Еліміздің қай қиырында болмасын бюджеттің бүйірінен қаржыны сүліктей сорып, түрлі нысандарды салу кезінде қитұрқы әрекетпен бөлінген қомақты қаржыны жымқыру оқиғалары жиі кездеседі. Ақыры, сиырқұйымшақтанып, «сақалды» құрылысқа айналатын, одан кейін «Қажетті материалдар тым қымбаттап кетті» деген желеумен тағы қосымша қаражат сұрату «жазылмаған қағидаға» айналған. Дегенмен нақты іске келгенде миллиардтаған сома құйылған нысандардың сапасы сын көтермей, халықтың ащы жанайқайын тудырып жатқаны да шындық. Әрине, мұның артында жемқор жүйенің басындағы «көкелердің» тұрғанын да жұрт жақсы біледі.
Түйінді мәселе «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде партияның Орталық аппараты партиялық бақылау департаментінің инспекторы Заур Гучияев пен Ақмола облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясы жүргізген нысандарға мониторинг кезінде тағы бір мәрте қаралды. Арнайы комиссия алдымен ат басын Аршалы ауданындағы Аршалы, Жібек жолы, Жалтыркөл ауылдарындағы газ тарату желілеріне бұрып, жаңадан қосыла бастаған көгілдір отынның таралу жағдайын байқады. Сондай-ақ Жібек жолы және Жалтыркөл ауылындағы мектептердің құрылысы да назарға ілінді.
Жоғарыда аталған ауылдарда осы жылдың соңына дейін 382,3 шақырымдық газ желісін тарту жоспарға енгізілген. Бекітілген тізімге сәйкес, 6 жоба бойынша Аққайың, Қоянды, Целиноград ауданының Шұбары, Аршалы ауданында Аршалы кенті, Жібек жолы және Жалтыркөл ауылдарында табиғи газ құбырлары қойылуы тиіс болған. Аршалы және Жалтыркөл ауылдарында жұмыстар толықтай аяқталып, 134,5 шақырым газ желісі төселген. Алайда іс жүзінде жүргізілген нақты жұмыстан гөрі шикілік басым болғандары да бар. Құрылыс материалдары қымбаттап кетті деген желеумен алты жобаның төртеуі бойынша жұмыс жобаларына түзетуге тапсырылған. Атап айтқанда, Жібек жолы ауылындағы жұмыстардың тек 48 пайызы ғана орындалып, 110 шақырым ғана газ желісі төселген. Сол сияқты Аққайың ауылында 86 пайызы ғана орындалған. Ал Қоянды ауылы мен Шұбары ауылындағы жағдай тіпті өрескел. Мұнда жоспарланған жоба бойынша, газ құбырының әрқайсысында небәрі 3 және 10 пайызы ғана төселген болып шықты.
Партиялық бақылау комиссиясы бұдан кейін жоғарыда аталған ауылдардағы бюджет есебінен салынуы жоспарланған білім ошақтарының құрылысына бас сұқты. Білім саласында да мерзімі аяқталса да құрылыстың бітпей, халықты сансыратып қойған жайлар жиі байқалады.
Мәселен, елорданың тап іргесінде орналасқан Аршалы ауданына қарасты Жалтыркөл ауылында 300 орындық мектеп құрылысы толық қаржыландырылмай, уақытында аяқталмаған. Биыл бөлінуі қажет болған 518,1 миллион теңгенің тек 87,9 миллион теңгесі ғана бөлінген. Ал облыстық бюджеттен бөлінетін барлық 136,4 миллион теңге сома толық аударылған. Сөйтіп, аталған қиындықтарға байланысты құрылыс келер жылға қалған. Құрылысты аяқтау үшін республикалық бюджеттен тағы қосымша 430,2 миллион теңге қажет деп табылған. Облыстық бюджет жобасында келер жылға тағы 632 миллион теңге қарастырылыпты.
Бақылау комиссиясы мүшелері мұнымен қоса, Көкшетау қаласындағы бірқатар нысанның құрылысына да мониторинг жүргізді. Мұнда да жең ұшынан жалғасқан жемқорлық «мен мұндалап» тұрған сияқты. Әсіресе, елдің барлық аймағында ЖОО мен колледждердегі студенттер жатақханасы жетіспей жатқанда жатақханалар құрылысының жобалары да «бағаның өсуінен» түзетуге енгізіліпті-мыс.
Көкшетау қаласында да құрылысын биыл аяқтау жоспарланған үш бірдей жатақхана жобаның қымбаттауы себепті түзету жүргізілген. Шаһардағы жоғары техникалық колледж жатақханасына облыстық бюджет қоржынынан биыл 37,3 миллион теңге бөлінген. Ал жоба-ны толықтай аяқтауға 1 207,3 миллион теңге қажет болған. Оның ішінде облыстық бюджеттен 2023 жылға 856,8 миллион теңге қарастырылыпты. Сол сияқты Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары техникалық колледжі жатақханасын салуға облыстық бюджеттен 207,5 миллион теңге бөлінген. Бірақ жалпы жобаның аяқталуына 839,9 миллион теңге қажет болған. Бұл қаражат та биыл болмай, келер жылғы облыс бюджетіне жүк болған.
P.S. Құрылыс нысандарында жүргізілген мониторингтер жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың әлі де көрініс тауып отырғанын айғақтаса керек. Өйткені расында да, соңғы кезде жобаға түзету енгізу, жергілікті билікпен ауыз жаласқан мердігер компаниялардың бірнеше нысанды қатар алатын оқиғалар жиілеп кетті. Сондықтан тиісті органдармен қатар қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар, сонымен қатар кез келген елдің жайы елеңдетер азамат қоғамдық мониторинг жүргізгені жөн сияқты.
Ақмола облысы