Туберкулез екі сағатта анықталады
Туберкулез екі сағатта анықталады
© inform.kz
Туберкулез екі сағатта анықталады. Бұл туралы ҚР ДСМ «Ұлттық фтизиопульмонология орталығы» ММ директоры Мәлік Әденов баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда туберкулез ауруы бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай байқалады. Соңғы 10 жылда бұл дерт үш есеге төмендеген: 2009 жылы бұл көрсеткіш 100 мың адамға –105,3 болса, 2019 жылы 100 мың адамға шаққанда – 45,6 болды. «2019 жылдың қорытындысы бойынша диспансерлік есепте белсенді туберкулезбен 13 894 адам тұр, бұл 2018 жылға қарағанда 813 адамға аз. Қазіргі уақытта туберкулезбен күрес 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде іске асырылуда»,– дейді ҚР ДСМ «Ұлттық фтизиопульмонология орталығы» ММ директоры Мәлік Әденов. Қазақстанда туберкулездің алдын алу, диагностика жасау және емдеу тегін. Ол мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Сондай-ақ, туберкулезді ерте анықтау үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) желісінде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін диагностиканың ең заманауи әдістері енгізілген. «Елімізде туберкулезбен ауратын науқастарды емдеудің тиімділігі әлем бойынша ең жоғары деңгейде. Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған жаңа препараттар қолданылуда. Соның арқасында 2 сағат ішінде көптеген дәріге төзімділігі бар микробактериялар мен туберкулезді анықтауға болады. Олардың арасында қысқа мерзімде құрт ауруын емдеуге мүмкіндік беретін арнайы кестелер бар»,– деді Мәлік Әденов. Ресми дерек бойынша, әлемде жыл сайын туберкулезден 1,7 млн адам көз жұмады. Ал, 10 млн-нан астам адам құрт ауруына шалдығады екен.