Сенаторлар кеңесінің отырысы өтті
Сенаторлар кеңесінің отырысы өтті
302
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың тө­рағалығымен Сенаторлар кеңесінің отырысы өтті. Іс-шара барысында Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды міндеттер кеңінен талқыланды. Палата Төрағасы өтіп бара жатқан 2022 жыл еліміз үшін тарихи оқиғаларға толы болғанын айтты.
«Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне нық қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың бастамасымен кешенді реформалар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Биыл еліміз үшін өте маңызды саяси оқиға – Президент сайлауы өтті. Сондай-ақ Парламент конституциялық реформаны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін бірқатар заң қабылдады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Спикері қазір бүкіл әлем алмағайып кезеңді бастан өткеріп жатқанына назар аударып, осындай шақта Президент сайлауы еліміз үшін маңызды қадам болғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы өз Жолдауында Парламенттің рөлін арттыруды міндет етіп белгілегенін, осыған орай жалпыхалықтық референдумда Конституцияға тиісті өзгерістер енгізілгенін тілге тиек етті.
«Президентіміз еліміздің саяси-экономикалық және әлеуметтік даму басымдығын белгілеп берді. Оның бәрі Мемлекет басшысының сайлау алдындағы бағдарламасында нақты көрсетілген. Ең басты мақсат – заң үстемдігі салтанат құрған әділетті мемлекет құру. Осы жолда бүкіл қоғам болып жұмылып, бірлесіп жұмыс істеу аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы «Қасіретті қаң­тар» оқиғасына тоқталып, жыл басында тәуелсіздік алғалы бұрын-соңды болмаған сынақпен бетпе-бет келгенімізді айтты. Мемлекет басшысының батыл әрі уақтылы қабылдаған шешімінің және халық­тың қолдауының арқасында еліміз ол қиындықтарды еңсере білді.
«Елімізде жүргізілген конституциялық рефор­маның маңызы зор. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік күшейе түсті. Мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге баса мән берілуде. Конституциялық реформаны іске асыру мақсатымен тиісті Конституциялық заңдар қабылданды. Бұл ретте адам құқықтарын қорғау институттарын жетілдіруге үлкен көңіл бөлінгенін атап өткен жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков баяндама жасады. Ол өз сөзінде құқық саласын жаңғырту мәселелеріне және Парламент жұмысының Регламентіне енгізілген өзгерістерге кеңінен тоқталды. Сондай-ақ іс-шарада Кеңес мүшелері Қуаныш Сұлтанов, Мұхамбет Көпеев, Бектас Бекназаров, Светлана Жалмағамбетова, Рашит Ахметов, Серік Жақсыбеков, Сәрсенбай Еңсегенов, Бірғаным Әйтімова, Өмірзақ Озғанбаев, Сергей Плотников және тағы басқалары сөз сөйлеп, конституциялық реформаны іске асыру барысы жөнінде өз пікірлерін білдірді.