Қазақстан-Қытай: Ынтымақтастықтың энергетикалық қыры
Қазақстан-Қытай: Ынтымақтастықтың энергетикалық қыры
1,124
оқылды
Биыл Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының өзара дипломатиялық қа­рым-қатынас орнатқанына 30 жыл толса, тек мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық­қа 25 жыл болды. Қазақ-қытай ынтымақ­тасты­ғының заманауи кезеңін өзара түсіністік, көпжақты кооперация қалыптастыру және серіктестік саласында мүдделерді тоғыстыру жолдарын іздеумен сипаттауға болады. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы экономикалық әріптестіктің ма­ңызды салаларының бірі ретінде газ, мұнай және өзге де қазба байлықтарды экспорттау бағытын атауға болады. Осынау қарым-қатынас нәтижесінде Қазақстан шикізатқа деген сұранысы тым жоғары Қытай үшін негізгі серік­тестердің біріне айналды. Өз ке­зегінде Қытайдың Қазақстанмен сауда-экономикалық әріптестік тәсілі бірнеше факторға негіз­делгені байқалады. Атап айтқанда, шикізат көздеріне қол жеткізуге қызығу, қазақстандық нарықтың түрлі сегменттерінде өз мүддесін қорғау жолдарын кеңейтуге ұмты­лыс тәрізді факторлар көзге түседі. Осыған байланысты Қазақстан Қытаймен стратегиялық серік­тестік контексінде өзара сенімге және тең әріптестікке негізделген қатынас орнатуды жақтайды. Одан бөлек, Қазақстан Қытай нары­ғын­да өз орнын тауып, аталған елмен географиялық жақындығын пай­далану арқылы дамуға мүдделі. Сондықтан Қытаймен экономи­калық, соның ішінде ең алдымен мұнай-газ саласындағы ынты­­мақтастық Қазақстан үшін ма­ңызды стратегиялық мәнге ие. Өйткені мұнай мен газ еліміз үшін басты стратегиялық ресурс болып саналады. Әлбетте, осы тұста Қазақ­станның әлемде мұнай мен газ қоры мол тізіміне енетінін де атап өткен дұрыс. Мәселен, BP-дің (British Petroleum) 2021 жылғы деректеріне қарағанда, көмір­су­тегінің барланған әлемдік қорында 2020 жылдың соңындағы есеп бойынша Қазақстанның мұнай үлесі 3,9 млрд тонна (немесе әлем­дік үлестік 1,7 пайызы), ал газ бо­йынша 2,3 трлн текше метр (әлем­дік үлестің 1,2 пайызы) деп көр­се­тілген. Елімізде 200 ден астам мұ­най мен газ кен орыны бар, олар­дың көбі (70 пайызға дейін) Қа­зақстанның батыс аймақтарында орналасқан. Бұл цифрлар еліміздің мұнай-газ экономикасы, сондай-ақ Қа­зақстанның энергетикалық тәуел­сіздігі мен қауіпсіздігі отын-энер­гетика саласының даму деңгейіне тікелей тәуелді екенін көрсетеді. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақ­станның мұнай-газ саласы елі­міздің саяси және экономикалық дамуында маңызды рөлге ие болып, егемендікті нығайтуға, экономикалық реформалар жүргізу мен модернизация жасауға, инвестициялық капитал тартуға, перспективалық және тұрақты даму үшін ірі қаржы резервтерін құруға ықпал етті. Осыған байланысты Қытайдың Қазақстандағы экономикалық мүдделері еліміздің мұнайлы ай­мақтарын өсіп келе жатқан Қытай экономикасы үшін тұрақты және сенімді отын көзіне айналдыру ниетін көздейтін оның энерге­тикалық саясатымен тығыз бай­ланысты. Мұны Қытайдың өз инвестициясының басым бөлігін мұнай-газ саласына бағыттауы да дәлелдейді. Сондықтан 25 жыл бұрын (1997 жылы) қол қойылған Қазақстан Республикасының Энер­гетика және минералдық ре­сурстар министрлігі мен Қытайдың CNPC (China National Petroleum Corporation) арасындағы «Мұнай және газ саласындағы ынтымақ­тастық туралы» үкіметаралық келісімді, сондай-ақ «Қазақ­стан­нан Қытайға мұнай құбырын салу туралы келісімді» мұнай-газ са­ласындағы ауқымды ынтымақтас­тықтың бастамасы деп атауға бо­лады. Бұл құжаттар екі тараптың қатысуымен бірқатар бірлескен жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік берді әрі қос елдің экономикасы үшін маңызы зор жобалар еді. Ауқымды және стратегиялық маңызды Қазақстан-Қытай мұнай құбыры жобасын жүзеге асыруға тәуелсіз Қазақстанның көмір­су­тегін тасымалдаудың көпвекторлы жүйесін құру саясаты да ықпал етті. 2004 жылы екі ел арасында (Атасу-Алашанькоу) мұнай құ­бырын салу туралы шешім, оны 2005-2006 жылдары іске қосу, кейінірек «Қазақстан–Қытай» мұ­най құбырының Кеңқияқ-Құмкөл учаскесінің бірінші (қуаты – жы­лына 10 млн тонна) және екінші (қуа­ты жылына 20 млн тонна) ке­зе­ңін іске қосу Қазақстанның экс­порттық ресурстарын әртарап­тандыру саясатының бір бөлігіне айналды. Бұл жобалар инвестиция, құрал-жабдық жеткізу, жұмыс күші және тағы басқа факторлармен қатар, серіктестің қаржылық се­німділігімен, Қытай банктерінің белсенділігімен, сатып алушының тұрақтылығымен нығая түсіп, құбырдың өзі тәуелсіз Қазақстанда салынған алғашқы әлемдік дең­гейдегі экспорттық мұнай құбыр­ларының біріне айналды. Соңғы 25 жылда Қазақстан ел аумағындағы жобаларға қытай­лық мұнай корпорацияларының қатысуына айрықша мүдделі бол­ды. Осы жылдар ішінде Қазақ­станның энергетика секторындағы қытайлық корпорациялар үлесінің артуы осы тезисті растайды. Мә­селен, KazService қауымдасты­ғының 2021 жылғы есебі бойынша Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 17 пайызы қытайлық компания­лардың үлесінде екен. Қытайдың мұнай-газ саласындағы бел­сен­ділігі батыс инвесторларының ық­палын теңестіруге және тәуе­келдерді азайтуға көмектеседі. COVID-19 коронавирус панде­миясы Қазақстан үшін Қытай мұнай жеткізудің ең перспективалы нарығы екенін көрсетті, өйткені аталған мемлекет – әлемдегі төлем қабілеті ең жоғары ел. Оның үс­тіне, Қытайдың экономикалық дамуы үшін көмірсутек көздерін табу мәселесі өте өзекті және Қа­зақстан бұл мәселені шешуде көр­шісіне һәм стратегиялық серік­тесіне көмектесе алады. [caption id="attachment_233536" align="aligncenter" width="1448"]ынтымақтастық © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Экономиканың мұнай секто­рынан бөлек, Қазақстан мақсатты түрде өзінің газ әлеуетін арттыру жолын таңдап, газ өндіру мен экс­порттау қуатын күшейте бастады. Дегенмен мемлекет үшін бұл са­лада ішкі нарықты газбен қамта­масыз ету негізгі басымдық болып қала береді. Газ өнеркәсібінің қарқынды дамуы Қазақстанның бүкіл экономикасы үшін өте ма­ңызды, өйткені газ факторы әлем­дік энергетикалық секторда негізгі трендке айналуда және газ өнер­кәсібі тек қана өсетін болады. Атап айтқанда, соңғы жылдары бірқатар жобалар, соның ішінде Қазақстан-Қытай газ құбырының солтүстік құрамдас бөлігіне айналған және қазақ газын Қытайға экспорттауға мүмкіндік «Бейнеу-Бозой-Шым­кент» газ құбырының құрылысы сәтті жүзеге асырылды. Өзінің транзиттік әлеуетін дамыта отырып, Қазақстан «Ор­талық Азия-Қытай» (Түркі­мен­стан-Өзбекстан-Қазақстан-Қы­тай) трансұлттық газ құбырының қуатын жылына 55 млрд текше метрге дейін арттыруға ықпал етті. 2009 жылы іске қосылған сәтінен бері аталған газ құбыры бойынша қытай нарығына 2022 жылды қоса есептегенде 400 млрд текше метр табиғи газ жеткізіліп, ҚХР-дың 27 провинциясындағы 500 млн тұр­ғынды көгілдір отынмен қамта­масыз етті. 2013 жылдың қыркүйегінде Қазақстан астанасында кейіннен «Бір белдеу-бір жол» бастамасына біріктірілген «Жібек жолының эко­номикалық белдеуі» атты жаңа стратегиясын жариялаған Қытай басшылығы өз елінің энер­гети­калық шикізатты жеткізу жолдары мен көздерін әртараптандыру мүм­кіндігін қарастыру үшін осы ай­мақты назарда ұстайтынын Орта­л­ық Азия мемлекеттеріне айқын аңғартты. Мұндай «Энергетикалық Жібек жолы» аймақ елдері үшін ХХІ ғасырдың құбылмалы жағда­йында жаңа перспективалар аша­ды, бұл шын мәнінде эконо­ми­ка­лық қарым-қатынастарды те­реңдетудегі жаңа серпілістің бас­тауы болды. Осыған байланысты Қазақстан Қытай басшыларының назарында сенімді жеткізуші, сондай-ақ аспанасты елінің өсіп келе жатқан экономикасы үшін шикізат пен отын ресурстарының транзиттік дәлізі рөліне ие болды. 2013 жылы Қытай үлттық мұнай-газ корпорациясының (CNPC) Қазақстанның ең перс­пективалы мұнай өндіру жобасы – Қашаған кен орнына (бүгінде ҚХР үлесі 8,4 пайыз) кіруі дамуға жаңа импульс берді әрі Бейжіңнің сыртқы энергетикалық страте­гия­сында Қазақстанның орны тек нығая түседі және энергоре­сурс­тарды Каспийден Қытайға, тіпті тұтас Азия-тынық мұхиты айма­ғына дейін тасымалдау үшін жақсы қалыптасқан логистикалық инф­рақұрылым қалыптастыруға алып келуі мүмкін. Ал 2020 жылдың қа­рашасында қол қойылған, «ер­кін сауда аймағы плюс» («FTA+») ретінде белгілі жан-жақты ай­мақтық экономикалық әріптестік (RCEP) құру туралы келісім Қа­зақстанның энергетикалық ре­сурс­тарын экспорттаудың жаңа перспективаларын ашады. Бұлай ойлауға көптеген себеп бар. Мысалы, Азия-Тынық мұхиты елдеріндегі демографиялық және экономикалық өсу энергия ре­сурстарына сұраныстың күрт артуына алып келеді. BP ком­паниясының бағалауынша 2035 жылға қарай ол қазіргі деңгеймен салыстырғанда шамамен 60 па­йызға өседі. Халықаралық энер­гетика агенттігінің болжамы бо­йынша, егер 2035 жылға дейін Қытайда энергияға сұраныс 42,4 пайызға өссе, Оңтүстік-Шығыс Азияда 67,6 пайызға артады. Энергетика саласындағы Қа­зақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың болашағын асыра бағалау мүмкін емес. Кө­мірсутектерді өндіру және пайда­лану саласындағы екі елдің диа­логы негізінен Еуразия құрлы­ғында, континенттегі ішкі саяси және экономикалық жағдаймен, сондай-ақ әлемдік энергетикалық нарықтағы ахуалмен айқындалады. Қазақстан мен Қытайдың энер­гетика саласындағы ынтымақ­тас­тығы екі ел арасындағы страте­гиялық әріптестікті нығайтуға ық­пал етеді. Қытайдың энергети­калық қауіпсіздігі мен Қазақстан­ның мұнай-газ секторын әрта­рап­тандыру мүдделеріне жауап береді. Кешенді стратегиялық серіктестік бағдарламасы кең, өзара тиімді байланыстарды және инвести­циялық ағынның әртүрлі бағыт­тарын көздейді. 2022 жылдың 30 қарашасында Алматы және Бейжің қалаларында Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ саласындағы ынтымақ­тастықтың 25 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда CNPC International Kazakhstan бас директоры Ли Йонгхон атап өткендей, Қазақ­стан-Қытайдың мұнай-газ сала­сындағы ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған ауқымға жетті.
– Қазақстандық серіктестер­мен бірлесе отырып, біз страте­гиялық мега-жобаларды басқара­мыз. Оның ішінде 7 мұнай-газ кә­сіпорны, екі газ құбыры мен екі мұнай құбыры, мұнай өңдеу за­уыты мен болат құбырлар зауыты бар. Осылайша, CNPC Қазақ­стан­ның мұнай-газ саласының барлық дерлік тізбегіне қатысады. Бұл мұнай мен газды барлау және өн­діру, мұнай өнімдерін өңдеу және сату, көмірсутектерді тасымалдау және импортты алмастыру, – деді Ли Йонгхон.
Сонымен қатар 25 жыл ішінде CNPC Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға 45 миллиард доллар инвестиция құйды. 50 мил­лиард доллар салық төледі. 30 мың­нан астам жұмыс орны құ­рылды. Олардың 98,3 пайызы Қа­зақстан азаматтары. Олар әлеу­меттік жобаларға 410 миллион дол­лар инвестициялады. Көріп отыр­­ға­ны­мыздай, CNPC International Kazakhstan Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Қытай арасында­ғы көпжақты ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады және Қазақстандағы көмір­су­тектерді өндіру мен өңдеуге елеулі үлес қосады. Осылайша, Қазақстанның осы­дан 25 жыл бұрын Қытаймен мұнай-газ саласында тарихи ке­лісімдерге қол қоюы екі ел ара­сын­дағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың үдемелі кеңеюіне негіз болды. Келешекте Орталық Азия аймағынан ҚХР-ға энерге­тикалық ресурстарды құ­бырлар­дың кең желісі арқылы экспорттау ХХІ ғасырда Жібек жолының табысты тарихи жаңаруы мен перс­пекти­валы дамуының жаңа бетін ашты, онда Қазақстан – Ұлы дала елі маңызды байланыс­ты­ру­шы рөлін атқарады, сондай-ақ Қы­тайдың энергетикалық қа­уіп­сіздігі мен Қазақстанның мұ­най-газ секто­рын әртараптандыру мүд­делеріне жауап бере отырып, екі ел ара­сын­дағы мәң­гілік стратегиялық се­рік­тес­тікті нығайтуға ықпал етеді.

Еркін БАЙДАРОВ, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, шығыстанушы