«Жастар тәжірибесі» жарылқай ма?
«Жастар тәжірибесі» жарылқай ма?
© коллаж: Әсел Балтақызы
530
оқылды
Елімізде жастар санатын 35 жасқа дейін ұлғайту көзделіп отыр. Дегенмен екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастардың қарасы қалың. Кейбірінің қолында қос-қостан дипломы да бар, бірақ жұмысы жоқ. Мемлекет тарапынан NEET жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі» сынды бағдарламалар да қабылданған. Алайда бұл бағдарламалар бөлінген қаржыны толық игергенімен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, Респуб­ли­ка­дағы жастар саны 3,7 млн адамды құрап отыр. Ал 2022 жылдың 2 тоқ­санының қорытындысы бо­йынша, жұмыссыз жастар саны – 68,5 мың адам. Республика бо­йынша жұ­мыссыздықтың жалпы деңгейі – 4,9 пайыз, ал жастар ара­сында­ғы жұмыссыздық деңгейі – 3,8 па­йыз. Қыркүйек айында Мә­жіліс депутаттарының ұсынысы­мен жастар санатын 35 жасқа дейін ұзарту нормасы енгізілді. Норма бекітілсе, еліміздегі жастар саны 6,2 миллионға жетеді. Демек, NEET санатындағы жастар саны азайып емес, керісінше көбеюі мүмкін. Заң жобасын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірледі. Аталған заң жобасында NEET жастары мәселесі кеңінен көрініс тапқан. Бұл ретте тізімдегі жастарды төртке бөлу қарасты­рылып отыр. Біріншісі – жалпы жұмыссыз жастар. Осы арқылы оқудан шығып қалған, жұмыс істемейтіндер қатары анықталады. Халықты жұмыспен қамту орта­лықтарынан олардың дереккөздері алынады. Екінші санатта – жұмыс істей алатын мүмкіндігі шектеулі жандар болады. Ал үшінші тізімде – созылмалы аурулармен ауыра-тын немесе зиянды нәрселерге тәуелді, еліміздегі белсенді емес жастармен жұмыс істеу қолға алынады. Соң­ғысы – үй ша-руасындағы жастар. Оған көп-балалы, жалғызбасты аналар кіре-ді. Олардың саны анықталып, индексі жасақталады және жұ­мыспен қамту мәселесі реттеледі. «Қазақстан жастар конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Тоқтар Бо­лысов жұмыссыз жастарды ең­бекпен қамтуда Үкімет олардың тек қабілеттіліктеріне ғана емес, сонымен қатар психологиялық жағ­дайларына да назар аудару керек екенін айтты.
– NEET санатындағы жастар әлемнің өзге елдерінде де бар. Кейбір мемлекеттерде оның көрсеткіші 10-15 пайызға дейін жетеді. Үкімет бұл бағытта көп­теген жұмыс атқарып жатыр. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жас­тарға түрлі мүмкіндіктер ұсы­нылуда. Өкінішке қарай, NEET санатындағы кей жастардың жұ­мыс істеуге ынтасы жоқ. Бұған пси­хологиялық тұрғыдан қарау керек. Неліктен олар ондай дең­гейге жетті? Сол үшін жұмыс орын­дарын ашу сияқты бір бағытта ғана жұмыс атқармай, жастармен психологиялық тұрғыда да шара­лар іске асырылуы керек деп ой­лаймын, – дейді Тоқтар Болысов.
«Жастар тәжірибесі» сенімді ақтамады Мемлекет жастарды жұмыспен қамтуда түрлі механизмдерді қол­данып келеді. Бұл ретте салалық министрлік пен жергілікті әкім­діктердің бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалары жетерлік. Десе де, жастар арасындағы жұмыс­сыздық деңгейінің көрсеткіші төмендемей тұр. Себебі жастардың басым бөлігі ондағы жалақыны азсынады. Мысалы, қолына дип­ломын жаңадан алған жас маман жұмыссыз жүрсе, «Жастар тәжі­рибесі» бағдарламасының игілігін көре алады. Жоғары оқу орнын енді тәмамдаған жас үшін бұл – қызмет өтілін сұрайтын жұмыс берушілердің қыңырлығынан құ­тылудың бір жолы. Жас маман жергілікті жұмыспен қамту орта­лығынан жолдама алып, алғашқы жұмыс орнына аттанады. Осында бір жыл бойы ол өз мамандығының қыр-сырымен жақынырақ таны­сып, тәжірибе жинайды. Онысы еңбек кітапшасына жазылады. Жас маман басшылыққа бар қа­рым-қабілетін көрсетуге тыры­са­ды. Алайда көп жағдайда сол бас­шылар жыл бойы тегін жұмыс күші ретінде пайдаланылған жас­тарды өз командасына алуға құлықсыз.
– Біз тәжірибеден өткен жас­тардың арасында сауалнама өткіз­дік. Оған қатысушылардың дені жұмыс процесіне араласпағанын, мекемелердегі «шауып кел, барып кел» жұмыстарды істегенін айтады. Тағы бір бөлігі мүлдем бейтаныс салаға түскендерін көрсетті. Мы­салы, аспаздың оқуын бітірген түлекті сәулет бөліміне тәжіри­беден өтуге жіберген. Демек, бұл бағдарламаның жүзеге асуына жауапты адамдар өз жұмысына салғырт қарап, жол картасы бо­йынша жастарды мамандыққа сай бөлу ісін құтылу үшін ғана жүргіз­ген, – дейді «Жетісу – адалдық ала­ңы» жобалық кеңсесінің же­текшісі Аманжол Жазықбаев.
Биылдан бастап «Жастар тә­жірибесі» бағдарламасының мер­зімі 6 айдан 12 айға дейін ұзарған. Соған сәйкес төленетін еңбекақы да 91 890 теңгеге өскен. Дегенмен бағдарламаға қатысқан Әсем Аман­дықтың айтуынша, бұл қар­жы күнкөріске жетпейді.
– Дипломымды алғаннан кейін 6 ай осы бағдарлама бойынша Қызылорда қаласында жұмыс істе­дім. Бүгінде жастардың қажеттілігі артып келеді. Оларға болмашы жа­лақыға бола жұмыс істеу қиын­дық тудырады. Бірақ қалай дегенде де бірдеңеден бастау қажет болды. Дегенмен менің мекемеге үйреніп кетуім қиынға соқты. Ешкім құ­шақ жайып қарсы алған жоқ, – дейді Әсем Амандық.
Жыл сайын 27 мыңнан астам адам мемлекет жалақысын өтейтін жастар тәжірибесіне қатысады. Статистикаға сәйкес, осы мерзім ішінде жастардың 50 пайызы сол орынға тұрақты жұмысқа орналас­са, қалған 50 пайызы жаңа жұмыс іздеуге мәжбүр болады. Себебі бас­­шылық жастарды жұмысқа алмау үшін мекемеде бос жұмыс орнының жоқтығын сылтау етеді. Екіншіден, «Жастар тәжірибе­сімен» келген жастарға айлықты жұмыспен қамту орталықтары тө­лейді. Демек, айлық төлеп, шы­ғын шығармай, жас маманды тәжірибеге баулитын мекеменің есебі түгел. Тіпті, оның кейбірі 12 айдан кейін қайтадан «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен кадр тартуға құштар.
– Биылдан бастап колледжге түскен талапкерлердің қолдарында жұмыс берушілерден жолдама болмаса, мемлекет тапсырыс бер­мейтін болды. Егер осындай меха­низмді жоғары білім саласында да қолдансақ, жұмыссыз жастар болмас еді. Біз жұмыссыздықтың санымен ғана күресеміз. Оның қайдан шыққанына назар аудар­маймыз. Мысалы, «Жастар тәжі­ри­бесі» арқылы түлектерге уақыт­ша жұмыс тауып берерміз. Бірақ сол жас тауып берген мекемеде тұрақтап қалды ма? Ешкім зерттеп жатқан жоқ. Мемлекет студентті 4 жыл оқытады, сосын тағы жұмыс істегені үшін ақша төлейді. Сон­дықтан бұл жоба тиімсіз, – дейді дейді Talap КАҚ Президентінің кеңесшісі Қадырбек Қозы­бай­ұлы.
Жұмыссыздықты азайту жолдары Ал әлеуметтанушы Нұрболат Айекешовтің айтуынша, қоғам­дағы жұмыссыздық еңбек нары­ғында бос жұмыс орындары аз болып, ал жұмысқа тұрушылар көп­тігінен болады.
– Ең бірінші, жастардың жұ­мыс істеуге деген мотивациясы тө­мен. Бұған білім саласындағы ма­мандыққа бағдарлау жұмыс­тарының жүйелі жүргізілмегендігі себеп. Грант үшін өзі қаламаған мамандықты 4 жыл оқып бітіреді. Одан кейін сол салада жұмыс іс­теуге құлықсыз болады. Екінші, жастардың жұмысқа орнала­суын­дағы қиындық олардың кәсіби біліктілігі, мамандығының еңбек нарығындағы бос жұмыс орын­дарына сай еместігінен, – дейді Нұрболат Айекешов.
Айта кететін жайт, «Жастар тәжірибесіне» көбіне онсыз да жұмысқа тұруға қабілетті, онсыз да жұмыс істейтін жастар алынады. Ал кәсіби дағдылары немесе білімі мен біліктілігі жоқ жастар тағы да бұл бағдарламадан тыс қалып қояды.
– Елімізде жұмыс істеуге қа­білеті бар, бірақ кәсіби білімі мен дағдысы жоқ жастардың да көп бөлігі жұмыссыз жүр. Қайта оқыту, біліктілігін арттыру, жаңа кәсіби мамандық беру деген бағыттар бойынша да жұмыстар істеліп жатыр. Мысалы, колледждер тегін. Дегенмен оған баратын жастар аз. Себебі кәсіби бағдарлау, кәсіби ориентациялық жұмыстар аз іс­теледі, – дейді Қадырбек Қозы­байұлы.
Оның пікірінше, жұмыссыз­дық­пен күресудегі ең басты жол – жаңа жұмыс орындарын ашу. Қажетті жұмыс орындарына қа­жетті мамандарды жергілікті дең­гейде сапалы дайындау, оқу ба­рысында кәсіби дағдыларды игер­ту, қайта оқытуда колледждердің инфрақұрылымдық, техникалық базасын күшейту арқылы оларды жұмыс берушімен біріктіру, дуаль­ды оқыту іске асырылуы керек. Дегенмен дуальды оқыту әлі кең таралған жоқ. Себебі оған қаты­са­тын қатысушы жұмыс орындары аз. Аудандық деңгейде жоқтың қасы. Иә, жас келсе – іске. Алайда жас­тары жеткен азаматтың көбі іс­тейтін кәсіп таба алмай жүр. «Жас­тар тәжірибесі» бағдарламасы оқуын енді тәмамдаған маманға жұмыс тауып беретін жол болға­нымен, жастар арасындағы жұ­мыссыздық мәселесін толық ше­шуге қауқарсыз.