Өңделмеген шикізат елді өрге бастырмайды
Өңделмеген шикізат елді өрге бастырмайды
804
оқылды
Үкімет ақыры бар шындықты жайып салды: Қазақстанда негізгі металдардың бүкіл өндірісін 4 олигархтық топ басыбайлы астына басыпты. Тіпті, олардың аты да аталды. Әрине, әділдік үшін бұл аздық етеді, ары қарай қайтпек керек? Себебі алпауыттар қазыналы қазақ жерінің қойнауындағы металл атаулыны шетелге шикізат күйінде сатып жатыр. Ал отандық өңдеу кәсіпорындарында шикізат тапшылығы күшейді, біраз компания жабылу қарсаңында. Сондықтан Президент тапсырмасымен, жаңа жылда жаңа тетік енгізіледі: олигархтар не ішкі нарықты металмен молықтырады, не лицензиясы мен контрактісінен айырылады. «Бодан заманда Қазақстан Кеңес Ода­ғының шикізат қоймасы рөлін ғана атқар­ды», «бар шикізатымызды әкетіп, бізге тек шаңы қалды» деп айтылып жүр. Шын мә­нісінде, тәуелсіздіктің алғашқы онжыл­дық­тарында жағдай көп өзгермеген сыңайлы: тек отарлаушы орталық орнын олигополия басқандай. Ал Әділетті Қазақстанда бәрі өзгереді деген үміт бар. Осы бағытта алғаш­қы қадам жасалды. Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі өз талда­уында Қазақстандағы негізгі металдардың өндірісі шектен тыс монополиялан­ды­рылғанын мәлімдеп, проблеманы шешудің бастапқы амалдарын ұсынды. Соның негізінде жаңа заң жобасы әзірленді. Мемлекет басшысы Жолдауы аясында Үкіметке қарапайым ереже енгізуді тапсыр­ған: өз өңдеушілеріміз үшін отандық ши­кізаттың бағасы – қолжетімді, ал көлемі – жеткілікті болуы тиіс. Әйтпесе, өзгеге арман болған ұшан-теңіз қазынаның үстінде оты­рып, металға жарымағанымыз әбестік. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Өйт­кені қару-жарақ, әскери техника, тіпті оқ-дәрі, снаряд жасау үшін сапалы металл керек. Мұның сыртында аста-төк қазба бай­лыққа ие және соны көп көлемде өндіретін Қазақстанда шикізат тапшы: Индустрия министрлігінің мәліметінше, отандық экономиканың импортқа жоғары тәуелділігі сақталуда. Ведомствоның талдауы көрсет­кендей, «бүгінде отандық тауар өндіруші­лерді ішкі нарықтан импорттық тауарлар ығыстырып шығарып жатыр». Мәселен, 2021 жылы республика өңделген металды және металл өнімдерін 38 миллиард дол­ларға шетелден тасыған. Ол металдардың барлығы өзімізде бар, тек шикізат күйінде. Содан импорталмастыру жайына қалып, «жыл сайын Қазақстан экономикасының импортқа тәуелділігі тек арту үстінде». Мысалға, алюминийді алайық. Индус­трия министрлігінің (ИИДМ) мәліметінше, бұл салада бүкіл металл өндірісі жалғыз ғана кәсіпорынға беріліп, тұтас монополиялан­дырылған. Өндірісті астына басқан алпа­уыт – «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ. Ол бай олигархтар Александр Машкевич, Патох Шодиев, Шухрат Ибрагимов бақылауындағы ERG (Eurasian Resources Group) компаниясының құрамына кіреді.
«Қазақстан электролиз зауыты жылына шамамен 260 мың тонна бастапқы алю­миний өндіреді. Оның 34 мың тоннасын немесе 13 пайызын ғана отандық өңдеу кәсіпорын­дарына жібереді. Ал шынында, қазақстандық қажеттіліктің жалпы көлемі 73 мың тоннадан асады. Бұл мұқтаждық қанағаттандырылмай тұр», – деп түсіндірді министрлік.
Жалпы, елімізде өңдеу кәсіпорындары жетерлік, ірілері – «Қазақстан алюминийі» ЖШС, ALUGAL ЖШС, «Профиль metals ltd» ЖШС, «Кіші металлургия» ЖШС, «Вектор Павлодар» ЖШС, Gold Aluminium ЖШС, «Цветлит» АҚ, «Қазэнергокабель» АҚ, «Талдықорғанкабель» ЖШС, «ЕМЗ» ЖШС және басқасы. Олардың бәрі ши­кізатқа қарық болса, сала гүлденіп кететін түрі бар. Өкінішке қарай, аталған кәсіп­орындар тіпті шетелден шикізат тасығанның өзінде, 52 пайыздан төмен жүктелген. Себебі қолдарына 38 мың тоннадан аспай­тын шикізат қана тиеді. Ел мыстан да тарығып отыр. ИИДМ де­регінше, мыс өндірісін бар-жоғы үш алпа­уыт қанжығалап кеткен. Бұлар – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Қазмырыш» (Казцинк) ЖШС және KAZ Minerals то­бы. Олар 459 мың тонна катодты мыс өндіреді. Бірақ соның тек мардымсыз көлемін – 5,3 мың тоннасы немесе 1,2 па­йызын қазақстандық өңдеу кәсіпорын­дарына жөнелтеді. Шынында, қазірдің өзінде, яғни қолданыстағы зауыт­тардың қажеттілігі шамамен 38 мың тон­наны құрайды. Шикізат оларға да жетпей жат­қанын көріп инвесторлар жаңа өңдеуші кәсіпорындарды ашпасы сөзсіз. Елімізде «KAZKAT» ЖШС, «ЕМЗ» ЖШС, «Қазэлек­тромаш» ЖШС, «Түрлі-түсті металдарды өңдеу зауыты» АҚ, «ҮМЗ» АҚ және басқасы мысты өңдеумен айналысады. Олар жос­парлы қуатының орта есеппен 26 пайызына ғана жүктелген: еншісіне тиетін шикізат 10 мың тоннадан аспайды. Өз өңдеушімізді өзектен теппеген жөн Екінші Дүниежүзілік соғыста Қазақстан майданның басты арсеналы рөлін атқар­ғаны, жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы қазақстандық қорғасыннан жасалғаны мәлім. Яғни, қорғасынсыз қорғаныс жоқ. Бұл салада да алаңдатарлық жағдай қалып­тасыпты. Атап айтқанда, барлық қорғасын­ды жалғыз «Қазмырыш» ЖШС ғана өндіреді екен. Оның бақылаушы акционері –швей­цариялық трейдер Glencore International plc. Ол жылына 108 мың тонна тазартылған қор­ғасын шығарады. Соның небәрі 24 мың тон­насын немесе 23 пайызын отандық өң­деу кәсіпорындарына береді. Еліміздің қорға­сынға сұранысы кем дегенде 30 мың тонна. Бірақ қорғасынды өңдеу саласында қа­зір «Қайнар-АКБ» ЖШС ғана қалыпты, оның өзі жүз емес, 80 пайызы ғана жүктелген. өңделмеген шикізат Монополистер қит етсе, шетелдік тұты­нушылары алдындағы міндеттемелерін алға тартады: олар әлемдік трейдерлік ұйым­дармен ұзақмерзімді шарттар бекіткен. Тиісінше, Қазақстанда өндірген метал­да­рының барлық дерлік көлемін басымдықты түрде халықаралық келісімшарттары бо­йынша жаһандық нарыққа аттандырады.
«Отандық металдардың қолжетімсіздігі, олардың контрактімен шетелге жөнелтілуі салдарынан қазақстандық метал өңдеушілер өзіне қажетті шикізатты не шетелдік тау-кен өндіруші компаниялардан алғызуға, немесе отандық шикізатты тек делдалдар арқылы сатып алуға мәжбүр. Осының кесірінен, отандық дайын өнімдердің түпкілікті құны қымбаттайды. Осылай бәсекеде ұтылған жағ­дайға жұмыс істеуіне байланысты отан­дық металл өңдеуші зауыттар толыққанды жүк­телмейді. Әрі олар қосылған құны ана­ғұрлым жоғары метал өнімдерін шығаруға көше алмайды. Ел ішінде осындай кешенді проб­лема орнағанын көріп, инвесторлар Қазақ­станда дайын өнім шығаратын кә­сіп­орын­дарды құрмайды. Ал металлургия­лық шикізат толығымен дерлік экспорт­талуын жалғас­тыруда. Бұл тұйық «Қазақ­станның импор­талмастыру бағдарламасын» сапалы жүзеге мүмкіндік бермейді» деген байлам жасады Индустрия министрлігінің сарапшылары.
Ардагер-металлург, ірі металлургиялық компанияның менеджері Дәуірбай Оспанов тағы бір түйткілге назар аудартты. Мысалы, көрші Қытайда, Ресейде, Қырғызстанда және басқасында металл өңдеу, машина­жасау, металл бұйымдарын өндіру зауыт­тарына шикізат тікелей өз өндірушілерінен, солардың бағасымен жөнелтіледі.
«Мына «қызыққа» қараңыз: қазақстан­дық өңдеу зауыттары да шикізатты отандық өндірушілерден ала алады, бірақ оның бағасына басы артық шығыстар қосылады: мысалы, оның ақырғы құны ретінде Лондон метал биржасының (London Metal Exchange, LME) құны алынады. Ал биржа құ­нына шикізатты LME-дің қоймасына жет­кізу құны да кіреді. Себебі жеткізілімді сақтандыру үшін шикізат Лондон биржа­сының қоймасына жеткізілуі шарт. Бұл жалған өнім сатылмауы, алаяқтықтың алдын алу үшін де жасалады. Биржаның бізге жақын қоймалары бәрібір қашықта, Қара теңіз порттарында орналасқан. Деген­мен Қазақстандағы кен орнынан Қазақ­стандағы өңдеу зауытына жеткізу үшін оны Қара теңіздегі қоймаға жеткізудің қажеті жоқ. Алайда Лондон биржасының бағасын негізге алатындықтан, шикізат құнына қой­ма құны да кіреді. Бұдан бөлек, ол құнға халықаралық сақтандыру, транзит, әрбір металл тоннасы үшін үстеме сыйақы сияқты шығындар да қосылады. Сөйтіп, біздің өңдеу кәсіпорындары негізсіз шығында­лады», – деді сарапшы Д.Оспанов.
Осыдан кейін отандық металл бұ­йымдары халықаралық нарықта шетелдік, қытайлық, ресейлік өнімдермен қалай тең бәсекелесе алады? Жағдайды түзету үшін Индустрия ми­нистрлігі Үкімет әзірлеп жатқан «Кейбір заң­намалық актілерге Мемлекет басшы­сының кейбір тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заңының жо­басына осы салаға қатысты төл түзетулерін қосты. Нәтижесінде, «өңдеуші кәсіп­орын­дарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету бөлігінде жер қойнауын пайдалануға ар­налған келісімшарттар мен лицензияларға талаптар» енгізіледі. Олигархтар қырсықса, азуы қағылады Бұл президенттік бастаманың бірне­ше игілігі бар. Біріншіден, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі қорғалады, өйткені заң бойынша экономикалық қауіпсіздік де­геніміз – ұлттық экономиканың қорғалуы. Екіншіден, Қазақстанның тұрақты дамуы мен экономикалық тәуелсіздігі қамтамасыз етіледі. Үшіншіден, отандық өңдеу кәсіп­орындарының құқықтары мен заңды мүд­делері ілгерілетіледі. 2026 жылға қарай өң­деу өнеркәсібі отандық шикізаттың қажетті көлемімен толық қамтылуы тиіс. Төртін­шіден, Қазақстан экономикасының им­порт­қа тәуелділігі азайтылады. Әлгінде айтылған 38 миллиард долларлық (шамамен 18 трлн теңге) импорттың үлкен көлемін елде қалдыруға мүмкіндік туады. Бастамаға сәйкес, бір жағынан, металл өндірушілер ішкі нарықты отандық ши­кізатпен қамтамасыз етуге міндеттеме ала­ды. Екінші жағынан, өңдеуші кәсіпорындар шикізатты сатып алуға және оларды өңдеуге міндеттеме қабылдайды. Жаңа тетіктің алгоритмі келесідей: ал­дымен, уәкілетті орган (бүгінде бұл – ИИДМ) тұрақты негізде, отандық шикізат­пен қамтамасыз етуге өтінімдерді қабыл­дайды. Шикізат сұрап, одан басым тауар­ларды өндіру үшін технологиялық және техникалық мүмкіндіктері бар индустрия­лық-инновациялық қызметтің барлық субъектісі жүгіне алады. Содан соң уәкілетті орган өтініштерді 5 жұмыс күні ішінде қарауы шарт. Өтініш талапқа сәйкес болса, онда уәкілетті орган 15 жұмыс күні ішінде өтінішке сараптама жүргізеді. Соның қорытындылары бойынша есеп қалыптастырады да, оны танысу үшін – өтініш берушіге, шарт жасасу үшін – отан­дық шикізатты өндірушіге жібереді. Мін­деттемеде тараптар, отандық шикіза­т­тың түрлері, оларды жеткізудің көлемдері, шарттары мен бағалары көрсетіледі. Егер олигархтар бақылауындағы алпа­уыттар меморганнан келген өтінішті қо­қысқа лақтыра салса, не болады? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лігінің түсіндіруінше, міндеттемелерді орын­дамағаны үшін бірнеше жаза қарас­тырылады. Біріншіден, мемлекет ондай алпауытпен арадағы жер қойнауын пай­далануға арналған контрактіні біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын бұзады. Екін­шіден, оның қатты пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензиясын қайтарып алады. Үшіншіден, компанияға орында­маған міндеттемесінің шикізат құнына ба­ла­малы сомасында өсімпұл (неустойка) тө­­леуге тура келеді. Ендеше отандық на­рықты шикізатпен молықтыру міндеттеме­сін орын­дамағаннан орындаған тиімдірек болмақ. Әрине, бұл заңнамалық түзетулер қа­был­данбауы үшін олигархтар бар ықпалын және медиаресурстарын жұмылдырып, қарсыласып бағуы мүмкін. Ал егер заң күшіне енсе, сол күннен бастап 6 ай ішінде барлық шикізат өндірушілер контрактілері мен лицензияларына тиісті өзгерістер енгізу үшін уәкілетті органға жүгінуге міндетті болады. Жалпы, Әділетті Қазақстан осы салада әділдік орнатудың алғашқы практикалық қадамдарына кірісіп те кетті. Мысалы, Үкімет үшжақты келіссөздер арқасында кен орындарын иемденген алпауыттардың отандық өңдеушілер үшін алюминий құнын LME бағасынан 5 пайызға, мысты бир­жадағыдан 5 пайызға, қорғасынды 2 пайызға арзан жеткізуге қол жеткізіпті.