Қазақта кім білмейді Айталыны, қазақтың мұң-зары ғой айтатыны...
Қазақта кім білмейді Айталыны, қазақтың мұң-зары ғой айтатыны...
83 жасқа қараған шағында Амангелді Айталы өмірден озды. Бірде ол «балалығым жұпыны өтті. Сол жұпынылықтың орнын толтыру үшін оқи бердім, оқи бердім» деген еді. Расымен, ойы да, өзі де кітап-адам басқалардан биік-ті. Депутат болған шағында елдің жайы мен жұрттың мұңын мінберден айтып, өзі басынан кешкендей күйге бөленетін. Кейінгі жылдары кесек ойын мақалаларынан оқып жүрдік. «Қазіргі жастар білімдар емес, тек әр нәрседен хабардар» дегенінде де талай дүние жатыр-ау. Заманның кем тұсын, ұлттың әлсіз жағын бетке айтар кім қалды десеңізші?!   Қуаныш АЙТАХАНОВ, Мемлекет және қоғам қайраткері:

Ел үшін туған ерекше тұлға

Амангелді Айталы Парламенттің қос шақырылымында да депутат болды. Ол кісінің кісілігі туралы айта берсең бүгін бітпейді. Бір айтарым, ол ақыл-парасаты мол, жан-жақты, терең білімді, білгір жан болды. Әрбір мәселені тереңінен ойлай­тын. Сол өзі көтерген мәселесі­не үлкен мән беріп, істің мән-жайына тереңінен бойлайтын. «Қазақ» десе ­жан-тәнімен беріліп, ұлтының бүгіні мен келешегі жайлы небір кесек-кесек ой-пікірлері мен ұсыныстарын ашық айтты. Алаштың Амангелдісі осындай айтулы азаматтың бірі де бірегейі, нар тұлғамыз еді. Кейіннен республикалық басылым­дардың бетінде де елдегі болып жатқан әртүрлі мәселе жөнінде өз ой-пікірін білдіріп отырды. Ұлтының руханияты ғана емес, экономикасы туралы, жалпы қоғамды ойландыратын өзекті мәселелер жөнінде өте терең ойлы философиялық мақалалар жазатын. Ол кісінің жазған кез келген мақаласын ізденіп жүріп оқыдық. «Амангелді Айталы бұл жөнінде не айтады екен?», «Мына мәселе жөніндегі пікірі қандай екен?» деген жалғыз біз емес, ұлтын сүйген кез келген адам ол жазған мақалаларды осылай іздеп жүріп оқығанына көзім жетеді. Ол осындай ел үшін туған ерекше тұл­ға еді. Амал жоқ, Алланың бұйрығы со­лай болған шығар. 83 жасына қарағанда қа­лың қазақ Амангелді Айталысынан айы­рылды. Осы жасына қарамастан соң­ғы кездердің өзінде Ақтөбе қаласында уни­верситетте профессор болып жұмыс іс­тей жүріп, көптеген публицистикалық ма­қала жазды. Жай ғана жазған жоқ, жұрт­тың жа­йын қозғап үлкен-үлкен ұсы­ныста­ры­мен шығып жүрді. Қазақ осын­дай руха­ният­тың жанашырын, еліміздің идео­логиясын жасайтын азаматынан айы­рылды. Жатқан жері жайлы, топы­ра­ғы торқа болып, жаны жәннаттық болсын!   Уәлихан ҚАЛИЖАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Зиялылардың зиялысы еді

Амангелді Айталы – қазақ гума­нитарлық ғылымындағы ірі тұлға. Ұстаз әрі қоғам қайраткері. Ол кісімен бірге Парламент Мәжілісі мен Сенаттың қа­бырғасында қызмет істеу бақыты бұйыр­ған екен. Менен үлкен болса да «Уақа» дейтін. Бірде «Кім білмейді Ақтөбеде Айталыны? Қазақтың мұң-зары ғой айтатыны» деп өлеңдеткенімде, сондай риза болып: «Бұдан артық маған қандай баға беріледі? Арғы жағы керегі жоқ» деп риясыз күлгені бар. Парламент қабырғасында жүргенде шекара сыртына кеткен тастанды бала­лардың тағдыры туралы бірнеше де­путаттық сауал жолдадық. Соның негі­зінде Англияға барып, сол жердегі асы­рап алынған қазақстандық балалардың жай-күйін көрдік. Қазақ ұлтшылдығы, қазақтың діні мен ділі, тілі десе жанын беруге даяр адам болды. Дене бітімі ірі болғанымен, жүрегі нәзік тұлға болатын. Ұмытпасам, 2003 жылы Парламенттің біріккен отырысында «Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді әрқайсымыз өзімізден бастау керек» деген мәселені көтеріп, Сенат пен Мәжіліс депутаттарын мемлекеттік тілден тест тапсыру жайлы ұсынысты күн тәртібіне шығартты. Ұсы­ныс дауысқа салынған кезде Мәжілістің 40 депутаты, Сенаттың 18 депутаты қарсы дауыс берді. Сол кезде Амангелді ағамыз күйініп: «Мемлекеттік тілді Парламенттің өзінде қолдата алмасақ, билік қалай қолдайды?» деп жаны ауырған сәті әлі есімде. Көзі тірісінде әл келгенше хабар­ла­сып, сыйласып тұрдық. Әр хабарласқанда халықтың жайын қозғайтын. Амал не, енді «Уақа» дейтін Айекем, «Айеке» деп хабарласатын менің де жағдайым болмай тұр. Жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын! Қазақтың ұлтжанды зиялы қауымы десек, сол қауымның ішіндегі зиялылардың зиялысы, бірегей тұлға еді.   Ертай АШЫҚБАЕВ, ақын:

Туғанына да турасын айтқан

Сонау ертерек кезде, 1978 жылдың қаңтарында Ақтөбе қаласында бір топ аудандық газет қызметкері мен кеңшар парткомы хатшыларының бір айлық семинары өткен. Сонда дәріскерлер қатарында Амангелді ағамыз да болып, халықаралық жағдай туралы сабақ жүргізген. Бір ұмытылмайтыны, сол кездегі тәртіп бойынша орыс тілінде сөйлеген ағамыз сол әңгімесінде, әсіресе ұлт (қазақ) мәселесіне шұқшия тоқталып, көз-көкірегімізді ашып жіберген, үй сыртында кісі барынан жасқанбаған. Кейін Ақтөбе қаласында ағамызбен араға үзілістер салып біраз бірге жүр­дік, талай жиын-жиналыстарға қа­тыстық, дәмдес, дастарқандас болдық. Қай жерде қандай әңгіме қозғалса да Амангелді аға пікірін тура айтатын. Ол кісіде «мына пікірімді шенеуніктер алдында айтайын, ал қалың бұқараның алдында былай сөйлейін» дегендей бақай есепшілдік болған емес. Ханның алдында да, қараның алдында да ұнаса да, ұнамаса да адал пікірін ғана айта­тын мұндай тұлға мына байтақ елімізде саусақпен санарлық қана шығар. Ал ағамыздың Қазақстан мен күллі әлемнің бүгіні мен ертеңін еркін тал­дап отыратын телегей теңіз филосо­фиялық байламдары, соңында қалған асыл ғылыми еңбектері жөніндегі әңгіме тіпті бөлек. Қадірлі аға! Иманыңыз саламат бол­сын. Пейіште нұрыңыз шалқығай.