Агроөнеркәсіп саласын қаржыландырудың маңызы айрықша
Агроөнеркәсіп саласын қаржыландырудың маңызы айрықша
304
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 2023 жылды Ауыл жылы деп жариялағаны белгілі. Президенттің жаңа тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы саласын дамытуға реформалар енгізіп, отандық тауар өндірушілерді қолдауға қаржылай серпін берудің маңызы зор. Ал Абай облысында кәсіп­керлерге мемлекет тарапынан түрлі қаржылық қолдау, көмек көрсету қазірден жүзеге аса бастағаны қуантады. Сол мақ­сатта облыс орталығы Семей қаласындағы «Өрлеу» бизнес орталығында «Бәйтерек» хол­дингінің еншілес ұйымдары – «Аграрлық несие корпора­ция­­сы» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қо­рының филиалдары ашылды. Бұл, сөз жоқ, қала өміріндегі ғана емес, қырдағы мал баққан, егін салған ағайын үшін де елеулі жаңалық болды. Филиалдардың салтанатты түрде ашылуына Ұлттық эко­номика министрі Әлібек Қуан­тыров, Абай облысы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Нұр­болат Айдапкелов, холдингтің ен­шілес ұйымдарының бас­шы­лары, облыстың ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілері, кәсіпкерлер арнайы қатысты. «ҚазАгроҚаржы» АҚ бас­қарма төрағасы Айдар Прашевтың айтуынша, үстіміздегі жылдың 15 желтоқсанына дейін 432 ауыл шаруашылығы техникаларына лизинг үшін 7,7 миллиард теңге қаражат бөлінген. Бұл ауыл ша­руашылығы бизнесімен айна­лысатын кәсіпкерлер үшін үлкен көмек. Бүгінде Абай облысы бо­йынша 9 мың аграрлық ша­руа­шылық 185 шаршы шақырым аумақта өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдағы жылы да оларға қаржылай көмек көрсету көлемі көбейетін болады. Жаңадан құрылған облыстан аграрлық саланы қаржылан­ды­ратын ұйымдардың филиалдар­дың ашылып, осындай ауқымды жобаларды қолға алуы отандық кәсіпкерліктің дамуына, сол ар­қылы еңбек өнімділігінің артуына жол ашатыны анық. Бұл қадамның құптарлығы сол, нарықта бағын сынауға ұм­тылған кәсіпкерлер үшін енді несиеге өтінім берудің жолы бұ­рынғыдай қиынға түспейді. Әсі­ресе, Абай, Бесқарағай, Боро­ду­лиха аудандарынан кәсіп ашқан іскер азаматтар енді өзінің туған қаласына келіп, көздеген мақса­тына тезірек қол жеткізуіне жол ашық. Сонымен қатар үш еншілес ұйымның бір ғимаратқа орна­ластырылғаны да кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Маңызды жиында сөз алған «Аргарлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков атап өткендей, кейінгі 7 жылдың ішінде Абай облысы бойынша құны 15 ірі инвести­ция­лық жоба жүзеге асқан. Оған жұм­салған қаражат 20 млрд тең­гені құрайды. Соның нәтижесінде өңірдегі ауыл шаруашылығы са­ласының дамуы оң нәтиже бере бастаған. Яғни, мал өсіріп, кәсі­бін дөңгелеткен азаматтардың бордақылау алаңдарын салу, ет-сүт өңдеу кешендері мен тауарлы сүт фермаларын дамыту, асыл­тұ­қымды мал шаруашылығының желісін құруына қолдау көрсетіліп келеді. Бұдан бөлек, 9 несие се­ріктестігін қаржыландыру арқы­лы 878 шаруашылық тиімді не­сиеге қол жеткізіп отыр.
«Жыл басынан бері «Кең дала», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары бойынша Абай облысында 3,3 млрд теңгенің 186 жобасы қаржыландырылды. ­Ай­мақтың шаруаларын қолдауды келесі жылы да жалғастыра­мыз», – дейді «Аргарлық несие кор­порациясы» АҚ басқарма төра­ға­сы Алмат Әшірбеков.
Жиын барысында «Қазақстан фермерлер Ассоциациясы» фи­лиалының басшысы Серік Бай­ғалиев те өз ойын ортаға салды.
«Мен несие беру үшін құ­жат­тар пакетін қысқарту туралы ұсыныстар жасадым, өйткені бұл фермерлерге қиындық туғызады. Сондай-ақ фермер 6% орнына 23,5% төлеуге мәжбүр болған кезде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мәселесі бар. Әрине, бұл ақша кейіннен фермерге қайтарылады, бірақ әрбір фермер мұндай жоғары несие мөлшер­лемесін төлей алмайды. Әрбір фермерге «Бәйтерек» және КАФ өнімдері қолжетімді болуы үшін несие беру жүйесін мүмкіндігінше жеңілдету қажет деп санаймын», – дейді С. Байғалиев.
Бүгінде «Аграрлық несие кор­порациясының» республика бо­йынша 16 облыстық және 3 қала­лық филиалы бар. Ел аумағы бо­йынша, айтар болсақ, 80 мыңға жуық ауыл шаруашылығы саласы бойынша тауар өндірушіге қыз­мет көрсетеді. Тағы бір атап айтар жайт, «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалы лизингке ауыл шаруа­шылығы техникасын сатып алуға ниет білдірген шаруаларды қар­жыландыру жайын жалғастырады. Қазір филиалдың клиенттік ба­засында 650 шаруа қожа­лы­ғы­ның өтінімі қабылданған. Мұнда 11 айдың ішінде 698 техника ли­зингке берілген. Жаңа аймақтың әлеуеті зор. «ҚазАгроҚаржы» ауыл шаруа­шы­лық техникасының лизингі на­рығында ең қолайлы шарттарды ұсына отырып, өз клиенттерінің санын арттыруды жоспарлап отыр.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы