өту­ге бір кісідей атсалысуымыз керек. Міне, биыл келіп жеткен Тәуел­сіз­дік мерекесі біз үшін осы сы­на­ғымен қымбат болғалы тұр.