Үкімет үмітті ақтады ма?
Үкімет үмітті ақтады ма?
637
оқылды
Жыл аяқталуға таяды. Мұндай кезеңде мемлекеттік органдар жұ­мысын қорытындылап, есеп беруге көшетіні бұрыннан белгілі. Көпшілік, әсіресе министрліктер тындырған істің жай-жапсары мен кем тұсын білуге асығады. Жеке пікірін айтып, бағалайтындар да аз емес. Президенттің «Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен бара аламыз ба?» деген сауалы тұтас елді толғандырады. Сонымен, 2022 жылы Үкімет қандай істер атқарып, қай тұста үдеден шықпағанын шолып көрейік. Қымбатшылыққа құрық бойламады Әуелі бір дүниені ескерген абзал. Биыл Үкіметтің оңды ісі көп болғаны жасырын емес, оның біразын есеп-қисаптан да аңғаруға болады, ресми ақпарларды тізіп жатудың реті жоқ. Әйткенмен, қолдан келмеген жұмыстары да жетерлік екенін жасырмаймыз. Бұл тұста ел есіне ең ал­дымен ырықсыз кеткен инфляция түсетіні анық. Халықтың қалтасын қағып, жүй­кесін жұқартқан қымбатшылық жайы биылдыққа Үкіметті әбігерге салумен болды. Сол үшін бірнеше министр жиын­дарда сөз естіді, кейбірі қолынан іс кел­мейтінін байқатты. Таяуда Үкіметтің ке­ңейтілген отырысында Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев та білдей ве­домствоны басқарып отырған басшыларға көңілі толмайтынын жеткізген. Себепсіз емес, инфляция соңғы 14 жылда болмаған көрсеткішке жетті. Баға бағынбай, халықтың табысы құлдырады. Сол жиында еңсесі түскен лауазымды тұлғалардың біразы ақпарат құралдарында орнын қимайтындай сөз сөйлегенін де білеміз. Бір ғана азық-түлік инфляциясы бұрын-соңды болмаған 24 пайыздан асты. Соңғы бес жылда азаматтардың ақшалай табысы дәл бұлай құлдырамапты. Еш жерде тір­келмеген, әйтеуір ас-суын тауып күнелтіп жүрген 900 мыңға жуық адамның шешіл­меген мәселесі тағы бар. Ал мұндай қы­сылтаяң шақта Үкімет өз жыртығын жамау үшін ұлттық қорға қол салуды доғарғаны абзал. Келесі жылдан бастап қор табы­сының жартысы балалардың есепшотына аударылатынын ескерсек, қазынаның түбі көрінері анық. Ал экономист Бауыржан Ысқақов Үкімет жоспарланған істің 50 пайызға жетер-жетпесін ғана игергенін айтып отыр.
– Биылғы инфляция деңгейінің өзі Үкімет жұмысының қандай екенін көр­сетті. Базалық мөлшерлеменің бірнеше мәрте көтерілуі Үкімет пен Ұлттық банк арасында конструктивті жұмыстың жоғын байқатты. Ал дамыған елдердің орталық банктері халықтың әл-ауқаты, жұмыспен қамтылуын бақылайтын Үкіметімен тығыз байланыста болып, бірлесе шешім қабыл­дайды. Бізде керісінше талапқа сай іс ат­қарылмауда. Рас, еліміз импортқа тәуелді, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін отандық өндірісті дамыта алмадық. Әсіресе, көрші Ресейдің тауары мен қызметі арқылы инфляция еселеп енді. Екіншіден, біз әлі күнге жалған статисканың құрбанымыз. Мәселен, күзде әкімдіктер Үкіметке жылу маусымына толыққанды дайын екенін айтып, есеп берді. Ал Үкімет соны қабыл­дады. Олқылықтың бастысы ретінде жай­лаған жалған статискаларды айтуға бо­лады. Үшіншіден, дайын өнімдерді экс­портқа шығару мақсаты орындалмады. Төр­тіншіден, халықты жұмыспен қамту­дың орнына, несиесін төлеп беру, көмек ету секілді уақытша істермен айналысуы жиіледі. Әкімдіктердің кәсіпкерлікті да­мытуға жанталасып іс атқарғанын бай­қамадық. Сондықтан әкімдер өз жұ­мы­сының нақты нәтижесін көрсетпеген болып шығады. Жұмыс орындарын аша алмағаны үшін бір әкімнің қызметтен кетті дегенін естімедік. Яғни, Үкімет жергілікті атқарушы органдарды бақылауда ұстай алмауда, – деді маман.
Шынында да, Үкімет пен Ұлттық банктің байланысы жоғын аңғару қиын емес. Ұлттық қордың жылдық табысы соңғы он жылда 1,6 пайыз болған. Мы­салы, Сингапурдағы қор 6,4, ал Норве­гияның қоры 7,5 пайыз табыс тапқан екен. Демек, біздегі қорды басқару міндетін атқаратын органның жұмысы айтарлықтай тиімді емес. Мемлекет қазынасына мил­лиардтап қаржы құюға тиіс инвестициялық жобалардың да жайы мәз емес. Биыл жоспардағы 284 инвес­тициялық жобаның 43-і ғана жүзеге асқан. Қаншама жұмыс орнының ашыл­май қалғанының дәлелі – осы. Ал эко­номикалық өсім керісінше төмендеп кетті. Биыл 11 айда өсім деңгейі 4,6 па­йыздан 2,7 пайызға дейін түскен. Кей басшылар сыннан сүрінді Жалпы, министрлердің ішінде мақ­тауға тұрарлығы тым аз. Көбі әлдеқашан сынның астында жүр. Оның басында Цифр­лық даму министрі Бағдат Мусин тұр­ғаны анық. «Қазақстан 99 пайыз интер­нетпен қамтылған» деп есеп беретін бас­шының сөзіне сену қиын. Биыл елді интернет сапасының нашарлығы әбден әбігерге салды. IT мамандар бұған Ресей­ден келетін трафиктің кесірі тигенін сан мәрте айтқан болатын. Алайда жауапты ведомство өзге елдерден трафик алу жағын қарастырмағандай, мәселені үнсіз жапты. Жақында ғана барлық қала мен ауданды, маңызды жолдарды 5 жылда 100 пайыз интернетпен қамтитынын айтқан ми­нистрдің аузынан «бәрі жақсыдан» басқа сөз шықпайды. Мұндай басшылардың қатарында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қара­шө­кеевті айтса да болады. Биыл елде қант тапшылығы болғаны есте. Сонда ми­нистр жағдайдың күрделі екенін жа­сырған еді. Қазақстан 90 пайыз қант импортына тәуелді екенін, бұрын ашылған жеті қант зауытының қазір тек төртеуі жартылай жұмыс істеп тұрғанын кейін білдік. Оны­мен қоймай Ауыл шаруашылығы министрі қант қызылшасының үлесін 2026 жылға қарай алты есеге, 7 пайыздан 43 пайызға жеткізуді көздеп отырғанын жеткізген. Алайда кейінгі 4 жылда қант қызыл­ша­сының алқаптары 3 есе азайғанын ұмытып кеткен секілді. Министрліктер Прези­дент­ке 2023 жылы Қазақстан құс еті (қазір импорт үлесі – 40 пайыз), шұжық өнімдері (44 пайыз), балық (60 пайыз), ірімшік пен қатық (50 пайызға), қант (60 пайыз ), сүт өнімдері (4 пайыз) бойынша импорттан тәуелсіз болатынын айтқан. Бірақ жағдай­ды көзіміз көріп отыр. Құр сөз күйінде қалған. Ескі үрдістен шыға алмай, жаңа идеяға мақұрым болғандары анық. Бәрі үйреншікті жолмен іске асады – әуелі азық-түлік бағасы қымбаттайды, ал Үкімет жауапкершілікті өңірлерге жүктеп, есеп алады, өңірлер есеп үшін ақша шашып небір құйтырқылық жасайды. Бары – осы. Биыл «киікті қыру» бастамасымен ха­лықты шошытқан Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевті айтпай кету мүмкін емес. Геология саласы онсыз да деградацияға ұшырап жатқанда бас экологтің 80 мың киікті қыруға рұқсат етпекші болды. Киік­тің әр өңірде егінге түсіп жатқанын себеп қылған ведомство басшысы қаншама наразылыққа қарамастан позициясынан қайтпағандай. Талай рет экологтер киік қырумен мәселе шешілмейтінін айтты. Шаруалар да бөкендерді қыр­ғанмен, егісіне түсетін киік азаймайтынын жет­кізген болатын. Сол кезде «киік қыру жос­па­ры­ның артында шаруалар емес, басқа тұл­ғалардың мүддесі тұрғандай» деп бол­жағанбыз. Шамасы, Брекешев аңшы­лық пен табиғатты қорғаудың арасын әлі ажы­рата алмайтындай. Келесі басшы – Саясат Нұрбек. Ғы­лымға тереңдей бойламаған адам бола тұра Ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалған Саясат Нұрбек те «2025 жылға дейін ғалымдар санын 21 мыңнан 34 мыңға жеткіземіз» деп айды аспанға шығарғанын ұмытпадық. Әрине, бастамаға қарсы емеспіз, бірақ қазір санатта бар 21 мыңнан астам ғалымның қандай жаңалық ашқанын білмейміз. Сөйте тұра, олардың санын арттыруға нендей қажеттілік барын түсінбедік. Қорыта айтқанда, министрлердің қар­қыны бұдан әрі ұзамайтын болса, алдағы уақытта кадрлық өзгерістерді көруіміз мүмкін. Қоғам жаңашылдыққа бейім шенеуніктер келгенін қалайды. Алайда ескі жүйе бәрінің есін жиғызбай отыр­ғандай. Жақында Премьер-Министр Әли­хан Смайылов министрлерге ескерту жа­саған болатын. Бірақ тез арада бәрін көр­кейте қояр кім бар?