Атыраудағы тұрғын үйлердің бірінде газ жарылды. Зардап шеккен ерлі-зайыптылар ауруханаға жеткізілді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы мәлім еткендей, жарылыс бүгін, 17 желтоқсанда болған.
«Департаменттің диспетчерлік пультіне таңғы сағат 06:06-да Атырау қаласындағы «Жұлдыз» шағын ауданында орналасқан тұрғын үйдің бірінде жарылыс болғаны туралы хабар түсті. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқиға орнына жеткен кезде жалпы ауданы 50 шаршы метрлік уақытша тұрғын үйде газды-ауа қоспасының жиналуынан жарылыс болғанын анықтады. Жарылыстың салдарынан үйдің шатыры құлаған. Жалын тұтанып, тұрмыстық заттар мен бөлменің керме төбесі өртенген. Өрт салдарынан үй иесі, 49 жастағы ер адам мен оның 1974 жылғы әйелі күйік алып, облыстық ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәліметке қарағанда, ерлі-зайыптылар 3-4-дәрежелі күйік алған. Олардың денесінің 90 пайызы зақымдалған», – деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Жарылыстан тұтанған өрт сағат 7:00-де сөндірілген. Жалынды сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің 9 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды.
«Атырау облысының тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Әсіресе, арнайы мамандарға газбен жылыту құрылғыларының жарамдылығын ұдайы тексертіп, кеңесіне назар аудару қажет», – деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.