Елдік пен бірліктің берік символы
Елдік пен бірліктің берік символы
432
оқылды
Озған тұстарынан өнеге, опық жеген тұстарынан сабақ алған, тарихының әр бетбұрысынан тағылым тауып, тағзым ете білген ұлт алға басады. Биылғы «Қаралы қаңтар» оқиғалары қазақтың елдігіне, мемлекеттілігі мен тәуелсіздігіне үлкен сынақ болды. Сол сын тезіне сынбай, шыңдалған еліміз енді өткенді өкінішпен емес, сүйінішпен еске алып, болашағына үреймен емес, үмітпен қарап, Әділетті Қазақстанды құру бақытын иеленді. Ал «Қасіретті қаңтар» оқи­ға­ларының эпицентріне айналған Алматыда Мемлекет басшысының қатысуымен «Тағзым» мемориалының салтанатты ашылуы жаңарған Қазақстанның ұстыны – әділеттіліктің орнауын әдіптейтін символға толы нышан болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына арнайы жұмыс сапарымен барып, «Қасіретті қаңтар» құрбан­дарына арналған «Тағзым» мемориалы­ның ашылу рәсіміне қатысып, стеллаға гүл шоғын қойды. Президент жұрт­шылықпен бірге сол сұрапыл күндері қаза тапқан азаматтарды, Қазақстан­ның жаңаруы жолында жанын қиған ерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Артынша мемлекеттік Әнұран асқақтады. Тоқаев Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы бұл шараның елі­міз үшін айрықша мәні, маңызы барына назар аудартып, «Қасіретті қаңтардан» бері бір жылға жуық уақыт өткенін, бұл тәуелсіздік кезеңіндегі ең күрделі оқиғаның бірі болғанын айтты.
– Сол күндері халқымызға зор қауіп төнді. Мемлекеттігіміздің тұғы­ры шайқала жаздады. Тіпті, «ел болып қаламыз ба, жоқ па» деген сұрақ туды. Бірақ біз мызғымас бірлігіміздің ар­қа­сында қатердің бетін қайтардық. Елді­гімізді таныттық, мықты мемлекет еке­німізді көрсеттік. Ел ішіне іріткі салғысы келген топтарға тосқауыл қойып, жымысқы әрекеттің жолын кестік. Бірқатар қалада өткен бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұлас­ты. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматы қатты зардап шекті. Қарақшылар қаланы қиратты. Күш құрылымдарына шабуыл жасап, қару-жарақ қоймаларын тонады. Жазықсыз адамдар опат болды. Қираған дүниені қалпына келтіруге болады, ал үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отыр­мыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – Президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз, – деді Қ.Тоқаев.
Ол қаңтар қасіреті ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында сақталатынына екпін түсіріп, Алматыда «Тағзым» мемориалын орнатуды жөн көргенін жеткізді.
– Бұл ескерткіштің мағынасы терең, маңызы өте зор. Мұнда қазақ елінің мем­лекеттігін нығайту жолын­дағы қилы кезеңдер көрініс тапқан. Тас тұғырларға әйгілі тұлғаларымыздың өлеңдері және өсиеттері жазылған. Ұлтты ұйыстыратын осы сөздер әрқай­сысымызға ой салады. Бұл мемориалды қаңтарда қаза болған азаматтардың ру­хына тағзым ретінде тұрғыздық. Сон­дай-ақ оны кейінгі ұрпаққа тағы­лым болсын деп орнаттық. Мен осы мемо­риалдың бой көтеруіне атсалысқан сәу­лет­шілерге және барлық азаматқа ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
Тоқаев Алматыда Мемлекет басшысы қандай жағдай болса да, еліміз реформа жолымен ілгері дами беретінін жеткізді.
– Халқымыз мықты мемлекет құру­ға, қасиетті тәуелсіздігімізді нығайтуға және қорғауға бел буғанына сенімдімін. Біз саяси жүйені одан ары демо­кратия­ландыруға, ұлттық экономиканы моно­полиядан арылтуға және оның бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған ау­қым­ды реформаларды жалғас­тыра­мыз. Жыл басынан бері қысқа мерзім ішінде біраз іс атқарылды. Біз жалпы­халықтық референдум арқылы жаңа Консти­туция­мызды қабылдадық. Қазір алды­мызда ауқымды әрі күрделі жұмыс тұр. Тұтас ел болып жаңғыру және жаңару жолына аяқ бастық. Әрине, бұл – тек басы ғана, бұл жолдың оңай болмасы анық. Бірақ басты мақсатымыз баршаға айқын. Бұл – Әділетті Қазақ­станды құру және бәріне бірдей мүмкін­дік беретін қоғам қалыптастыру. Біз әрқашан бірге болсақ, міндетті түрде мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы мыңдаған отан­дасымыздың – волонтерлердің, дәрігерлер мен полицейлердің және қарапайым адамдардың Қаңтар оқиғасы кезінде шынайы батылдық пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсеткеніне арнайы тоқталды.
– Біз «Қасіретті қаңтар» құрбандары мен нағыз қаһармандарды мәңгі есте сақтаймыз. Бір сөзбен айтқанда, ұлт болып, осы қасіретті оқиғадан сабақ алуымыз керек. Құқық қорғау орган­дары және арнаулы құрылымдар ау­қым­ды жұмыс атқарды. Тергеу барысы депутаттардың, Бас прокуратура өкілдерінің және заңгерлер қауымының қатысуымен Парламентте талқыланды. Сол күндердің мән-жайын жан-жақты қарастырып, қамауға алынғандарға заң тұрғысынан көмек көрсету үшін құра­мына еліміздің беделді құқық қорғау­шылары енген қоғамдық комиссиялар елеулі үлес қосты. Мұның бәрі болған оқиғаға шынайы қарауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, жалған ұрандарға сеніп, қылмыскерлердің ықпалына түскен, ауыр қылмыс жасамаған аза­маттарға Жарлығыммен рақымшылық жа­салды, – деді Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар ол бұзақыларды, радикалдар мен лаңкестерді батыр етіп көрсетудің қажеті жоғын айтты. Оның пікірінше, нағыз батырлар – жұмысшы­лар, фермерлер, дәрігерлер мен мед­бикелер, ұстаздар, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер мен спорт­шылар. тағзым ету Президент сөзін қорытындылай келе Қаңтар оқиғасы бәріміз үшін үлкен сабақ болғанын нықтады. Біз құт-берекенің бастауы тұрақтылық екенін ұғындық. Ел тыныштығын сақтай біл­месек, дүние бір сәтте астан-кестен бола­тынын көрдік. Тәуелсіз­дігіміз бен мемлекеттігімізді күн сайын қорғауы­мыз қажет екенін сезіндік. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөздің мәнін де жете түсіндік. Ынтымақ пен бірлік болмаса, басқа жетістіктің бәрі бекер екеніне көз жеткіздік. Сондықтан қаңтар қасіреті және сол кезде өмірі қиылған азаматтар біздің жадымызда мәңгі сақталады. Біз ұлт болып ұйыссақ, кез келген қауіп-қа­терді еңсере аламыз. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде мемлекетіміздің тұтастығын және халқымыздың амандығын сақтау үшін бәрін жасай­тынын мәлімдеді. «Тағзым» мемориалы Қаңтар оқи­ғасының орталығы болған жерде тұрғы­зылған. Республика алаңы халқымыз үшін киелі орын саналады. Мемориал тағзым ететін және еске алатын, сондай-ақ халқымыздың даналығын, батылдығы мен күш-қуатын көрсететін орынға айналады. «Тағзым» мемориалы – көпсатылы сәулет кешені. Ескерткіш әртүрлі түстен тұратын төрт эмоционал­ды-архитектуралық бөлікке бөлінген. Атап айтқанда, ақшыл сұр бөлігі – қиындықты еңсеруді, қара түс Қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелең мен үрейді бейнелейді. Сұр бөлігі – құрбан болған­дар мен төгілген қанның, адам шығы­нының символы, ақ түс тұрақ­тылық пен дамуға ұмтылуды, қоғамның әл-ауқатын, ұлттың өзін-өзі тануын, күш пен әділетті мемлекетке деген сенімді білдіреді. Әр бөлікте халқы­мыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазыл­ған тастар мен стеллалар орнатылған. Жобаның авторлары – қазақстандық жас сәулетшілер А.Ивженко мен Ғ.Сағидуллаева.