Азаматтық поэзиядан алыстап кеттік – Темірхан Медетбек
Азаматтық поэзиядан алыстап кеттік – Темірхан Медетбек
1,317
оқылды
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбек – өткір пікірімен, ұлтжанды болмысымен оқырманын риза етіп келе жатқан қаламгер. Оның өлеңдері өмірдің өзіндей боямасыз, халықтың рухындай қалтқысыз. Сондықтан да шығар, ақын шабыт іздеумен шектелген жоқ. Қай қызметте жүрсе де, қоғам өміріне, әлеуметтік мәселелерге бел шешіп кірісіп, азаматтық позициясын айқын көрсетті. Жақында қаламгермен жүздесіп, қазақ әдебиеті жайлы әңгімелестік. – Темірхан аға, биыл жетпістің бел ортасына жетіпсіз. Ақындық мақсатыңыз бен адамдық парызыңызды қаншалықты қалтқысыз орындай алдыңыз? – Иә, жетпістің бел ортасынан астым. Бірақ ақындық мақсат пен адамдық парызды қалтқысыз орындау мүмкін емес. Жалындап тұрған жас кезде бо­лашаққа үмітпен қарап, керемет шы­ғармаларды дүниеге әкелсем деп ой­лайсың. Бірақ оның бәрін орындау мүм­кін емес екен. Өмірде бәрі біз ойла­ғандай болмайды. Шығармашылық пен отбасын қатар алып жүру қиын. Үй болғаннан кейін бала-шағаңды жеткізсем дейсің, қажыр-қайратыңды жұмсайсың. Осының бәрі күшті де, ақылды да талап етеді. Болмыс-бітіміңді өзгеріске түсір­месе де, өмірдің белестерін кедергісіз асып өту мүмкін емес. Жас кезіңдегі қиял­дағыдай емес, жердегі шындыққа жақындайсың. Дегенмен адамгершілік парызыңды атқара жүріп, ақын екеніңді де ұмытпау керек. Азаматтық борыш пен ақындық мақсат қосылған кезде ғана үлкен деңгейге көтерілесің. Сондықтан да мен барлық жауапкершілігімді қалт­қысыз орындадым деп айта алмаймын. Ойда жүрген көп мақсат пен арманның орындалмай қалған кездері де болды. Әрине, бұл мен үшін үлкен өкініш. – Бұрын саяси оқиғалардың бел ор­тасында жүріп, азаматтық позицияңыз­ды айқын білдіретінсіз. Қазір көрінбей кеттіңіз. Неге? – Көрінбей кеткенім рас. Өйткені жұрт коронавируспен бір рет ауырса, мен екі рет ауырдым. Қайта-қайта ауырғаннан кейін оның зардабынан арылу қиын екен. Жалғыз мен емес, отбасым да ауыр­ды. Саяси оқиғалардың бел ортасында жүретін мен үшін бірден шеттеп қалу маған да қиын болды. Ауруға не амал бар? Енді ғана тәуір болып келемін. Бір жағынан қарттықтың да әуре-сарсаңдары болады екен. Тағы да саяси оқиғаларға белшешіп сыбана кірісем, халық үшін күресемін деп айта алмаймын. Оған да күш пен қуат, уақыт пен денсаулық керек. Үйден шыға алмай отырсам да, қоғамдағы өзгерістерді бақылап отырамын. Кейде жаным күйеді, кейде қиналамын. Қуа­натын дүние аз. – Қазіргі қоғамның күйін біздің әде­биет қаншалықты суреттеп жүр? Өзінің заманында қандай әдебиет болса да, қандай бір керемет шығарма дүниеге келіп жатса да оған ешкім риза болмайды. Себебі шығарманың табиғаты сондай. Қоғамға, тіршілікке, адамдардың қарым-қатынасына соншалықты ықы­ласпен араласпайды. Әдебиетке бәрінің көңілі тола берсе ол әдебиет болмайды. Әдебиет деген ылғи бір ашқұрсақ, ылғи бір тойымсыз тіршілік. Әдебиетке келген адам жаза берсем, ала берсем деп қа­нағаттанбай жүреді. Бұл материалдық емес, рухани қанағатсыздық. Өмір бойы сен білім мен ілімнің бәрін жинай ал­майсың. Бірақ соған аш көзбен қарауың керек. Ол үшін өз қоғамыңдағы небір келеңсіз құбылыстарды, небір сөлекет тіршіліктерді айыптауың керек. Соны безбеңге салып, кейін шығармаңмен көрсете білуің керек. Бұл өмір бойы тоқтап қалмайтын процесс. – Сонда қоғамның бет-бейнесін әде­биет толыққанды бере алмай ма? – Жақсы шығармалар бар. Кейінгі жылдары тек жастардың әдебиетін ба­қылап отырамын. Бұрынғыларға қара­ғанда жас ақындардың шығармашылық өресінің кең екенін байқай бастадым. Жастардың ішінде де өлеңшілдері, орташалары, алып бара жатқан ештеңесі жоқ азаматтар да бар. Солай болса да, мен жастардың бойынан ілім-білімді, өзінше соқпақ салғысы келіп тұратын қабілетті байқадым. Сондықтан да мен жастардың жамандығын тергендерге қосылмаймын. Әрине, оларға әлі көп ізденіп, еңбектенуі керек. Десе де, дұрыс бағытпен келе жатқан жігіттерге үлкен сеніммен қараймын. Оқырманның талғамы бұзылып кетті – Заман өзгерді дейміз. Ал оқырманның талғамы ше? Ақындық пен өлеңшілдіктің айырмашылығы қандай? – Өлең оқығанда ол сені тебірентуі, толқытуы, сілкінтуі, басқа бір өріске шығаруы керек. Егер өлең оқырманын т­ебіренте алмаса, ол өлең емес. Яғни өресі төмен өлең. Ақындар да алуан түрлі. Олардың арасында өлеңшілдері де бар. Олардың жырын қанша оқысаң да, буын саны да, ұйқасы да, ырғағы да түгел. Бәрі дұрыс. Бірақ өлеңі жоқ. Оқырманын басқа әлемге ертіп әкете алмайды. Сон­дықтан да ақындықты түсіндіру қиын. Ол жаратушының берген сыйы. Өлең болмайтын нәрседен тұтанады. Оны өзің де түсінбейсің. Бір кезде қанша тебіреніп, толқып жазсаң да ешкімге әсер етпейтін өлең туады. Өкінішке қарай, оқырманның тал­ғамы бұзылып кетті. Талғам деген оқу арқылы, салыстыру арқылы қалыптасады. Бірақ оқырман қазір кітап оқудан қалып барады. Ең өкініштісі осы. Өзім де қар­тайғандықтан көп оқудан қол үзіп қал­дым. Ал жастар мүлдем кітапқа қы­зық­пайды. Енді оқырман кітапқа қайта орала ма, оралмай ма? Олар уақыт өткен сайын рухани мұрадан алыстап бара жатыр. Телефонға телмірумен өмірлерінің қалай өтіп бара жатқанын байқамайды да. Сын жанры жоғалып барады – Сізбен бірге қазақ поэзиясына келген буын ерекше леп, жаңаша бағыт алып келді. Қозғаған тақырыптары да, мағы­налары да терең еді. Ал қазіргі қазақ поэ­зиясындағы буыннан ондай қажыр-қайратты байқамаймыз. Неге? – Біздің кезімізде де өлеңшілдер болды. Алпысыншы жылдардан аса ең бір жемісті, ең бір қазақ әдебиеті биікке көтерілген кезең деп айтамыз. Соның ішінен саусақпен санарлықтай ғана ақынды айта аламыз. Мәселен, қазір 700-800 жазушы бар. Соның барлығын ешкім білмейді. Мен де кезінде Жазу­шы­лар одағында басшылық қызмет атқарсам да, соның кейбіреулерін тіпті таны­маймын. Жазушы, ақын деген атақты бұрын халық беретін. Қазір Жазушылар одағы тағайындайды. Ақан сері, Бір­жандардың кезінде от басы ошақ қасындағылар да ән айтып, өлең жазған. Бірақ халық тек мықтыларын мойын­даған. Жазушылар одағына мүше бол­ғандардың бәрі керемет қаламгер емес. Айталық, сол одақтың ішінен тек 20 ақын мен 20 жазушыны ғана атап айта аласың. Алайда 700-800 азаматтың барлығы бірдей қаламгер емес. Қазір жеке басының түкке тұр­ғысыз мәселелерін айтып, соларды уайымдап, жаны күйзеліп өлең шығаратындар бар. Бірақ оған оқырман күйінбейді. Рух көте­ретін, адамды тіршілікке сү­йін­діретін, тебірентетін өлең аз. Бүгінгі ақындар қо­­ғамдық өмірді жаз­байды. Олар азаматтық қ­о­ғам­нан алыстап кет­ті. Әлеу­мет бір бөлек, ақын бір бөлек қал­ды. Өлеңшілдер өз үй­шігінде отырып жы­лауық өлеңдерін жа­за береді. Халық­тың рухын көтере­тін ақындар да бар. Олар аз. Қай заманда да мұндай ақындар аз болған. Өлеңшілдердің осы бір пессимистігі дерт болып, басқаларға да жұғып жатыр. Сондықтан да осымен күресу керек. Ол үшін сын жазуды қайта жаңғыртуымыз қажет. Қазір шынайы сынайтындар да, сынды дұрыс қабылдай алатындар да аз. Осылайша, сын жанры жоғалып барады. Ал талантты ақындар сөзсіз қоғамдық өмірде халықтың әлеу­меттік жағдайын жырлайды. Абай да, Махамбет пен Мағжан да, Сұлтан­махмұт пен Ілияс та елдің қамын ойлаған. Ер­тедегі жыраулық поэзияны алып қарасақ та, бәрі азаматтық өлеңдер. Азаматтық өлеңді біз де жаздық. Бірақ қазіргі жас­тардың содан алыстап бара жатқаны саяси дүние сияқты. Адамның ішкі дү­ниесі сыртқы дүниесімен қабысып, тар­тысып жатпаса ол ақын өз өмірінен шет­теп қалған ақын. Сондықтан қоғам­дық өмірді, азаматтық позицияны еш­қашан ұмытпау керек. Рух сонда. Әдеби агенттерді дайындау керек – Кеңес одағы кезінде қаламгерлерге жақсы жағдай жасалған деп жиі айтамыз. Қазір ақын-жазушылардың еңбегі лайықты бағаланып жүр ме? – Иә, қазіргі қаламгерлердің алып жүрген қаламақыларын бұрынғымен салыстыруға да келмейді. Шынында да, ақын-жазушылардың еңбегі дұрыс ба­ғаланбайды. Материалдық жағынан да, оқырмандардың тарапынан да. Қалам­герлер өлместің күнін көріп жүр. Су­ретшілер мен композиторлар туындыла­рын сатса да қаржы табады. Ал қалам­герлердің қаламақысы мардымсыз. Кеңес одағының кезінде ең қаржыны көп табатын кәсіп қаламгерлік еді. Бір кітап жазып көлік мінген, үй алғандар да болды. Ғұмырына жететін байлық жиған жазушылар да бар еді. Дегенмен біз оған іліге алмадық. Жазушыларға қаламақы бөлер де жасқа қарап алалау да бар. Кө­біне жазуға енді ғана кіріскен жастардың қаламақысы, мүйізі қарағайдай қалам­герлермен салыстырғанда өте аз баға­ланатын. Қазір капиталистік қоғам. Бар­лығы оқырманның сұранысына қа­рай өзгереді. Егер кітапқа сұраныс болса, жазушының қалтасы да қалың болар еді. Сондықтан кітап жазып қойғаннан кейін, қаламгерге қол қусырып қарап оты­руға болмайды. Кітап жарық көр­геннен кейін керісінше екі есе көп күш салу керек. Оқырмандарға насихаттап, сату жолдарын табу қажет. Ал біздің елімізде кітап бизнесімен айналысатын әдеби агенттер жоқ. Еуропада бұл үрдіс бұрыннан бері қалыптасқан. Сондықтан ендігі кезекте әдеби агенттерді дайын­даумен айналысуы тиіс. Жазушылар одағы осы мақсатта жұмыс істеуі қажет. Жастарды капиталистік қоғамға лайық­тап, жаңа деңгейге көтеру керек. – Қаламгер замандастарыңыздан кім­ді жиі сағынасыз? – Бұл дүниеден өткендерді сағы­намын. Кеңшілікті, Жұматайды, Жа­рас­ханды, Дәуітәліні сағынамын. Бұлардың барлығы қырық пен елудің айналасында дүниеден өтті. Тіпті, олар тәуелсіздік ала­мыз, басқа өріске шығамыз деп те ойлаған жоқ. Қартайған сайын қатарың сирей береді екен. Шын мәнінде, ақын­дардың бәрі жалғыз. Абай да, Мұқағали да жалғызсыраған. Ақын рухани жалғыз. Бала-шағаң, немерең өссе де, жалғыз болып өтесің. Жалғыздық ақынның маңдайына жазылған. – Сіз ұлттың рухымен тұтасып, «Көк түріктер сарынына» шығармашы­лы­ғы­ңызды арнадыңыз. Бұл тақырыпқа қалам тербеуіңіздің себебі қандай? – Мен әлеуметшіл, қоғамшыл ақын­мын. Менің өлеңдерімнен махаббат та­қырыбын көрмейсіз. Соны жазбайын деп ойлаған жоқпын. Мен де ғашық болдым, мен де қыдырдым. Бірақ менің табиғатым қоғам, ел мен жер туралы, адамдардың бір-біріне деген ықылас-ілтипаты ха­қында, алыс-жұлыс тіршіліктегі әртүрлі құбылыс жайлы жазуға жақын. Мен мұн­дай тақырыптарды құр жібере алмаймын. Ал енді тұрмыстағы тіршіліктің үйлесімін өлеңге түсіруге көп мән бере бермеймін. Менің сөзім қоғамға, елге, жұртқа жетсе екен деп ойлаймын. Шығармашылы­ғымның екінші кезеңі – «Көк түріктер са­рыны». Мен бұл сарынға ұзақ дайын­далдым. Ол «Күлтегін», «Тоныкөктермен» танысқаннан басталған-ды. Қаншама рет сол сарынның ішіне кірем деп жанта­лас­тым. Алдырмады. Көбі сәтсіз болып шық­ты. Сонда да қайтпадым. Ақыры, өзімше, дегеніме жеткендей болдым. Көк түріктер сарынының ішіне енгендей болдым. Орхон-Енисей жазулары тасқа қашалған ғой. Яғни, ол тарихи дастандар жолынан қара тасты соққан қашау мен балғаның шыңылы естіледі екен. Менің өлеңдерім­нен де, егер құлақ сап қарасаң, сол балға мен қашаудың үні шығады. Содан ба қағазға жазып отырған кезде тасқа қашап отырғандай болдым. Әрине, ол сарынды мына уақыт пен заманға орай жетілдірдім, дамыттым. Көк түріктер сарынын тұтас мең­геріп алдым деп айта алмаймын. То­лық игере алмаған, күш-қуатым жетпей қалған тұстарым да бар шығар. Бір айта кетер нәрсе, осы бір сырты қарапайым ғана форманың мүмкіндігі аса зор екендігін білдім. Еркін айтасың, еркін сөйлейсің. Бірақ сарын шеңберінен шықпауың керек. Оның да өз заңдылығы бар. Ол үшін ол сарынды өзіңнің бүкіл тұла бой, жан дүниеңе сі­ңіріп алуың ке­рек. Сонымен бірге, ең бастысы, ол сарын сенің табиғи болмыс-бітіміңменен үй­лесім табуға тиісті. Ал менің табиғи бол­мыс-бітімім нақтылық. Міне, осы үйле­сім, мені белгілі бір дәре­жеге жетуіме мүмкіндік берді деп ойлай­мын. Жаңа айтқанымдай, бұл сарынның мүмкіндік аясы кең. Әсіресе, ол осы за­манның қыры мен сырын, бет-бейнесін барынша көр­сетуге кең жол ашып береді. Дегенмен соңғы кезде жаза алмай жүр­мін. Бір-екі рет жазып көрдім, өзімді қай­талай бас­таппын. Содан кейін қай­талаудың маған жараспайтынын түсініп, өлең жазудан суыңқырап қалдым. Енді өлең келе ме, келмей ме білмеймін. Қазақтың ақыны болып қаламын – Жазушы-аудармашы Герольд Бель­гер «Көк түріктер сарыны» туралы: «Жаль что они не переведены адекватно на рус­ский язык», – деген екен. Өлеңдеріңізді өзге тілде сөйлеткіңіз келмей ме? – Жоқ. Өйткені Абайды, Махамбетті оқимын. Ал олардың өлеңдерінің бірде-бірі орысша жөнді аударылған емес. Олардың қасында мен кіммін. Ендеше мені де дұрыс аудара алмайды. Мен қазаққа ғана керекпін. Менің өлеңдерім орысқа да, өзбекке де керек емес. Керек қылса, өздері аударып алады. Бір рет өлең­дер жинағымды түрікше аударды. Бі­рақ содан мен түк те рахаттана ал­ма­дым. Өз өлеңімді өзім де жөнді түсінбедім. Сондықтан өлеңдерімді өзге тілде сөй­леткім келмейді. Қазақтың ақыны бол­сам, сол маған жетеді. Кейбір ақындар өздерін дүниежүзіндегі ең көп аударылған ақынбыз дейді. Бірақ солардың өлеңдерін өліп-өшіп оқып жүрген шетелдік жоқ. Ал жазушылардың еңбегін қарасөзбен жақсылап аударуға болар. Бірақ аударма поэзияның оң жамбасына келмейді. Абайды орысша қанша оқысам да түсінбеймін. Ондай Абай жоқ. Махамбет: «Еңселіге екі елі, егіз қоян шекелі» дейді. Ал оны қалай аударасың? Қазақтардың өзі бұл тіркесті әрең түсінеді. Осының бәрін түсінгеннен кейін, сезінгеннен кейін осындай байламға келдім. Ақын болсам қазақтың ақыны болып қаламын. Ақын болмасам ақын болмай қаламын. Маған басқа елде абырой жинап, та­нылудың еш қажеті жоқ. Кезінде Бай­ронды, Гетені Абай қалай әдемі аударды. Бірақ дәл қазір солай аударатын ешкім жоқ. Мәселе, Көк түріктер сарынының формасы да, көтерген тақырыбы да басқа тілге түсініксіз. Оған тек қана қазақ тілі керек. Бұл пікірім өлеңдерін аударып жүр­ген жігіттерге қаттырақ тиюі де мүм­кін. Олардан ғафу өтінемін. Аудара берсін. Бірақ мен өлеңдерімді аудартуға аса қызыққан емеспін. «Темірханды Евтушенко, Вознесенский сияқты ақын­дар аударуы керек еді» дейтін Герағаң. Махамбетке де теңеп отырушы еді. Ол кісінің зор ықыласы мені шабыт­тан­дырып, қанат бітіретін. Бірақ шығар­ма­ларымды өзге тілде сөйлетуге ден қойған жоқпын. – Бір кездері көркем әдебиеттерді қазақшаға аудару жаппай белең алып еді. Бірақ қазір аударманың сапасы да, қар­қыны да тұралап қалған сияқты. Сіз қалай ойлайсыз? – Иә. Аударылып жатыр, бірақ сәт­тісінен сәтсізі көп. Аудармашылардың ниеттері түзу-ақ, шама-шарқынша жет­кізгісі келеді. Алайда тілдің табиғатына терең бойламаған соң өндіріп аудару қиын. Мысалы, Абай орыстың тілін те­рең зерттеп барып, Пушкин мен Лермон­товты аударды. Міне, мен сол аудар­ма­ларды нағыз классикалық үлгі дер едім. Өйткені олар – деңгейлес, үндес ақындар. Басқа емес, Абай сөйлеткендіктен оларды қазақтың қара өлеңінен айыра алмай қаласыз. Сол сияқты қазақ ақын­дарын аударатын адам ең алдымен қа­зақтың тілін өте жоғары деңгейде мең­геруі шарт. Көп аудармашылар жолма-жол аударма жасайды. Мағынаға ба­йыппен үңілмеген соң, метафораңыз бен теңеулеріңіз, өзге де көркемдік компо­ненттеріңіз өлі балыққа ұқсап қалады. Форманы сақтаған болады, бірақ сәтсіз, рух жоқ. Қай шығарманы аударса да, рухын жоғалтпауға, қазығынан ажырат­пауға тырысу керек. Шығарма тілін өз тілімен тең дәрежеде білген адам ғана көркемдік компоненттеріңізді түрлен­діріп, жайнатып жібере алады. Көркем прозаны сәтті аударуға, сапалы нұсқасын жасауға болады. Бірақ жаңа айтқанымдай, поэзия тілі прозадан да қиын, сондықтан кез келген аудармашының тісі өте бер­мейді. Мен Орхан Памуктың шығар­ма­ларын қазақша оқыдым. Тәп-тәуір тәр­жімаланған. Ал ақындардың аударма­сынан көңілім қалды. Ұлттың ақындары бір бөлек, адамзаттың ақындары бір бөлек болады. – Ақын-жазушыларды халықтың ада­мы дейміз. Бірақ қарашаның басына күн түскенде ақыл айтып, жөн сілтер бірде-бір зиялыны таппай қаламыз. Мұның себебі не? Жанның тыныштығында ма? – Мен әрқашан халықтың жағында болдым. Тіпті мемлекеттік қызметте жүр­ген кезде де, зейнетке шыққан шақта да Қабдеш Жұмаділов екеуміз оппози­ционерлер жақта болдық. Әділдікті ту етіп, айтып та, жазып та жүрдік. Мәселен, 2011 жылы Жаңаөзенде 17 адамды атып тастады. Сол кезде «Жас Алаш» газетінің бірінші бетіне «Қан жібермейді» деп өлең жаздым. Сол күннен бастап басшылардан теріс айналдым. Ескі жүйені жек көрдім. Ол туралы талай рет жаздым да. Ал қазір әділдікті іздейтін, заманға лағнет айтатын ақындарды ешкім іздемейді. Үйшігінде отырып әңгіме айтатын адамдардың батыр болып кеткені жан ауыртады. Соң­ғы жылдары мен мүмкіндігім келгенше шындық үшін жұмыс істедім. Оны халық бағалар. Еңбегімді айтып бұлданбаймын да. Әлі күнге сол позициямнан, бағыт-бағдарымнан айнымаймын. Қаңтар оқиғасы кезінде де ауырып жатқаныма қарамай қабырғам сөгіліп газетке бір бет сұхбат бердім. – Әңгімеңізге рақмет!