Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 2023 жылды Ауыл жылы деп жариялағаны белгілі. Президенттің жаңа тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы саласын дамытуға реформалар енгізіп, отандық тауар өндірушілерді қолдауға қаржылай серпін берудің маңызы зор.
Ал Абай облысында кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан түрлі қаржылық қолдау, көмек көрсету қазірден жүзеге аса бастағаны қуантады. Сол мақсатта облыс орталығы Семей қаласындағы «Өрлеу» бизнес орталығында «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының филиалдары ашылды. Бұл, сөз жоқ, қала өміріндегі ғана емес, қырдағы мал баққан, егін салған ағайын үшін де елеулі жаңалық болды.
Филиалдардың салтанатты түрде ашылуына Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Абай облысы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Нұрболат Айдапкелов, холдингтің еншілес ұйымдарының басшылары, облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері, кәсіпкерлер арнайы қатысты.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашевтың айтуынша, үстіміздегі жылдың 15 желтоқсанына дейін 432 ауыл шаруашылығы техникаларына лизинг үшін 7,7 миллиард теңге қаражат бөлінген. Бұл ауыл шаруашылығы бизнесімен айналысатын кәсіпкерлер үшін үлкен көмек. Бүгінде Абай облысы бойынша 9 мың аграрлық шаруашылық 185 шаршы шақырым аумақта өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдағы жылы да оларға қаржылай көмек көрсету көлемі көбейетін болады.
Жаңадан құрылған облыстан аграрлық саланы қаржыландыратын ұйымдардың филиалдардың ашылып, осындай ауқымды жобаларды қолға алуы отандық кәсіпкерліктің дамуына, сол арқылы еңбек өнімділігінің артуына жол ашатыны анық.
Бұл қадамның құптарлығы сол, нарықта бағын сынауға ұмтылған кәсіпкерлер үшін енді несиеге өтінім берудің жолы бұрынғыдай қиынға түспейді. Әсіресе, Абай, Бесқарағай, Бородулиха аудандарынан кәсіп ашқан іскер азаматтар енді өзінің туған қаласына келіп, көздеген мақсатына тезірек қол жеткізуіне жол ашық. Сонымен қатар үш еншілес ұйымның бір ғимаратқа орналастырылғаны да кәсіпкерлер үшін өте тиімді.
Маңызды жиында сөз алған «Аргарлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков атап өткендей, кейінгі 7 жылдың ішінде Абай облысы бойынша құны 15 ірі инвестициялық жоба жүзеге асқан. Оған жұмсалған қаражат 20 млрд теңгені құрайды. Соның нәтижесінде өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуы оң нәтиже бере бастаған. Яғни, мал өсіріп, кәсібін дөңгелеткен азаматтардың бордақылау алаңдарын салу, ет-сүт өңдеу кешендері мен тауарлы сүт фермаларын дамыту, асылтұқымды мал шаруашылығының желісін құруына қолдау көрсетіліп келеді. Бұдан бөлек, 9 несие серіктестігін қаржыландыру арқылы 878 шаруашылық тиімді несиеге қол жеткізіп отыр.
«Жыл басынан бері «Кең дала», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары бойынша Абай облысында 3,3 млрд теңгенің 186 жобасы қаржыландырылды. Аймақтың шаруаларын қолдауды келесі жылы да жалғастырамыз», – дейді «Аргарлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.
Жиын барысында «Қазақстан фермерлер Ассоциациясы» филиалының басшысы Серік Байғалиев те өз ойын ортаға салды.
«Мен несие беру үшін құжаттар пакетін қысқарту туралы ұсыныстар жасадым, өйткені бұл фермерлерге қиындық туғызады. Сондай-ақ фермер 6% орнына 23,5% төлеуге мәжбүр болған кезде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мәселесі бар. Әрине, бұл ақша кейіннен фермерге қайтарылады, бірақ әрбір фермер мұндай жоғары несие мөлшерлемесін төлей алмайды. Әрбір фермерге «Бәйтерек» және КАФ өнімдері қолжетімді болуы үшін несие беру жүйесін мүмкіндігінше жеңілдету қажет деп санаймын», – дейді С. Байғалиев.
Бүгінде «Аграрлық несие корпорациясының» республика бойынша 16 облыстық және 3 қалалық филиалы бар. Ел аумағы бойынша, айтар болсақ, 80 мыңға жуық ауыл шаруашылығы саласы бойынша тауар өндірушіге қызмет көрсетеді.
Тағы бір атап айтар жайт, «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалы лизингке ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға ниет білдірген шаруаларды қаржыландыру жайын жалғастырады. Қазір филиалдың клиенттік базасында 650 шаруа қожалығының өтінімі қабылданған. Мұнда 11 айдың ішінде 698 техника лизингке берілген.
Жаңа аймақтың әлеуеті зор. «ҚазАгроҚаржы» ауыл шаруашылық техникасының лизингі нарығында ең қолайлы шарттарды ұсына отырып, өз клиенттерінің санын арттыруды жоспарлап отыр.