Тасарықтың үйі тозып тұр
Тасарықтың үйі тозып тұр
513
оқылды
Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіндегі «Тасарық» мөлтек ауданының тұрғындары адам тұруға жарамсыз деп танылған апатты үйде тұрып жатқанын айтып, мұңын шақты. Аумақ халқының айтуынша, баспаналарының тоз-тозы шыққан. Осы жайында жергілікті әкімдікке шағымданғанымен, әлі күнге мәселе шешімін таппай отыр. Үйлерінің қабырғалары көгеріп, сыздың иісі өкпені қабады. Жертөлелері де суға толып тұр. Тұрғылықты халық бала­лары­ның болашағына алаңдаулы күй кешіп отырғанын жасырмады. Соған орай наразы топ мәселесі жеделдете шешілуін талап етеді.
«Негізінен бұл үйде 1980 жылдан бері тұрып келемін. Жыл санап үйіміздің жағдайы мүшкіл тартып тұр. Жанынан қарасаңыз байқайсыз, үйіміз артқа қарай шалқалап барады. Жалпы жағдайы сын көтермейтін күйде. Бізден кейін салынған үйлер апатты деп танылып, тұрғындары кезегімен үй алып жатыр. Осы жайында Қызылорда облысы әкімдігіне екі мәрте арыз жаздым. Өткен жолы облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтің де қабылдауында болдым. Сол кезде мәселенің ақ-қарасын анықтау мақсатында арнайы мамандарын жіберуге уәде еткен болатын. Бірақ бір апта өткенімен бірде-бір адам кел­меді. Соның себебін түсіне алмай отыр­мыз. Сонымен қатар Тасбөгет кенті әкім­дігіне де шағымдандық. Алайда еш нәтиже болар емес», – дейді Тасарық №9 үйдің тұрғыны Гүлдәрі Қабылбаева.
Тұрғынның айтуынша, Тасбөгет кенті әкімдігі тарапынан үйді сүрілуге жіберу үшін арнайы сарапшы маманның ықпалымен шешімін алуға кеңес берген. Алайда сарапшы маман арнайы тексеріс жүргізу нәтижесінде бұл үйді апатты деп танығанымен, екі күннен кейін сол аумаққа жауапты ПИК басшысы тарапынан апатты жағдайда емес деген шешім шығарылған. Ал тұрғындар бұл шешіммен келіспейді. Себебі, бұл тұрғын үй ПИК құрамынан әлде­қашан шығып кеткен. Дербес үй ре­тінде бұған ПИК басшылығының араласуы заңсыз деп есептейді.
«Мен де осы Тасарық №9 үйдің тұр­ғыны­мын. Үйіміздің қабырғалары қақырап тұр. Шатырлары да сынып, жарамсыз күйге түскен. Жаңбыр жауса, үйіміз суға кетеді. Жалпы үйміздің адам тұруға қауіпті екені біраз уақыттан бері байқалып келеді. Десек те, әлі күнге дейін қауіпсіздігіміз қамтама­сыз етілмей тұр. Жертөле де суға толы. Ала жаздай массаға таланып шығамыз. Өз күшімізбен жөндеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бірақ қауіптің беті сейілер емес», – деп мұңын шақты Базаркүл Қошанова.
Тұрғындар бұл үйді бұзуға жіберіп, өздерінің қауіпсіз үйге көшірілгенін талап етеді. Құзырлы орындар тарапынан мәселелері аяқсыз қалмай жеделдете ше­шілгенін қалайды.
«Негізінен үйіміздің апатты жағдайда тұрғаны аз айтылып жүрген жоқ. Барлығы дерлік құлағдар деп ойлаймын. Десе де, ПИК басшылығы тарапынан үйіміздің апатты деп танылуына не кедергі келтіріп отырғанын түсінбей жүрміз. Үйіміздің апатты жағдайына алаңдап, әрбір күнімізді қорқынышпен өткізіп отырмыз. Кез келген уақытта опырылып, үйіндіге айналуы мүмкін. Осыны жергілікті билік қаперіне алса екен», – дейді тағы бір тұрғын Күлімшат Еркінқызы.
Жалпы Қызылорда қаласы бойынша 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап 48 тұрғын үй апатты деп танылыпты. Яғни, 43 көппәтерлі және 5 жекеменшіктегі жер үй заңнамада белгіленген тәртіппен апатты санатқа енгізілген. Бүгінде тұрғын үй алу кезегінде 525 отбасы тіркелген. Осы санат бойынша 2021 жылы қаланың сол жағалауының шағын ауданында салынған көппәтерлі үйлерден 93 отбасына жаңа пәтерлердің кілті табысталыпты.
«Жалпы осы кезге дейін Қызылорда қа­ласы Тасбөгет кенті бойынша 20 көп­пәтер­лі тұрғын үй апатты деп танылған. Ал биыл желтоқсан айында кент­тегі тағы бір тұрғын үй апатты үйлер сана­ты­на жатқызылды. Соған орай, кезек реттілігіне сәйкес ағымдағы жылы апатты үй тұрғындарына 60 пәтер, 2023 жылдың басында қосымша тағы 40 пәтер беру жос­пар­ланып отыр. Сол сияқты Тасбөгет кенті Тасарық шағын ауданындағы №9 үй Қазақ­стан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен апаттық жағдайда деп танылып, тұрғын үйлердің тізімінде тіркелмеген. Соған орай заңнамада белгіленген тәртіппен апаттық жағдайда деп таныл­ған азаматтар тобы тұрғын үй алу кезегіне тіркелу қажет. Яғни, бұған дейін бұл үй­ді өз қаражаттарының есебінен аккредит­телген аттестаты бар сарапшы тұлғалар арқылы сараптама қорытындысын жасату қажет екендігі пәтер иелеріне жазбаша және ауызша түсіндірілген болатын. Сарап­тама қорытындысы бойынша аталған үй апаттық деп танылған жағдайда, пәтер иелері тұрғылықты мекенжайы бойынша,тиісті құжаттарды «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес 5 жыл көлемінде өткізе ала­ды. Бұл тұрғыда жеке меншігінде басқа тұрғын үй болмаса (ЭЦҚ кілті арқылы) ақпараттық жүйелер платформасы «kezekte.kz» сайтына өтінім беру жолымен тапсыра алады. Нәтижесінде, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес өтiнiш берiлген кезден бастап азаматтарға жаңа тұрғын үй тізімде белгіленген кезек ретімен беріледі», – деп түсіндірді бұл жайында Қызылорда қаласы әкімдігінен.
Осылайша, қала әкімдігі тарапынан «қауіп­тің ошағында отырмыз» деп дабыл қаққан тұрғындарды қауіпсіз аймаққа кө­шіру үшін қазіргі үйлерін белгіленген заң­намаға сәйкес апатты деп таныту қажеттігін алға тартып отыр. Ал үйлерін апатты деп таныта алмай, табанынан тозған тұрғындар амалы таусылғанын айтып ашынады.

Қызылорда облысы