1991 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан өзінің тәуелсіз дербес мемлекет екенін ресми түрде жариялады. Осы тарихи шешімді қалың бұқараға мерзімді баспасөз қалай жария етті? Өткенге шолу жасасақ. EGEMEN QAZAQSTAN «Егеменнің» 1991 жылғы 17 желтоқсан күнгі санында, яғни Тәуелсіздік ресми жарияланған күннің ертеңіне басылымның парламенттегі тілшісінің «Тәуелсіз ел болдық» атты ақжолтай мақаласы жарыққа шығыпты. Мақаланың алғашқы сөйлемі; «Азаттықты аңсаған халқымыздың сан ғасырлық күресі ақырында парламенттік жолмен жеңіске жетті», – деп басталса, ары қарай: «Бұл жақсылық хабар ғарыштағы жер бетіне құлағын түрген әрқилы байланыс жүйелері арқылы жалпақ жұртқа тез-ақ тарар. Оған еш күмәніміз жоқ. «Ее, қазақтар да көштен қалмаған екен. Қуаныштары ұзағынан сүйіндірсін дер» ізгі тілеулестеріміз», – деп жалғастырады мақала авторы. Еліміздің бас басылымындағы осы сүйінші мақалада автор сол күндерде Тәуелсіздікті талқылаған парламент үйінде үлкен пікірталастар мен ішінара күрес жүргенін жазады. Бұл мәселені газет тілшісі мынандай сөйлемдермен келтіреді: «Тәуелсіздік құны біз үшін аса қымбат. Оның нарқы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы мәселені талқылаған Жоғарғы Кеңес сессиясының сенбі, дүйсенбі күнгі мәжілістерінде тағы да жадымызда жаңғырды. Бірден айтайық, мемлекеттік тәуелсіздік үшін парламентте де күрес жүрді». Одан кейін, бас басылымның 1991 жылғы 18 желтоқсан күнгі санында Қазақстанның Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы «Қазақсан Республикасының Конституциялық заңының» толық мәтіні жарияланады. Аталған заң 7 тарау мен 18 баптан тұрған. Заңға сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған. Дәл осы тарихи салмағы ауыр заң мәтіннің астына Жоғарғы Кеңестің «ҚР-ның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңын күшіне енгізу тәртібі туралы қаулысы басылады. Жалпы, ресми бас басылымның сол күндердегі ескі тігінділерін шола отырып, осындай деректерді кездестірдік. ЖАС АЛАШ Осыдан кейін тағы бір қабырғалы басылым тәуелсіздік таңы атар-атпастан-ақ өздерінің бұрынғы «Лениншіл жас» атауын «Жас алаш» деп өзгертіп алған газеттің сарғайған парақтарын да қарап шықтық. Жастар басылымы «Ақ түйенің қарны жарылған» сол күндері жалпақ жұрттан «Тәуелсіздікке жеттік, үлкен өткелден өттік» деген бас мақаламен сүйінші сұрапты. Аталған тарихи мақалада: «Бұдан былай Қазақстан Республикасы –Тәуелсіз демократиялық және праволық мемлекет. Ол өзінің территориясында толық билікке ие және ішкі сыртқы саясатын дербес айқындайды әрі жүргізеді» деген жүрекжарды сөздер кездеседі. Мақала: «Сонымен, 1991 жылдың 16 желтоқсаны – Республикамыздың мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланған күн ретінде тарихқа еніп отыр. Мұны екі ғасыр бойы ата-бабаларымыз да, осыдан бес жыл бұрын, 1986 жылдың 16 желтоқсанында Республика алаңына шыққан жастар да армандаған еді. Тағы айтамыз ұзағынан сүйіндіргей!» деген сөздермен аяқталады. ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ Қазақ баласын теңдесі жоқ қуанышқа бөлеген дәл осы күндерде еліміздегі маңдайалды әдеби-мәдени, рухани басылым «Қазақ әдебиеті» газеті алғашқы бетінде «Ақ түйенің қарны жарылған күн. 260 жылдан кейінгі азаттық» деген мақала береді. Мақаланың әлқиссасы: «Басымызға ноқта киіліп, аяғымызға арқан байланғалы 260 жыл болған екен. Бодандықтың бұйдасын о баста өзіміз тілеп алғанымызбен «өз еркімен қосылған елдің» еңірегенде етегін жасқа толтырып, «тілеп алған аурудың емі жоқ» дегендей, елімізден де жерімізден де айырылып қала жаздадық. Мың асқанға – бір тосқан барын, ақкөңілдің аты арып, тоны тозбайтынын ежелден-ақ өсиет ете білген, қаншалықты мың өліп, мың тіріліп жүрсе де, атар таң, шығар күннен үмітін үзбеген халқымыз ақыры ТӘУЕЛСІЗДІГІН алды» деген аяулы да асқақ сөздермен басталады. Әдеби басылымдағы айтулы мақаланың астына ақын Иран-ғайып Оразбайдың «Тәуелсіздік» атты өлеңі басылған. Теңдессіз қуаныштың әсерінен ақынның жүрегін жарып шыққан өлең жолдарының алғашқы шумағы: – Өзіңдікі – елің де, Өзіңдікі – жерің де Өзіңді өзің еткен бақ, ТӘУЕЛСІЗДІК төріңде, – деп басталады. Бас-аяғы сегіз шумақтан тұратын туынды: ...Қанатыңнан қайырылып, Қыр-арқаңнан майырылып. Қонақ – Тәуелсіздіктен Қала көре айырылып! – деп аяқталады. ҰЛАН Осы күндері еліміздегі бірден-бір балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық «Ұлан» газеті де өзінің жас оқырмандарынан сүйінші сұрап, бас мақала жариялайды. Басылымның маңдайына «Тәуелсіз ел ұланы, Тәуелсіздік туын көкке өрлет» деген тақырып шығарады. Аталған мақалада еліміздің сан ғасырдан кейін аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізіп жатқанын кеңінен тарқатып жазады. Осы мақаланың астында белгілі балалар ақыны Сұлтан Қалиевтің: – Екі жарым ғасыр бойы, Бодандықта ғұмыр кештік. Желге ұшып асыл ойы, Хас шешеннің тілін кестік. Батырларды ауызға алмай, Бабаларды надан дедік. Көзден жасты ағызғандай, Шын мәнінде надан ба едік? Жалған сөйлеп білемісің, Ұрпақтарды неге алдадың? Себебі бодандықтың дүлей күшін, Қаншама уақыт жеңе алмадық. Тәуелсізбіз енді бүгін, Шыққандаймыз түн ішінен. Шарықтайтын келді күнің, Санаң сара, тынысың кең, – деген өлең жолдары беріліпті. 31 жыл бұрынғы қазақ баласы бөркін аспанға атып қуанған тарихи сәттер сол кездегі еліміздегі іргелі басылым беттерінде осылай бедерленіпті. Тәуелсіздік сөзі айтуға оңай болғанымен, салмағы атан түйеге жүк боларлықтай ауыр екендігін әр қазақстандық білсе дейміз. Жоғарыдағы басылым беттерінде сол күнгі шыққан мақалаларға қарап отырып, бізге егемендік біреулер айтып жүргендей оп-оңай келе қоймағанын байқауға болады. Ендеше тәңірдің тосын сыйындай тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз мәңгі болғай!
Алматы