Тарбағатайда коронавирустан оқшаулау орталығы ашылмайтын болды
Тарбағатайда коронавирустан оқшаулау орталығы ашылмайтын болды
225
оқылды
Зайсан ауданына іргелес жатқан Тарбағатай ауданында оқшаулау орталығы болмайды. Бұрынғы аудан орталығы Ақжар ауылында жиналған халықтың алдына шыққан аудан әкімі осылай деді. Кеше Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы Ақжар ауылының тұрғындары ауылда карантиндік орталықтың құрылуына қарсылық білдіріп, алаңға шыққан болатын.    width= Аудан әкімі Серікқазы Сәдуақасов облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының «Уақытша стационар ашу туралы» бұйрығының 9 және 9.1 тармақтарының күшін жою туралы аймақ басшысының қаулысын көрсетіп, жиналған жұртшылықты сабырға шақырды. Қазіргі уақытта ауданда облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтың қатысуымен ауқымды түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бақытжан Какенқажыұлы әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды. Яғни, «Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында орналасқан ауданаралық Туберкулез диспансеріне қытайдан келген азаматтар карантинге жатқызылады» деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Бұл ­– тек қауесет. Сондай-ақ жиынға қатысушыларға көршілес мемлекетте тараған індеттің алдын-алуға байланысты мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мағлұмат  берілді. Осы ретте аудан тұрғындары ауруханалардың жағдайы және олардың медициналық қажеттіліктермен жабдықталуы, жедел-жәрдем қызметі туралы өзекті сұрақтарды көтерді. Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы