Дәрігердің кәсіби жауапкершілігін қарастырады
Дәрігердің кәсіби жауапкершілігін қарастырады
418
оқылды
Мәжіліс денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және еңбек дауларын шешу мәселелері бойынша заң жобаларын қарайды. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төра­ғалығымен Бюро отырысы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды. Бірінші оқылымда депутаттар денсаулық сақтау мәселелері бойынша заң жобасын талқылайды. Тиісті заң жобасында 2025 жылдан бастап медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтан­дыруды енгізу көзделеді. Ол денсаулық сақтау субъектісі мен медицина қызметкері арасындағы тең үлесте жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ Қылмыстық кодекске медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін айыппұл санкцияларын және жаза мерзімдерін азайту бөлігінде өзгерістер енгізілу ұсынылады. Екінші оқылымда депутаттар еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын қарайды. Сонымен қатар Мәжіліс тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылығы мәселелері бойынша Парламент депутаттарының бастамасымен енгізілген түзету­лерді де қарайды. Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар басқару органдарының басқару нысанын өзгерту кезінде жинақталған ақшаны аудару міндетін белгілеуге, паркингтің немесе тұрақ орны­ның конструктивтік бөлігі мен функционалдық мақ­сатын өзгертуге тыйым салуға және басқа да маңыз­ды нормаларға бағытталған толықтырулар мен өзгерістер енгізді. Сонымен қатар Мәжіліске бірқатар рати­фикация­лық заң жобаларын қарау ұсынылды.