Бурабайдағы Лапландияға саяхат
Бурабайдағы Лапландияға саяхат
639
оқылды
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында елордадан Бурабайға арнайы туристік электр пойызы іске қосылды. Осылайша, қаланың қауырт тіршілігінен шаршаған жұрт арқа төсіндегі таңғажайып мекенге бір күнге саяхаттай алады. Ол жақта туристерді  BurabayLand отбасылық ойын-сауық паркі, маралдар мен бұғылар күтеді. Электр пойызы күн сайын таңғы сағат 06:03-те «Нұрлы жол» вокзалынан шығып, курортты аймаққа сағат 09:57-де жетеді. Кері қарай сағат 19:15-те аттанып, Астана-1 стансасына сағат 22:18-де, ал «Нұрлы жол» вокзалына сағат 23:00-де келеді.
– Мерекелік пойыз жобасын «Қазақстан темір жолы» ұлттық ком­паниясымен бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз. Наурыз мерекесі қар­саңында жалғасын табады. Сондай-ақ алдағы уақытта пойыз бағыттарының аясын кеңейту жоспарымыз бар. Мы­салы, Алматы-Маңғыстау бағытында туристік пойызды іске қосу. Осылайша, басқа бағыттар да ашыла бастайды. Әрине, бұл бір күндік жұмыс емес, – деді Kazakh Tourism АҚ ұлттық ком­паниясының басқарушы директоры Даниель Сержанұлы.
жаңа жыл Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекелік безендірілген вагондардың бағасында айырмашылық жоқ. Туристік пойыз қаңтардың соңына дейін жүреді.
– Мерекелік пойыз туристер үшін ыңғайлы. Турпакетті сатып алғанда пойыздың құны ішіне кіреді. Яғни, бөлек билет алудың қажеті жоқ. Мысалы, сіз Бурабайға турпакет сатып алсаңыз көлік жағын уайымдамасаңыз болады. Сізді Бурабайдан күтіп алады. Жаңа жылдық электр пойызын іске қосудағы мақсат – өңірлерге туристер ағынын тарту және жергілікті туро­ператорлардың белсенділігін қамтама­сыз ету, – дейді Даниель Сержанұлы.
Айта кетсек, аталған жобаны Президенттің Іс Басқармасына қарасты «Бурабай Даму» ЖШС, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы және «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірлесіп қолға алып отыр. Демалысын Бурабайда өткізуді жоспарлаған жандар үшін тағы бір жаңашылдық «1405» Call орталығы немесе +7701 092 14 05 ұялы телефоны арқылы алдын ала брон жасап, электр пойызы билетіне тапсырыс беруге болады. Мысалы, Бурабайға келуші­лерге арналған «Сантаға саяхат» атты бір күндік тур бар. Құны ересектер үшін – 10 мың теңге, ал балаларға – 9 мың теңге. Бір күндік турдың ішіне 3 рет тамақтану, Санта резиденциясы мен Бурабай курорты аумағында саяхаттау және ұлттық паркті аралау кіреді. электр пойызы Келушілерді қызықтыратын орын­дардың бірі – Зеленый бор ауылындағы «Ақ марал» орман фермасы. Ол жер марал шаруашылығымен айналысады. Ерекшелігі – пантоемдеу орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ емдік және ағзаға пайдалы марал өнімдеріне қол жеткізу мүмкіндігі бар.
– Алдын ала хабарласып, орын брондауға болады. Орталық жыл бойы жұмыс істейді. Дегенмен туристер мен емделушілердің дені жаз мезгілінде келеді. Сонымен қатар экскурсия ұйымдастырылады. Оның барысында келушілер орманды аралап, маралдарды қызықтай алады. Балаларға арналған бөлек экскурсия бар. Бұл жердің ерекшелігі – демалып әрі емделуге болады. Бағаға келсек, тәулігіне адам басына 16 мың теңге тұрады. Оның ішіне күніне 4 рет тамақтану және жатын орын кіреді, – деді «Ақ марал» орман фермасы және марал шаруа­шылығының жетекшісі Радик Ашимов.
марал Жалпы, ұлттық парк аумағында 1400-ге жуық бұғы бар. Одан бөлек, марал, елік, қасқыр, қабан, түлкі және тағы басқа жабайы аңдар кездеседі. Бурабайға саяхаттаушыларды күтіп тұрған тағы бір қысқы қызық – қазақстандық Лапландия немесе Санта Клаус резиденциясы. Бұл жер – қысқы демалысты жоспарлаған жандар үшін таптырмайтын мекен. Аталған туристік нысанға маусым ішінде 5 мың саяхатшы келеді екен. Олардың арасында отандық туристермен қатар Үндістан, Египет, тіпті Лапландияның отаны Финлян­диядан арнайы келгендер де бар.
– Келушілерге Санта резиденциясы бойынша «Әлемнің жеті кереметі» атты экскурсия ұйымдастырылады. Экс­курсия барысында тамашалаушыларды эльфтер әлемі мен Санта Клаус күтеді. Айтпақшы, Санта Клаусқа тілек хатын қалдыруға болады. Резиденция аума­ғында басқа да қызықтар бар. Мысалы, хаски және бұғыға жегілген шанамен сырғанауға болады. Сонымен қатар жергілікті шаман бар, ол туристерді өз мекенімен таныстырып, шаман дәстүрі туралы әңгімелеп береді. Одан бөлек, пониға мініп және квад­роциклмен серуендеу қарастырылған. Қазақстан­дық Лаплан­дия жыл сайын қарашаның ортасынан бастап, келер жылдың сәуіріне дейін жұмыс істейді. Әрине, туристер ағыны желтоқсанда жоғары, өйткені жаңа жыл мерекесі, – деді қазақстандық Лапландия кеше­нінің экскурсия жетекшісі Оля Усенко.
Ақмола облысы Бурабай аудандық әкімдігі ұсынған мәлімет бойынша, биыл 11 айда аталған курортты аймаққа 550 мыңға жуық турист келген. Бұл былтырғымен салыстырғанда әлде­қайда көп. Айталық, 2021 жылы Бурабайға 300 мың адам саяхаттапты.