Елімізде жастар санатын 35 жасқа дейін ұлғайту көзделіп отыр. Дегенмен екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастардың қарасы қалың. Кейбірінің қолында қос-қостан дипломы да бар, бірақ жұмысы жоқ. Мемлекет тарапынан NEET жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі» сынды бағдарламалар да қабылданған. Алайда бұл бағдарламалар бөлінген қаржыны толық игергенімен, нәтижесі көңіл көншітпейді.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, Республикадағы жастар саны 3,7 млн адамды құрап отыр. Ал 2022 жылдың 2 тоқсанының қорытындысы бойынша, жұмыссыз жастар саны – 68,5 мың адам. Республика бойынша жұмыссыздықтың жалпы деңгейі – 4,9 пайыз, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,8 пайыз. Қыркүйек айында Мәжіліс депутаттарының ұсынысымен жастар санатын 35 жасқа дейін ұзарту нормасы енгізілді. Норма бекітілсе, еліміздегі жастар саны 6,2 миллионға жетеді. Демек, NEET санатындағы жастар саны азайып емес, керісінше көбеюі мүмкін. Заң жобасын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірледі. Аталған заң жобасында NEET жастары мәселесі кеңінен көрініс тапқан. Бұл ретте тізімдегі жастарды төртке бөлу қарастырылып отыр. Біріншісі – жалпы жұмыссыз жастар. Осы арқылы оқудан шығып қалған, жұмыс істемейтіндер қатары анықталады. Халықты жұмыспен қамту орталықтарынан олардың дереккөздері алынады. Екінші санатта – жұмыс істей алатын мүмкіндігі шектеулі жандар болады. Ал үшінші тізімде – созылмалы аурулармен ауыра-тын немесе зиянды нәрселерге тәуелді, еліміздегі белсенді емес жастармен жұмыс істеу қолға алынады. Соңғысы – үй ша-руасындағы жастар. Оған көп-балалы, жалғызбасты аналар кіре-ді. Олардың саны анықталып, индексі жасақталады және жұмыспен қамту мәселесі реттеледі.
«Қазақстан жастар конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов жұмыссыз жастарды еңбекпен қамтуда Үкімет олардың тек қабілеттіліктеріне ғана емес, сонымен қатар психологиялық жағдайларына да назар аудару керек екенін айтты.
– NEET санатындағы жастар әлемнің өзге елдерінде де бар. Кейбір мемлекеттерде оның көрсеткіші 10-15 пайызға дейін жетеді. Үкімет бұл бағытта көптеген жұмыс атқарып жатыр. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жастарға түрлі мүмкіндіктер ұсынылуда. Өкінішке қарай, NEET санатындағы кей жастардың жұмыс істеуге ынтасы жоқ. Бұған психологиялық тұрғыдан қарау керек. Неліктен олар ондай деңгейге жетті? Сол үшін жұмыс орындарын ашу сияқты бір бағытта ғана жұмыс атқармай, жастармен психологиялық тұрғыда да шаралар іске асырылуы керек деп ойлаймын, – дейді Тоқтар Болысов.
«Жастар тәжірибесі» сенімді ақтамады
Мемлекет жастарды жұмыспен қамтуда түрлі механизмдерді қолданып келеді. Бұл ретте салалық министрлік пен жергілікті әкімдіктердің бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалары жетерлік. Десе де, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіші төмендемей тұр. Себебі жастардың басым бөлігі ондағы жалақыны азсынады. Мысалы, қолына дипломын жаңадан алған жас маман жұмыссыз жүрсе, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының игілігін көре алады. Жоғары оқу орнын енді тәмамдаған жас үшін бұл – қызмет өтілін сұрайтын жұмыс берушілердің қыңырлығынан құтылудың бір жолы. Жас маман жергілікті жұмыспен қамту орталығынан жолдама алып, алғашқы жұмыс орнына аттанады. Осында бір жыл бойы ол өз мамандығының қыр-сырымен жақынырақ танысып, тәжірибе жинайды. Онысы еңбек кітапшасына жазылады. Жас маман басшылыққа бар қарым-қабілетін көрсетуге тырысады. Алайда көп жағдайда сол басшылар жыл бойы тегін жұмыс күші ретінде пайдаланылған жастарды өз командасына алуға құлықсыз.
– Біз тәжірибеден өткен жастардың арасында сауалнама өткіздік. Оған қатысушылардың дені жұмыс процесіне араласпағанын, мекемелердегі «шауып кел, барып кел» жұмыстарды істегенін айтады. Тағы бір бөлігі мүлдем бейтаныс салаға түскендерін көрсетті. Мысалы, аспаздың оқуын бітірген түлекті сәулет бөліміне тәжірибеден өтуге жіберген. Демек, бұл бағдарламаның жүзеге асуына жауапты адамдар өз жұмысына салғырт қарап, жол картасы бойынша жастарды мамандыққа сай бөлу ісін құтылу үшін ғана жүргізген, – дейді «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Аманжол Жазықбаев.
Биылдан бастап «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының мерзімі 6 айдан 12 айға дейін ұзарған. Соған сәйкес төленетін еңбекақы да 91 890 теңгеге өскен. Дегенмен бағдарламаға қатысқан Әсем Амандықтың айтуынша, бұл қаржы күнкөріске жетпейді.
– Дипломымды алғаннан кейін 6 ай осы бағдарлама бойынша Қызылорда қаласында жұмыс істедім. Бүгінде жастардың қажеттілігі артып келеді. Оларға болмашы жалақыға бола жұмыс істеу қиындық тудырады. Бірақ қалай дегенде де бірдеңеден бастау қажет болды. Дегенмен менің мекемеге үйреніп кетуім қиынға соқты. Ешкім құшақ жайып қарсы алған жоқ, – дейді Әсем Амандық.
Жыл сайын 27 мыңнан астам адам мемлекет жалақысын өтейтін жастар тәжірибесіне қатысады. Статистикаға сәйкес, осы мерзім ішінде жастардың 50 пайызы сол орынға тұрақты жұмысқа орналасса, қалған 50 пайызы жаңа жұмыс іздеуге мәжбүр болады. Себебі басшылық жастарды жұмысқа алмау үшін мекемеде бос жұмыс орнының жоқтығын сылтау етеді. Екіншіден, «Жастар тәжірибесімен» келген жастарға айлықты жұмыспен қамту орталықтары төлейді. Демек, айлық төлеп, шығын шығармай, жас маманды тәжірибеге баулитын мекеменің есебі түгел. Тіпті, оның кейбірі 12 айдан кейін қайтадан «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен кадр тартуға құштар.
– Биылдан бастап колледжге түскен талапкерлердің қолдарында жұмыс берушілерден жолдама болмаса, мемлекет тапсырыс бермейтін болды. Егер осындай механизмді жоғары білім саласында да қолдансақ, жұмыссыз жастар болмас еді. Біз жұмыссыздықтың санымен ғана күресеміз. Оның қайдан шыққанына назар аудармаймыз. Мысалы, «Жастар тәжірибесі» арқылы түлектерге уақытша жұмыс тауып берерміз. Бірақ сол жас тауып берген мекемеде тұрақтап қалды ма? Ешкім зерттеп жатқан жоқ. Мемлекет студентті 4 жыл оқытады, сосын тағы жұмыс істегені үшін ақша төлейді. Сондықтан бұл жоба тиімсіз, – дейді дейді Talap КАҚ Президентінің кеңесшісі Қадырбек Қозыбайұлы.
Жұмыссыздықты азайту жолдары
Ал әлеуметтанушы Нұрболат Айекешовтің айтуынша, қоғамдағы жұмыссыздық еңбек нарығында бос жұмыс орындары аз болып, ал жұмысқа тұрушылар көптігінен болады.
– Ең бірінші, жастардың жұмыс істеуге деген мотивациясы төмен. Бұған білім саласындағы мамандыққа бағдарлау жұмыстарының жүйелі жүргізілмегендігі себеп. Грант үшін өзі қаламаған мамандықты 4 жыл оқып бітіреді. Одан кейін сол салада жұмыс істеуге құлықсыз болады. Екінші, жастардың жұмысқа орналасуындағы қиындық олардың кәсіби біліктілігі, мамандығының еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарына сай еместігінен, – дейді Нұрболат Айекешов.
Айта кететін жайт, «Жастар тәжірибесіне» көбіне онсыз да жұмысқа тұруға қабілетті, онсыз да жұмыс істейтін жастар алынады. Ал кәсіби дағдылары немесе білімі мен біліктілігі жоқ жастар тағы да бұл бағдарламадан тыс қалып қояды.
– Елімізде жұмыс істеуге қабілеті бар, бірақ кәсіби білімі мен дағдысы жоқ жастардың да көп бөлігі жұмыссыз жүр. Қайта оқыту, біліктілігін арттыру, жаңа кәсіби мамандық беру деген бағыттар бойынша да жұмыстар істеліп жатыр. Мысалы, колледждер тегін. Дегенмен оған баратын жастар аз. Себебі кәсіби бағдарлау, кәсіби ориентациялық жұмыстар аз істеледі, – дейді Қадырбек Қозыбайұлы.
Оның пікірінше, жұмыссыздықпен күресудегі ең басты жол – жаңа жұмыс орындарын ашу. Қажетті жұмыс орындарына қажетті мамандарды жергілікті деңгейде сапалы дайындау, оқу барысында кәсіби дағдыларды игерту, қайта оқытуда колледждердің инфрақұрылымдық, техникалық базасын күшейту арқылы оларды жұмыс берушімен біріктіру, дуальды оқыту іске асырылуы керек. Дегенмен дуальды оқыту әлі кең таралған жоқ. Себебі оған қатысатын қатысушы жұмыс орындары аз. Аудандық деңгейде жоқтың қасы.
Иә, жас келсе – іске. Алайда жастары жеткен азаматтың көбі істейтін кәсіп таба алмай жүр. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы оқуын енді тәмамдаған маманға жұмыс тауып беретін жол болғанымен, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін толық шешуге қауқарсыз.