Тәуелсіздікті қастерлеу – елдігіміздің нышаны
Тәуелсіздікті қастерлеу – елдігіміздің нышаны
659
оқылды
Биылғы 25 қазанда қазақ елі Рес­публика күнін жоғары деңгейде дүр­кіретіп атап өтті. Себебі 1990 жылы осы күні Қазақстан Егемендiк дек­ла­рациясын қабылдау арқылы бар игі­лігіміздің бастауы болған Азаттыққа ден қойғанын әлемге жариялады. Әйт­кенмен, Қазақстанның іс жүзінде бо­дандықтан құтылып, бостан өмірге аяқ басуы, тәуелсіздікпен бірге елі­міз­дің еркін тынысының ашылуы 1991 жылғы 16 желтоқсаннан кейін ға­на мүмкін болды. Бұл тарихи күн со­нысымен ардақты. Тиісті заңдық құ­­жатқа сүйеніп, әлем елдері Қазақ­стан­ды тәуелсіз мемлекет деп рес­ми таныды. Бұл заң сонысымен құнды. Биыл Тәуелсіздік күнін той­лауға өңірлер желтоқсанның басында кірісті. Көшеде ұлттық ұлық мейраммен құттықтаған билбордтар пайда болды. Әр өңір мерекелік шаралардың тізімін жасап, ақпарат құралдары арқылы алдын ала жариялады. Осының бәрі мемлекеттің асыл атауы бар бұл мейрамға да баса көңіл бөле­тінін көрсетсе керек. Азаттық қан­ша дәріптесе де лайық құн­ды­лық. Оны мадақтағаннан, мақтан тұтқаннан ұлт та, ұрпақтар да тек ұтады. Қолда бар алтынның қа­дірін біліп, тәуелсіздігімізді айрық­ша ұлықтау маңызды. Сонда азат­тығымен бірге Қазақ елі алып бәйтеректей, тамырын тереңге тартқан сайын шоқтығымен көкке ұмсынып, салалы бұтақтары жа­сыл желекпен көмкеріліп, көсегесі көгере түседі. Оның алтын тамыр­лары қасиетті Қазақстанның киелі топырағынан қуат ала береді. 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңы қабылдан­ды. Алғаш рет республи­каның атауы Қазақстан болып ресми бекіді. Әйтпесе, Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесінің 1990 жылғы 25 қазандағы №307-XII тарихи қау­лысы «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларация жө­нiнде» деп аталғаны мәлім. Жалпы, Егемендік деклара­ция­сы жарияланғанымен, ел Ке­ңес одағының құрамында қала берді. Мұның сыртында деклара­ция Қазақстанның сыртқы сая­сатты дербес жүргізетінін кепіл­дендірмейтін. Мысалы, онда Қазақ КСР-інің билiгi «Одақтық шартта белгiленген шеңберде» ғана сыртқы қарым-қатынаста дербес болатыны анықталды. Біраз мәселеде ары қарай Мәскеудің ке­лісімін алу қажет еді. Оның үс­тіне, дүниежүзіндегі өзге мем­ле­кеттер бір ғана декларация негізін­де елімізді тәуелсіз субъект ретінде мойындай алмады. Тек 1991 жылы Тәуелсіздік туралы конституция­лық заң қабылданған соң Қа­зақстан тәуелсіз мемлекеттің рес­ми әрі заң жүзінде бекітілген мәр­­тебесіне ие болды.
Тәуелсіз Қазақстанның тұң­ғыш Ата заңын жасаушылардың бірі, академик Сұлтан Сартаев 1991 жылғы желтоқсандағы сол тағдыршешті күндерді былайша еске алған еді: «Маған 16 желтоқ­санда, Жоғарғы Кеңестің отыры­сында Тәуелсіздік туралы конс­ти­туциялық заңының жобасы туралы сөз сөйлеу тапсырылды. Баянда­маны бір деммен жасап шықтым деуге болады. Әсерлі сәт еді. Заң жобасы депутаттардың басым даусымен қабылданды. Осынау ұлы тарихи оқиғаға орай барлық депутат орнынан үдере көтеріліп, қызу қол шапалақтады. Арада 30 минут өткенде жаһан елдері ара­сында бірінші болып Түрік Рес­публикасы Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп танығаны мәлім болды. Түркиядан соң Румыния таныды. Жарты айдан соң АҚШ және бұрынғы одақтас респуб­ликалар ресми мо­йындады. Қазақ елінің шын тә­уелсіз болғанын, азат Қазақ­станды әлем танығанын ұғындық», – деп еске түсірді академик.
Заңның бәсі декларациядан жоғары Белгілі ғалым, профессор, заң ғылымдарының докторы Дәулет Байділдиновтің түсіндіруінше, 1990 жылғы Мемлекеттік егемендік туралы декларация республика­мыздың азаттығының негізін қа­лады. Ал Мемлекеттік тәуелсіздік туралы конституциялық заң сол азаттықты нығайтты, ел тәуелсіз даму жолында алға қарыштады. Осы заң қабылданған соң елдің еге­мендігі мен тәуелсіздігін жоға­ры деңгейде бекіту процесі аяқталды. Осы бір жыл ішінде толық тәуелсіздік алуға дайындық жұ­мыстары жүргізілді. Мысалы, 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» №1000-XII заңын қабылдады. Бір беттен тұ­ратын заңда: «1. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілсін. 2. Қазақ КСР Конституциясы мен Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі тура­лы декларацияға, Қазақ КСР заң­дарына және Қазақ КСР мем­лекеттік органдарының өзге де актілеріне тиісті өзгерістер енгі­зілсін» деп жазылған. Тәуелсіздікті қастерлеу Сарапшылардың түсінді­руін­ше, бұл заң конституциялық деп аталмағанымен, сипаты жөнінен сондай болатын. Ол елдегі тарихи тағы бір бетбұрысты айшықтады: атап айтқанда, республиканың атауынан мемлекеттің таптық негізде ұйымдастырылу көрінісі жойылды. Қазақстан енді кеңестік те емес, социалистік те емес. Со­нымен бірге республика атауында халықтық немесе демократиялық деген айқындауыштарды қосу туралы идеяларды Парламент қа­растырмады. Бір топ депутаттың «Қазақ республикасы» деп атау жөніндегі ұсынысы да қабылдан­баған. Қазақ КСР Жоғарғы Ке­ңе­сінің анықтамасында айтыл­ған­дай, осы арқылы «Республиканың көпұлтты халқының адам құқы мен бостандықтарының мызғы­мастығына, қоғамның саяси, эко­номикалық және идеологиялық жағынан сан алуандығына негіз­делген демократиялық, тәуелсіз, бейбітшілік сүйгіш, құқылы мем­лекет құруға ұмтылысы» басшы­лыққа алыныпты. Ақыр соңында 16 желтоқ­сан­дағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңында Қазақ­стан Кеңес одағынан тәуелсіз мемлекет ретінде бекітілді. Азат мемлекетке ғана тән элементтер алғаш рет нықталды. Нақтыласақ, біріншіден, Қазақстанның бірың­ғай азаматтығы бекітілді. Ал Еге­мендік декларацияда қос азамат­тық, яғни Қазақстан мен КСРО азаматтығы сақталған-тын: «Қазақ ССР-інің өз азаматтығы бар және ол әрбiр азаматқа ССРО азамат­тығын сақтауға кепiлдiк бередi». Екіншіден, еліміздің мемлекеттік органдары жүйесінің дербестігі жарияланды. Салыстырар болсақ, декларацияда Қазақ КСР Бас прокурорының кандидатурасына Республика Президентi КСРО Бас прокурорының келiсімін алатыны жазылған еді. Үшіншіден, Қазақстан төл армиясын жасақтауға мүмкіндік алды. Себебі, Егемендік деклара­циясында оған тек ішкі әскерін иеленуге құқық берілген еді: «Қазақ ССР Жоғарғы Советi мен Қазақ ССР Президентіне бағы­на­тын және солардың бақылауында болатын өз iшкi әскерлерiн, мем­лекет қауiпсiздiгi және ішкi iстер органдарын ұстауға Қазақ ССР-нің правосы бар» делінген декла­рацияда. Тәуелсіздік туралы конс­титуциялық заң арқасында Пре­зидент Жарлығымен 1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның Қарулы күштері құрылды. Маңызды бір белес сол, осы заң аясында Қазақстан тәуелсіз мем­лекет мәртебесіне сай эконо­ми­ка­лық жүйесін қалыптастыра алды. Еліміз аймақ елдері арасында ал­ғашқылар қатарында кеңестік жос­парлы экономикадан бас тартып, нарықтық экономикаға көшті. Егемендік пен тәуелсіздік тел ұғым Заңгер ғалым Салтанат Мұха­меткәрімова егемендік пен тәуел­сіздік ұғымдарының айырмашы­лығына назар аудартты.
«Қоғамда, тіпті сарапшылар арасында осыған қатысты пікір­талас туып тұрады. Мысалы, еге­мендікті тәуелсіздіктің қалыпта­суы­ның бастапқы сатысы санап, оны қазір ескірген ұғым ретінде қолданудан бас тартуды ұсынған саясаттанушылар мен саясаткерлер болды. Шынында олай емес. Еге­мендік немесе француз тілінен тараған суверенитет ұғымы заңға жақын. Заң ғылымы бойынша мем­лекеттің егемендігі – оның мем­лекеттік билігінің ел ішінде үс­тем болатынын және оның сырт­қы саяси салада дербес қи­мыл­дайтынын, өзгеге тәуелді бол­майтынын білдіреді. Ғылымда тә­уелсіздік тек бір ірі жүйеден бө­лініп шығуды білдіреді. Бұл тұр­ғыдан алғанда, 1991 жылғы заңды да Егемендік туралы деп атауға болатын. Бірақ азаттық сияқты, тәуелсіздік сөзінің оң эмоцио­нал­ды, жарқын реңкі бар. Ол халық­тың бостандыққа деген ерік-жі­герін паш етеді. Сондықтан қоғам­дық сана осы сөзді рухты, жанынан жақын көреді», – деді ғалым.
Яғни, ұлтымыз үшін асыл қос ұғым бір-біріне еш қайшы емес, қайта бірін-бірі рух пен заң тұрғы­сынан толықтырып тұрады. Тоталитарлық кеңес заманында тәуелсіз отауы болмағандықтан, Қазақ елі шынайы егемендіктен жұрдай болды. Республикамызға өзге республикалармен, ұйым­дар­мен өз бетінше қатынастар ор­натуына тыйым салынды. Мәскеу­дің келісімімен, сол рұқсат еткен елдермен ғана ынтымақтасуға жол ашылды. Республиканың тапқан-таянғанын орталық тартып алды, қазба байлықтарды сол әкетіп, бізге тек шаңы қалды. Қазақстан ол дәуірде өз мұнайын, өзге қа­зы­насын өзі шетелге экспорттай ал­майтын. Салдарынан қаржылан­дыру мәселесінде ел Мәскеуге тә­уелді болды. Қазақ халқына мә­дени және тарихи дәстүрлерін сақтау, ата-баба мұрасын түлету мәселесінде де орталықтың ұлық­сатын алуға тура келді. Тілін түлету, дәстүрін өркендету, қазақ мек­тептерін, жоғарғы оқу орында­рында қазақша факультеттерді ашу мүмкіндіктері қатаң шектелді. Қазақтың жасампаз тарихы тек кеңеспен бірге басталғандай на­сихатталып, халқымыздың мың­жылдық тарихы тәрк етілді. Осы кесірдің бәріне еліміздің Азаттық алуы тосқауыл қойды. Мың­жыл­дықтар ғана емес, Тә­уел­сіздік пен егемендік тоғысқан тұста, ұлттың ұлық тарихы басталды. Бүгінгі Қазақстан ұланғайыр әрі бүтін жері, биік мұратты елі, мәңгілік тұрар елдігі, бабалар жазған терең тарихы және жарқын, айқын болашағы бар мемлекет ретінде өрге басып келеді. Тәуел­сіздік арқасында ұлттық мүдделер алға озды, ұлттық құндылықтар халқымызбен қауышты, өркен­деудің жаңа көкжиектері ашылды. Ендеше Қазақ елі үшін тәуелсіз­дік­тен асқан құндылық, мирас жоқ.