«Қазақстанда 6 406 елді мекен бар, оның 4 733-і, яғни 74 пайызы кең жолақты интернетке қосылған. 1 628 елді мекен 4G-ге қосылған, ал 3 105-і 3G технологиясымен қамтамасыз етілген. Барлық елді мекендердің 34 пайызы ADSL технологиясымен, яғни мыс сымымен қосылған, сондай-ақ оптика жүйесімен 26 пайызы қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар тұрғындар саны 260 мыңнан асатын 1 673 ауыл кең жолақты ұялы байланыс интернетпен қамтылмаған. Байланыс сапасын көтеру мақсатында біз жыл сайын «базалық стансалардың» санын көбейтіп жатырмыз. Бүгінде 43 мыңдай базалық станса орнаттық. Демек, жыл сайын 4 мың жаңа станса іске қосылады», – деді Б.Мусин Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.Осы орайда, ол заңнамалық өзгерістер арқылы операторларды байланыс инфрақұрылымына инвестиция салуға ынталандыру тетіктері бекітілгенін айтты.
«Атап айтқанда, әрбір байланыс технологиясы үшін ең төменгі сапа параметрлері белгіленген. Нақты айтатын болсақ, 3G-ге секундына 1 Мбит, 4G-ге секундына 5 Мбит айқындалды. Бұл механизмге сәйкес, бекітілген сапа көрсеткіштерін бірінші рет бұзғаны үшін айыппұл сомасы 100 АЕК-тен 1000-ға көтерілді. Бұл талап қайта бұзылса, 200 АЕК-тен 15 мыңға дейін жетеді. Шынын айту керек, бұрын айыппұл мөлшері аз болған. Сол себепті операторларға жауапкершілік алмай, жай ғана айыппұл төлеп жүре беру ыңғайлы еді», – деді ведомство басшысы.Оның айтуынша, айыппұл сомасының өсуі операторларды өз инфрақұрылымына жауапкершілікпен қарауға міндеттейді. Айыппұл механизмі бюджетке түсетін кірісті көтерді. Биыл барлығы 1 051 тексеру жүргізіліп, 1 млрд 264 млн теңге сомасына айыппұл жазылған. Бұған қоса, айыппұл нәтижесінде операторлар қосымша 700-ден астам базалық станса орнатты.
Б.ИКРАМОВА