Қазір еліміздегі республикалық және облыстық жолдардың 25 пайызында ғана интернет бар. Ол түгілі жай ұялы байланыс толық қамтылмаған, 86 пайыз межесінде. Жалпы, интернет жайы жыл сайын қазақстандықтарды толғандырып бара жатқан мәселеге айналуда. Осыған қарамастан салаға жауапты министрлік цифрландыруды қағаздағы цифрлар арқылы ғана дамытып жатқандай. Жаңағы айтқан жолдарды ведомство жақын уақытта толықтай интернетпен қамтымақшы екен. Алайда сенім аз.Бес жылда бәрі біте ме?
Халықты түрлі сан арқылы таңғалдырудан жалықпайтын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин таяуда өткен Үкімет отырысында күтпеген мәлімдеме жасады. Алдағы 5 жылда республикалық және облыстық жолдарды интернетпен 100 пайыз қамтуды жоспарлап отыр екен. Сонымен, қазіргі жайды айттық, жолдардың 25 пайызында ғана интернет қосылған. Демек, 5 жылдың ішінде осы кезге дейінгі атқарылған жұмыстың көлемі 3 есеге дейін ұлғаймақ. Бұған қоса, ведомство басшысы барлық қала мен аудан орталығын кеңжолақты интернетті қамтамасыз ету көзделгенін атап өтіпті.
Осы күні 3G технологиясы бойынша 3 мыңнан астам елді мекен, 4G-мен 1 628 елді мекен қамтылған, ал 5G мүлдем жоқ. Мыс кабелімен өткізілген сымды байланыс 34 пайызды, ал оптика 26 пайызды құраған.
«Әлемде мыс кабелі мен 3G технологиясының ескіруін назарға алып, 2027 жылға дейін оларды түпкілікті ауыстырамыз. Сондай-ақ мобильдік 4G технологияны 100 пайызға жеткізіп, ал оптика инфрақұрылымын 90 пайызға арттырамыз. Сондай-ақ 2027 жылға дейін 5G технологиясын Астана, Алматы және Шымкенттегі үлесін 75 пайызға, ал облыс орталықтарында 60 пайызға көтереміз», – деп сендіріпті Бағдат Мусин.
«Ауылдардың шалғайлығынан интернет тарту өте қымбатқа түседі. Мысалы, қаладан 500 шақырым жырақтағы ауылға интернет тартуға әлемнің бірде-бір компаниясы келіспейді. Ол жерге кеткен шығынды қайтарып алу үшін 100 жыл қажет. Сол сияқты жүздеген ауыл мен аудан орталығы бар. Алайда біздің елде бұл жұмысты атқаратын «Қазақтелеком» ұлттық байланыс операторы жұмыс істейді, мемлекеттен субсидия алады. Дегенмен Қазақстан 2025 жылдың өзінде 99 пайызға жете алмайды», – деді ол.
Әрине, біз Цифрлық даму министрлігінің жұмысын түбегейлі жоққа шығармаймыз. Кейбір мәселеге келгенде олардың қауқарсыздық танытар жөні бар. Мәселен, еліміздің жер аумағы үлкен. Желі тартуда мұның маңызды рөл ойнайтыны жасырын емес. Жылдам дамып жатқан көрші ел Қытайда да мұндай проблема бар, 2021 жылы халқының небәрі 71,6 пайызын қамти алған. Әйткенмен, жауапты ведомствоның жауапкершілігі төмендемейді. Тек министрлер сандарды ойнатып, жалған деректерді келтіруді доғарғаны абзал.