Аргентина - Франция: кім жеңіске жетеді?
Аргентина - Франция: кім жеңіске жетеді?
523
оқылды
Бүгін - Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатының соңғы ойыны. Финалда Аргентина мен Франция кездеседі. Матч төрешісі – Шимон Марчиняк.  Осымен, қос құрама әлем чемпионаты аясында төртінші рет кездеседі. Жалпы, Оңтүстік Америка мен Еуропа құрамалары он бірінші мәрте өзара матч өткізеді. Бұған дейін 2018 жылы Ресейде өткен мундиальда Аргентина мен Франция плей офф кезеңінде жолыққан. Сонда француздар басым түсіп, альбиселеста үйіне қайтқан еді. Ал бұл жолы қалай болмақ? Сарапшылар да, Opta сияқты суперкомпьютер де Аргентинаға аз ғана басымдық беріп тұр. Аргентина құрамасы жартылай финалда Хорватияны  3:0 есебімен ойырсата жеңді. Ал Франция  Марокко құрамасын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Алайда букмекерлік компаниялар екі құрама мүмкіндігін тең бағалап отыр.
«Өте тартысты матч күтіп тұр. Екі құрама да өліспей беріспеу режимін қосады. Десе дегендей ойын төрешісі – Шимон Марчиняк. Пенальтиді асқан сақтықпен белгілеп, оңайшылықпен қызыл қағаз көтермейтін төреші. Соған сай ойыншылар барынша дөрекі ойнайды. Оған қоса сары қағазға да сараң екенін білеміз. Қызығы, ол Франция - Дания, Аргентина - Австралия ойынына төрелік еткен. Екі кездесуде финалдық жұп жеңіске жеткен-ді. Сондықтан ақырғы ойында кімнің басым түсетіні бәріне қызық. Мұндай маңызды матчта топ ойыншылар шешуші рөл атқаратынын да ұмытпаған абзал. Аргентинада Месси, Францияда Мбаппе мен Жиру, Гризманн тағы бар. Меніңше, ойын нәтижесі 2:0 немесе 2:1 есебімен Аргентинаның пайдасына шешіледі», - дейді спорт журналисі Шамкен Байырбек.
Көпшілікті «Месси әлем чемпионы атана ма, әлде Франция екі мундиаль қатарынан кубок иеленген құрамалар қатарына кіре ме?» деген сұрақ мазалайды. Бұл сұрақтың жауабы 21:00-де Қазақстан және Қазспорт арнасында белгілі болады.

Айбике Жанасыл