«Мектеп қабырғаларының бірнеше жерінде жарық пайда болды. Іргетасы да шөгіп барады. Негізінде, мұндай үлкен құрылыс нысандарына 2 жылдық кепілдік берілуі керек. Ал біздің қолымыздағы құжатымызда бір жылға ғана кепілдік бар. Осының өзі біраз нәрсені аңғартады. Біз бұл туралы құқық қорғау орындарына бірнеше рет шағым түсірдік. Қалалық прокуратура мектептегі жағдайдан толық хабардар», – дейді гимназия басшысы.Рейд барысында көргеніміздей, сабақ өтетін сыныптардың іші кәдімгідей салқын. Балалар партада сырт киіммен отыр. Мектеп басшысының айтуынша, бұл да мердігер компанияның жауапкершілікке немқұрайды қарағанынан туындап отырған көрінеді.
«Бізде сыныптардың аумағы – 55-60 шаршы метр. Талап бойынша сыныпты қалыпты жылы температурада ұстап тұру үшін әр шаршы метрге бір батарея орнатылуы керек. Ал бұл жерде үш терезенің астына 4 секциялық батарея қойылған. Яғни, бұлардан бөлінетін жылу 12 шаршы метр аумақты ғана жылытуға қауқарлы. Ол аздай, терезенің жанынан жарықшақтар пайда болды. Ол жерлерден де суық жел кіріп тұр. Осы себепті оқушыларымыз бүрсең қағып білім алуға мәжбүр. Ауырып үйлерінде жатқан оқушыларымыздың да саны күн санап артып барады», – дейді №202 мектеп-гимназияның директоры Б. Жанайханұлы.Өз кезегінде мердігер компания өкілі барлығын өздеріне берілген жоба бойынша жасалғанын айтады. Ал суық кіріп тұрған саңылаулар жақын арада қалпына келтірілмек.
«Мен адамдар жіберіп, жөндетуге уәде бердім. Суық жібермеу үшін ескірген, бұзылған жердің барлығын қалыпқа келтіреміз. Батареяның жылуына келетін болсақ, біз жобадан тыс еш нәрсе істей алмаймыз. Барлығы бізге берген жобаға сай салынды», – дейді мектеп құрылысын жүргізген мердігер «АК Констракшн» ЖШС өкілі Қайрат Сандықбаев.Мектептегі ұстаздар білім ошағындағы өрт қауіпсіздігі мәселесіне де алаңдайды. Айтуларынша, жалын шықса, дер кезінде көмек шақыруға да мүмкіндік қарастырылмаған.
«Өздеріңіз көріп тұрсыздар, өрт бола қалған жағдайда су тарту үшін қойылған гидрант бос тұр. Себебі мектептің су құбыры орталықтандырылған жүйеге қосылмаған. Мектепте өрт шықса, ескертуге мүмкіндік жоқ. Өйткені білім ошағын салған мердігер тиісті дабыл құрылғыларын орнатпай кеткен. Оны жақында өзіміз жасаттық. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне де айтқанбыз. Бірақ бір жарым жыл бойы олар ешқандай шара қолданбады. Тапсырыс беруші Қалалық құрылыс басқармасы мектепті осындай күйде қабылдап алғанымызға таңымыз бар», – дейді мектеп-гимназия директоры.Мердігердің салғырттығы үшін айыппұл төледі Жақында мектепке Әуезов аудандық Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты өртке қарсы бөлімнің инспекторлары айыппұл салып кеткен. Айыппұл төлетуге ғимаратта дабыл құрылғысының болмауы себеп екен. Гимназия директоры мердігердің немқұрайдылығы кесірінен 60 мың теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Төтеншеліктер екінші рет келіп бірнеше заңсыздықты анықтап, тағы да айыппұл салған. Сол кезде мектеп әкімшілігі болған олқылықтар құрылысты жүргізген компанияның кемшілігі екенін көрсетіп, сотқа жүгінген. Сот мектептің талабы дұрыс деп шешім шығарып берген.
«Бұл мектептің директоры болғаныма бір жарым жыл болды. Мен келгелі су құбырлары жеті рет жарылды. Салдарынан сырттағы баскетбол алаңы мен ойын алаңын су басып қалды. Оны әупірімдеп жүріп қалпына келтірдік. Алдағы уақытта бұл жағдай қайталануы мүмкін. Себебі жоба бойынша су құбырының диаметрі 100 миллиметр болуы керек. Ал мердігер компания диаметрі 50 миллиметр құбырды қоя салған. Бұл судың қысымына әсер етеді. Қысымға шыдай алмаған құбырлар тағы жарылуы ғажап емес», – дейді білім ошағының директоры.Жоғарыдағы айтылған кемшіліктерден бөлек, нысан құрылысын жүргізген компания мектепті қажетті заттармен қамтуда бірқатар заңсыздыққа жол берген. Атап айтқанда, білім ошағына қажетті ин- терактивті тақталардың саны көрсетілгеннен кем шыққан.
«Бастапқы кездегі жоба бойынша біздің мектепке 60 заманауи интерактивті тақта орнатылуы керек болған. Ал олар бар-жоғы 30 данасын жеткізген. Қалған тақталарды сұрасақ, әне-мінемен күн өткізіп келеді. Амалсыздан Сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл агенттігінің Алматы қалалық департаментіне шағымдандық. Қазір құзырлы орган қызметкерлері осы шағым бойынша тексеруді бастады», – деді мектеп-гимназияның директоры Б. Жанайханұлы.«AMANAT» партиясы араласты Шешімі табылмаған мәселеге «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы араласты. Арнайы өткізілген рейд кезінде мердігер жіберген олқылықтармен толық танысып шыққан филиал өкілдері мектеп басшылығымен жауапты орын өкілдерінің басын қосып, арнайы кездесу өткізді. Жиынға «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Қасымов, Партиялық бақылау инспекторы Олжас Тұрманов, Әуезов аудандық партия филиалының хатшысы Нейля Ордабаева қатысты. Басқосуда Алматы қаласы Құрылыс басқармасына мердігер AK Construction company ЖШС-мен бірлесіп, ғимараттың терезелерін ретке келтіру керегі айтылды. Төтенше жағдайлар департаментіне «Алматы су» МКК-мен бірге су құбырына өрт сөндіру гидранттарын қосу, мектепті сумен толық қамтамасыз ету жүктелді. Сонымен қатар қалалық Білім басқармасы Мемлекеттік активтер департаментімен бірлесе отырып, инженерлік желілерді қалалық қызмет балансына беру жұмыстарын жүргізуге міндеттелді. Сондай-ақ Қала құрылысын бақылау департаментіне аталған №202 мектеп-гимназияның аудиторлық тексеру қорытындысы туралы ақпарат беру тапсырылды. Аталған ұйымдар әзірленген ұсынымдарды іске асыру туралы ақпаратты 2023 жылғы 12 қаңтарға дейін жіберуі тиіс деген шешім шығарылды.
Алматы қаласы