«Қазір уақыт өлшеміндегі сәйкессіздік Сыр халқымен қатар, Атырау, Орал, Қостанай өңірлерінде де байқалады. Алайда 2022 жылғы 28 қаңтар күні Денсаулық сақтау министрлігі 4 медицина институты ғалымдарымен ақылдаса келе, республикада уақыт өлшемін реттеудің қажеті жоқ деп тапты. Бұл мәселе бақылаудан алынды. Осы шешім ешқандай ғылыми негізге сүйенбеген, сондықтан, әсіресе Қостанай халқы тарапынан оған қарсылық білдіріп, Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекс бойынша Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасы жауабына шағым түсті. Осы жылдың қазан айында аталған мәселеге орай тағы жиын өткізілді. Нәтижесінде, ел аумағында 2004 жылғы өткізілген ғылыми зерделеу нәтижесі қазір де қолданыста екені айтылып, жауапты министрлік мәселені қайта көтерсе, Денсаулық сақтау министрлігі қайта қарауға дайын екенін білдірді. Осы мақсатта Метрология комитеті тарапынан қайта хат жолданды. Денсаулық сақтау министрлігінің жауабы нәтижесінде ведомствоаралық жұмыс тобы жұмысы қайтадан басталуы мүмкін. Болмаса жауапты министрліктер берген жауаптарға қарай сотқа жүгінуімізге тура келеді», – дейді қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрқожаев.[caption id="attachment_232850" align="aligncenter" width="1471"] © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Маманның пікіріне сәйкес, бірегей уақыт белдеуін қолданысқа енгізудің тиімділігін анықтау үшін сала мамандары, яғни бірінші кезекте физиология, генетика, хронобиология, хрономедицина және экономика, басқа да сала мамандарынан құралған ведомствоаралық жұмыс тобы шешім қабылдауы тиіс.
«Бүгінде әлем елдері түрлі уақыт өлшемін қолданса, АҚШ, Еуропа елдерінде «жазғы» уақыт өлшемінен бас тарту туралы шешімдер қабылданып жатыр. Жапония, Корея елдері сағат тілін қозғамай, жазғы уақытта тек жұмыс пен оқу уақытын бір сағат ерте бастап реттейді. Елі бойынша бірыңғай UTC+8 уақыт өлшемін Қытай елі қолданып отырса, 30-15 минуттық уақыт белдеуін қолданып отырған елдер де бар. Мысалы, бізбен бір бойлықта орналасқан Ауғанстан UTC+4,5 сағаттық белдеуін қолданса, Иран 3,5, ал әлемнің дамыған елдерімен биржа, банк, интернет саласында тығыз байланыстағы Үндістан UTC+5,5 сағаттық белдеуін қолданады. Бізде де мұндай жүйені қолдану ешқандай қиындық туғызбайды. Себебі Астана еліміздің ортаңғы белдеуінде орналасқан. Ең бастысы, уақыт ритмін дұрыс пайдаланып, адам денсаулығына, жұмыс тәртібіне кері әсерін тигізбейтін жүйені қолданысқа енгізу қажет», – дейді маман.Қызылордалықтар да бүгінде уақыт айырмашылығынан көптеген қиындық туындап отырғанын айтады. Декреттік уақыттың денсаулыққа зиянынан бөлек, банк жұмысында түрлі кедергі кездеседі. Астана қаласында онлайн өтетін жиналыстар батыс өңірлерде жұмыс уақытымен сәйкес келмейді. Бастысы, бұл мәселені шешуде адам денсаулығына әсері ұмыт қалмауы тиіс. Маманның айтуынша, жалпы еліміз географиялық 4 сағаттық белдеу аумағында орналасқан. Дегенмен елдің шығысынан батысына дейін күннің шығуы 4 сағат емес, 2 сағат 43 минут болса, ең шеткі облыс орталықтары арасында танның атуы 2 сағат 03 минутты ғана құрайды екен. Сондықтан бірегей Астана қаласына UTC+4,5 уақыт өлшемін қолдануға еш кедергі болмауы керек. Есесіне бұл шешім халық денсаулығына, еңбекке қабілеттілік, демографиялық өсім, өмір сүру ұзақтығының артуына ұзақ мерзімді перспективада зор үлесін қосады деп есептейді. Оған ғылыми зерттеу дәлелдері жеткілікті екенін алға тартып отыр. Қорыта айтқанда, елімізде уақыт өлшемін реттеу Сауда және интеграция министрлігінің Метрология және техникалық реттеу комитетіне жүктелген. Ал соңғы саяси шешімді ел Үкіметі қабылдап, шешуі тиіс.
Қызылорда облысы