«Министрлік «Жаңа инвестициялық жобаларды қарастырып жатырмыз, сіздерді соған қосамыз» деген жауап берді. Оған қосылсақ, инвестициялық жобаның 25 пайыз ақшасын қайтарып береді. Одан бөлек, қаржының 15 пайызын өзіңіз салсаңыз, мемлекет 85 пайызына үш пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие береді. Осындай нәрселер қарастырылып жатыр. Бірақ бізде баяу іске асырылатындықтан, бұл мәселелер әлі шешімін таба қойған жоқ», – дейді Тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеев.Тағы бір мәселе – толық өңделген теріні аяқкиім фабрикалары сырттан сатып алады. Осыны ішкі нарықта өңдеуге қол жеткізу үшін технологияны жаңарту, жақсарту қажет. Алайда жақсы қондырғыларды шетелден жеткізу, оны лизингке алу, банк арқылы несиеге алу, кепілдік қою секілді мәселелер бар.
«Теріні шикізат күйінде экспортқа шығаруға шектеу жоқ. Тек тоннасына 200 еуро баж салығы салынады. Белгілі бір топ «осы салықты алып тастаңыздар, біздің тері экспортына зиянын тигізіп жатыр, біз теріні далаға лақтырып жатырмыз» деп қаншама рет депутаттар арқылы Үкіметке шығып, алғызып тастауға әрекет етіп жатыр. Біз оған қарсымыз. Оны алып тастайтын болса, Қазақстан зауыттарына тері шикізаты жетіспей қалады», – дейді Тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы.Сонымен қатар мамандар тері қабылдайтын орындардың аз екенін де алға тартады. Содан да болар, ауылдағы тері далада қалып жатыр. Ауыл тұрғындары оны қалаға әкеліп өткізгеннің өзінде жолақысын да ақтамайды. Өйткені тері бағасы өте арзан.
«Елімізде 2 млн шамасында ірі қара терісі шығады. Қазір сұранысқа ие сиыр терісі. «Соқыр тауыққа бәрі бидай» дегендей, көпшілік жылқының, қойдың терісі де өңделеді деп қате түсінеді. Барлық теріні бірге есептейді. Қазір біз өңдеуге алып отырғанымыз тек ірі қара терісі», – дейді Нұрман Нүптекеев.Оның айтуынша, елімізде тері өңдейтін 12 зауыт бар. Соның қазір 8-9-ы ғана жұмыс істеп тұр. Олар жартылай өңделген өнім ғана шығарады. Былғары, яғни толық өңделген тері жасау үшін қажетті қондырғылардың бәрі қымбат. Италияда жасалатын қондырғылардың кейбірі 500 мың еуро тұрады. Тері өңдеушілер осындай қондырғыларды сатып алу, елге жеткізу жолдары реттелмегенін атап өтті. Қазір кәсіпкерлер өз бетімен банктерден несие сұрап, лизинг беруші компанияларға ұсыныстарын беріп, әрқайсысы толық өңдеу қондырғыларына қол жеткізуді армандап жүр.
«Қондырғы сатып аламын десең, ол өте қымбат тұрады. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласына қажетті техника мен қондырғылар үшін лизинг компаниялары көп болса, тері-аяқкиім саласында бір де бір компания жоқ. Сондықтан мемлекет осыны ескеруі керек. Тек ақша беру, субсидия беру нарықтың тәсілі емес. Оған қарсымын. Мемлекет біз жұмыс істесін десе, жағдай жасауы тиіс. Доллар қазір жоғары, экономика тұрғысынан алып қарағанда жағдай оңтайлы», – дейді Арқалық тері өңдеу зауытының директоры Ержан Салықов.Кәсіпкерлер осыншама мәселенің қордалануының, оның шешімі табылмауына өздерінің ұйымдаспауы мен белсенділігінің төмен екені де әсер еткенін жасырмайды. Сол себепті өңдеу саласындағы кәсіпкерлер ұйымдасып, қауымдастық құрып, осы айтылған мәселелерді шешу жөнінде сұрақты салалық ведомстволарға қоя бастаған. Олар жылқы мен қой терісін толық өңдеп аяқкиімге пайдалану, галентерея өнімдері мен киім тігуді ұсынып отыр.
«Нарықта өңделген сиыр терісі ғана емес, қой терісі де пайдаланылады. Қой терісіне байланысты мен салалық ведомстволарға бірқатар ұсыныс бердім. Өңдеп шығарамыз да, аяқкиім фабрикаларына береміз. Аяқкиімнің астары жүні бар қой терісінен салынады. Одан бөлек, армияға қажетті малақай, тон тігеді, сыртқы киімнің жағасы жасалады», – дейді Нұрман Нүптекеев.Арқалық тері өңдеу зауытының директоры Ержан Салықовтың айтуынша, қазір елімізде қойдың терісі өңдеу үшін қажетті құжат, анықтама алу өте қиын. Иленген, жартылай өңделген қой терісін шетелге сату үшін әр малдың есепке алынған нөмірі, сойылған орны туралы мәліметтер бар құжат қажет. Ветеринарлық анықтамалар мәселесінде ортақ ақпараттық жүйе әлі реттелмеген. Тек ет комбинатынан алынған теріні басқа елдер бірден қабылдайды. Алайда қасапханасы жоқ ауылда сойылған қойдың терісі қайда қалады? Бұл сұраққа әзірге жауап жоқ. Ал кәсіпкердің айтуынша, терінің жаман сұрыбы болмайды екен. Терінің көбі кәдеге жарамайды Негізі, Қазақстанда өңделмеген теріні шетелдерге апарып сатуға айтарлықтай кедергі жоқ. Шекара ашық, аздаған баж салығы бар. Алайда бұл тұста да олқылық аз емес.
«Қасапхана болмаған соң мал қалай болса солай сойылады, теріні бүлдіреді, кесіп, тесіп тастайды. Одан қалса, далада жайылымда еркін жүргенде бірін сүзеді, жарақаттайды. Ауылда өріске шығарып малды баққан кезде бағатын кісілер қамшысының басына сым темір байлап алып ұрады. Теріге батқан қамшының ізі өмір бақи қалады. Ертең терінің жүнін кетіргенде тыртық көрініп қалып, шикізаттың сортын төмендетеді. Одан бөлек, ветеринарлық қызмет толық жүргізілмегендіктен, вакцина дұрыс егілмейді. Оқыра, сона, кене секілді зиянкестер теріні зақымдайды. Сондықтан біздің терінің сапасы нашар», – дейді Нұрман Нүптекеев. Осы себептерге байланысты шетелдердегі тері өңдеуші зауыттар Қазақстаннан жеткізілген теріге аса қызыға қоймайды.Кәсіпкер теріні кәдеге жарату жолға қойылған Қытайда «Өзбекстанның терісі сапалы» деген түсінік қалыптасқанын айтады. Орталық Азияның басқа елдерінен жеткізілген терілердің бағасы кейде түсіп кетсе, Өзбекстан терісінің бағасы сол қалпында қалады екен. Кәсіпкердің түсіндіруінше, өзбектер малды қолда ұстап бордақылайды, еті жақсы пайда беруі үшін қажетті екпесін дер кезінде салады. Малдан ештеңе аямайды. Содан соң оның терісі сапалы әрі қымбатқа бағаланады.
«Біз өңделген теріні 20 долларға сатсақ, өзбектер өңделмеген терісін сондай бағаға өткізеді. Бізден екі есе артық пайда табады», – дейді Нұрман Нүптекеев. Тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы елімізде терінің сапасын көтеру үшін түсіндірме-насихат жұмыстарын да қолға алуды ұсынады. Яғни, шаруа қожалығының иелері теріні еңбек өтемінің бір бөлігі деп санап, оны ақшаға айырбастауға болатын шикізат деп бағалап үйренуі тиіс. «Әйтпесе, теріні ауылдағы кейбір тұрғындар қоқысқа тастайды», – деп қынжылады кәсіпкер.Сапасыз теріден де пайдалы өнім алады Жартылай өңделген тері дайын аяқкиімге айналғанша түрлі өндіріс тізбегінен жүріп өтеді. Елімізде бұл тізбек қалыптаспағандықтан, тері өңдеу зауыттары құны төмен бағаланған өнімін желатин өндірісіне жібереді. Бірақ былғары дайындайтын өндірістер секілді бұл кәсіпорындар да шетелдерде орналасқан. Кәсіпкерлер осындай ірі өнеркәсіп орнын өзімізде ашуды ұсынады. Яғни, онда жартылай өңделген тері өнімдерін қабылдау бағасы көтеріліп, түрлі отандық саланың желатинге сұранысы өтелер еді.
«Қазақстандағы терінің 40 пайызы желатин жасауға кетеді. Тері тамақ өндірісіне пайдаланылады, себебі аяқкиім не басқа да салаларға қажетті тері не былғары әзірлейтін шикізаттың сапасы төмен. Сол желатин өңдейтін зауыт елімізде салынса деген ұсынысымыз бар. Мен зауытты салғым келеді, бірақ оған несие берілмейді. «Сен кепілге мүлкіңді қой» дейді. Өндіріс орны, мысалы 20 млн доллар тұрса, оған 40 млн долларлық мүлікті кепілге қою керек. Ондай қаржы болса, теріге барып ақша салып нем бар, басқа салаға салып тез табыс таппаймын ба? Сол үшін мемлекет қолдауы қажет», – деп атап өтті Нұрман Нүптекеев.Айта кетерлігі, желатин фармацевтика, медицина, косметика саласында қолданылады. Сондай-ақ желатин тамақ өндірісінде көп пайдаланылады. Мұндай өнімнің құрамында Е 441 тамақ қоспасы бар деп белгіленеді. Ол ет және балық консервісіне қосылады. Көптеген жұмсақ тәттілер – желе, мармелад, зефир, балмұздақ, кәмпитке желатин қосылады. Сондай-ақ торт, крем, суфле, пудинг әзірлеу үшін де желатин қажет. Сонымен қатар шарап, сыра, тәтті сусынның түсін ашу үшін де желатин керек. Балды қоюлату үшін, сағыздың тұтқырлығын арттыру үшін де желатин қосылады. Теріден мал өнімінен шығатын ақуыз алынады. Одан шұжықтың сыртындағы қабын жасайды. Медицинада да пайдаланады. Ең жоғары сапалы тері өнімдерінен дәрінің капсуласын жасайды. Ал сапасыз желатиннен құрылыс материалы ретінде желім әзірленеді. Қазір түрік инвесторлары еліміздің оңтүстігінде желатин әзірлейтін зауыт салуға ниет білдіріп отыр. Алайда ол іске асуы үшін ұзақ уақыт қажет. Сондықтан желатин жасайтын өнім Ресейге, Өзбекстанға, Түркияға немесе Қытайға жөнелтіледі. Жеткізуге жұмсалатын жол шығыны да аз емес. Айтпақшы, салада маман жетіспеушілігі де бар. Еліміздегі барлық зауытта басқа елдердің мамандары жұмыс істейді. Өйткені саладағы тоқырауға байланысты отандық жоғары оқу орындары маман даярлауды тоқтатыпты. Оған осы салада қолданылатын 150-ден астам химикат, реагент жеткізу мәселесінің шешімін таппағанын қосыңыз. Сөз соңында отандық сапалы әрі бағасы қолжетімді аяқкиім киюді аңсайтындар үшін тері өңдейтін саланың жұмысы жолға қойылуын күтуге тура келетініне көз жеткіздік. Былай қарасаң, шикізаттан тапшылық жоқ. Елімізде мал көп. Тек сол малдың терісін кәдеге жарату үшін тұтастай саланы қайта жандандырып, оның аяқ алып кетуіне себепші болатын кешенді бағдарлама қажет. Өйткені шикізатты шетелге тасып жүрген кәсіпкерлер де өнеркәсібін мемлекет қолдауына алып, экономика кірісін ұлғайтқан көрші елдердің тәжірибесін өзіміз қайталасақ деп отыр.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ