ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болып, өңірдің негізгі инфрақұрылымдық нысандарының жұмысын тексерді.
Атап айтқанда, Әлихан Смайылов Қызылордада 67 МВт электр қуаты мен 341 Гкал/сағ жылу энергиясын өндіретін ЖЭО-ның жұмысымен танысты. Сондай-ақ ол оңтүстік өңірлерді үздіксіз қуат көздерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жалпы қуаттылығы 240 МВт және 277 Гкал/сағ болатын жаңа жылу электр орталығының құрылыс жобасын көрді. Шетелдік инвестициялар есебінен іске асырылып жатқан жобаны 2025 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
Премьер-Министр жұмыс істеп тұрған ЖЭО өткен ғасырдың 60-жылдары салынғандықтан, тозығы жеткенін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2025 жылға дейін оңтүстік өңірлерде бу-газ қондырғыларын салу бойынша бірқатар жоба іске асырылады.
«Ел экономикасы дамуымен қатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандар да көптеп іске қосылуда. Сондықтан қосымша энергия көздерін жедел іске қосу қажет. Осы міндеттер аясында Қызылорда облысында жаңа ЖЭО салынады. Бұл жобаны уақытылы аяқтау керек», – деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Сырдария өзенінің арнасында орналасқан Қызылорда су торабының жұмысымен танысты. Оның негізгі қызметі өзендегі су ағынын реттеу және Қызылорда қаласы, Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарының аумағында орналасқан 110 мың га суармалы жерді, 250 мың га шабындық жер мен жайылымдарды сумен жабдықтау болып табылады. 2020 жылы ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, гидроторапты кешенді қайта құру басталды, оны келесі жылы аяқтау жоспарлануда.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов шекаралас елдермен жүргізілген келіссөздерден кейін биыл өңірде су тапшылығын төмендетуге мүмкіндіктер жасалғанын айтты.
ҚР Премьер-Министрі Сыр еліне жасаған жұмыс сапары барысында жалпы қуаты 197 мың тоннадан асатын Orda Glass Ltd шыны өндіру зауытының жұмысымен танысты.
Жалпы, бұл кәсіпорын биылғы қазан айында «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы аясында іске қосылды. Мемлекеттік қолдау шаралары ретінде оған қажетті инженерлік инфрақұрылым авто және теміржолдар жүргізілді. Қазір зауытта 370 адам жұмыс істейді. Өнім республиканың басқа өңірлеріне жіберіледі, экспортқа шығару жоспарда бар.
«Мұндай өндірістер құрылыс шығындарын және импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Биыл өнеркәсіпте 160 жаңа жоба іске қосылды. Үкімет өз тарапынан осындай кәсіпорындарға барлық қажетті көмек көрсетуді жалғастыруға дайын», — деді Әлихан Смайылов.
Мұнан соң Премьер-Министр қуаты жылына 33 мың тоннадан асатын «Мағжан және К» ЖШС күріш өңдеу зауытында болды. Кәсіпорын заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталып, бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады.
Сонымен қатар Үкімет басшысы ішкі нарыққа және ішінара экспортқа жіберілетін йодталған техникалық және ас тұзын өндіретін «Ассоль» зауытында болды. 2021 жылы компания өнімдер мен қызметтердің сапасы бойынша ҚР Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының жеңімпазы болып танылған.
Үкімет басшысы өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді. Аграрийлер саланың бірқатар мәселесін, соның ішінде суармалы сумен қамтамасыз ету және күріш өсірушілердің заманауи ауыл шаруашылығы техникасына қолжетімділігін кеңейту мәселелерін атап өтті.
Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мұқият тыңдап, АӨК-тің проблемалық мәселелерін шешу Үкіметтің назарында екенін атап өтті.