Ол күндер енді оралмаса екен...
Ол күндер енді оралмаса екен...
466
оқылды
Қаңтардың қасіретті күндері көпке дейін ұмытыл­масы анық. Бейбіт күннің қадірін шы­найы сезіндірген аласапыранның ең шиеліністі оқиғалары Алматы қаласы мен Алматы облы­сында бірнеше күнге созылған дүрбелеңге ұшы­ратты. Тазалығымен, тыныш­тығымен жұрт жа­дында жақсы әсер қалдыратын әсем қала – Талдықорғанның келбеті бірер күнде адам танымас­тай болып, кері жағына өзгерді. Шаһар орталы­ғындағы айбарлы да еңселі об­лыстық әкімдік үйінің құр қаңқасы ғана қалды. Облыстық және қалалық полицияның қыз­меттік жайлары қиратылды. Дүкендер тонал­ды. Көшелердің әр тұсында түрлі техникалар, автокөліктердің жанғаннан соңғы қаңқалары жатты. Адамдар үйлерінен шығуға қорқып, қамалып отырды. Көшелерде тек тәртіп сақ­шылары, өрт сөндірушілер мен медици­налық жедел қызмет көліктері ғана жүрді. Алғашқы бірнеше күнде қайта-қайта дабылдатқыштың ащы үні қайталанып, онсыз да үрейлі елдің құтын одан әрі қашырды. Бұзақылар қамау­дағы серіктерін құтқару үшін түрмеге бірнеше мәрте шабуыл жасапты. Қала сыртындағы десанттық-ша­был­даушы әскери бөлім­нің негізгі құрамы Алматыға көмекке кеткендіктен, есіргендер әбден еркінсіді. Далада қорғаусыз қалғандай күй кештік. Осындай ел басына күн туған кезде өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлері тыным көрген жоқ. Бірнеше күн бойы үйлеріне бар­маған олар өз өмірлерін қатерге тігіп жүріп, қызметтік міндеттерін адал­дықпен атқарды, адам­дарды құтқарды. Солардың бірі – өрт сөндіруші болып қызмет етіп жүргеніне 22 жыл болған, Жетісу облысы 1-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау стар­шинасы Болат Нұрсейітов. Қызметтік жылда­ры барысында басынан талай қауіпті жағ­дайларды өткерген, сынақтарда суырылып шыққан ол қаңтардағы күндер туралы былай деп сыр шертеді. – Біздің қызмет былайғы кезде де қауіптілігімен ерекшеленеді ғой. Өрт­ке қарсы күрес зардап шегуші­лермен бірге, сол жалынмен жанын сала кү­ресетіндердің де өмірі мен денсау­лығына қатер төндіреді. Бірақ жылдар бойы осы салада жүрген­діктен бәріне үйреніп, күнделікті тірліктің бір бөлігі ретінде қабыл­дайтын дәрежеге же­тесің. Алайда қаңтардағы алас-қа­паста нағыз тозақтың сынағынан өт­кендей бол­дық. Сол күні кезек­ші­лікте едім. Облыстық әкімдіктің ғи­маратындағы өртті өшіруге бардық. Әйтеуір, еліріп алғандар жұмысы­мызға қатты кедергі келтірген жоқ. Үн-түнсіз өз мінде­тімізді атқардық. Одан кейін сол кездегі «Nur Otan» пар­тиясы ғи­маратындағы өртті ауыз­дықтадық. Облыстық және қалалық полицияның қызметжай­ларындағы жағдайды реттегендей болдық. Көше­лерде жа­нып жатқан техникалар мен автокө­ліктерді өшір­дік. Адамдарды құт­қарып, қауіпсіз жерлерге жеткіз­дік. Бірнеше күн тыным таппадық. – Қорқыныш болған шығар? – Қорықпадық деп өтірік айта ал­маймын. Облыстық әкімдікте өрт­пен алысып жатқанымызда, дәл жанымызда беттерін тұмшалап алған, көздері ғана жылтырайтын бұзақылар қолдарындағы автоматпен сес көр­сетіп, сом темір, арматура кесінділе­рін, қолшоқпарларын оңды-солды сілтеп, едіреңдеп жүрді. Басшылардың бұйрығына сай, олармен тіл қатыс­пауға, арандатуларына ермеуге ты­рыстық. Ештеңеге қарамастан, жұмы­сымызды жалғастыра бердік. Жөнсіз­дігін көріп тұрсақ та, шыдадық. Өйт­кені көбінің көзінде жан жоқтай болып көрінді. Ілік іздеп тұрды. – Өрт сөндірушілік қызметке жү­рек қалауымен келдің бе? – Солай деуге болады. Біз өзі төрт ағайындымыз. Барлығымыз осы са­лада қызмет еттік. Ағаларымның қа­сында жүріп, өрт сөндіру қызметінің қыры мен сырына әбден қаныққан­дықтан, 2000 жылдардың басында жұ­мысқа орналастым және қинал­мастан мең­геріп кеттім. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін, жауап­кершілігінің салмағы батпандай сала ғой. Өкін­беймін, елге пайдам тиіп жатса, адам­дардың разылығына бө­леніп жүрсең, одан басқаның керегі не?! – Бала-шағаң жайлы айта кетсең... – Құдайдың берген бес баласын өсіріп отырмыз. Қосағым – мемле­кеттік қызметте. Балалардың үлкені жоғары оқу орнын бітірген. Маман­дығы бойынша жұмыс істеп жүр. Одан кейінгісі колледжде оқиды. Қал­ғандары мектепте. Біреуден іл­гері, біреуден кейін дегендей, ел қа­тарлы тұрмыс кешіп, тәубемізді ай­тып тірлік етудеміз. Бұл өмірде ең керегі және бастысы тыныштық екен. Қаңтардың бірнеше күнінде бейбіт өмірдің бәрінен қымбат екенін ба­рынша сезіндік. Енді ондай оқиғалар болмай, қатерлі күндер оралмаса деп тілеймін. Еліміз аман, жұр­тымыз тыныш болса, мемле­ке­тіміздің мәртебесі де арта берері анық, – деген Болат Мыр­зағалиұ­лы­нан жыл басында елдің берекесін қа­шырған дүрбелеңнің себебі жайлы не ойлайтынын сұраған едім. Әскери адамға тән қысқа да, нұсқа жауап беріп, былай деді: «Мен мемлекетке ант берген адаммын. Соған сай әріптестеріммен бірге өзіме жүк­телген міндетімді атқардым. Ал оқи­ғаның себебі мен салдарын зерт­теп, зерделейтін тиісті ұйымдар бар ғой. Солар анықтай жатар. Әркім өз орнында, өзіне жүктелген салаға жа­уап бергені жөн».

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы