Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы дайын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген жаңа тұжырымдама 2023-2027 жылдарға арналған. Бұл құжаттың жаңалығы неде? Жаңа тұжырымдама тоқтаған көштің бойына қайта қан жүгірте ала ма? Біз бұл сауалымызды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Ілияс Испанов мырзаға қойған едік. – Ілияс мырза, Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы таныстырылды. Бұл тұжырымдаманың мән-маңызы қандай? – Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп, Экономикалық реформалар жөніндегі жоғары кеңесте мақұлданған. Тұжырымдама еліміздің көші-қон саясатын реттеуді және экономикалық дамуын кадрлық жағынан қамтамасыз етуді көздейді. Оның аясында алдағы жұмыстың басты 3 блогы айқындалды. Атап айтқанда, елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыру; шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау және өңірлер арасындағы демографиялық теңсіздікті жою. Сондай-ақ елімізге ең тапшы мамандықтар бойынша 500 мықты маманды тарту үшін 7 бағытта жұмыс жүргізіледі. Атап айтқанда: Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыруды көздейтін білім беру иммиграциясы; бизнес-иммиграция; шетелден 100 үздік маманды тарту; этникалық көші-қонды реттейді; босқындармен жұмыс; Қазақстан азаматтарының еңбек мигранты ретінде шетелге шығуына қатысты және соңғы бағыт; еңбек күшінің тапшылығы бар өңірлерге ішкі ұтқырлықты ынталандыру. Алдағы уақытта аталған бағыттар бойынша біршама жұмыс жүргізіледі, атап айтсақ, заң жобалары, құқықтық актілер мен халықаралық келісімшарттар қабылдау жоспарланған. – Жаңа көші-қон саясаты дегеніміз не? Мықты кадрлар тарту дегеніміз шетелдік мамандардың санын арттыру деген сөз бе? – Тұжырымдама шеңберінде технологиялар трансферті мен ұлттық кадрларды даярлауды қамтамасыз ететін тапшы кәсіптер бойынша кәсіби біліктілігі жоғары шетелдік мамандарға баса назар аудара отырып, Қазақстанға білікті еңбекші көшіп-қонушыларды тарту іс-шарасы қарастырылған. Шақырылатын жоғары білікті шетелдік мамандар үшін 10 жылға дейін тұруға ықтиярхат алу құқығымен әлеуетті жағдайлар жасалады. – Білім иммиграциясы мен бизнес иммиграциясының аражігі қалай? Бұл көші-қон саясатына қандай өзгеріс әкеледі? – Мемлекет ғылым, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, IT саласындағы сұранысқа ие кәсіпқойлар үшін жеңілдіктер енгізеді және тұруға ықтиярхат алу құқығымен визалар береді. Авторлық мектептерді ашу үшін жағдайлар жасай отырып, өнер, спорт, әдебиет саласындағы шеберлер тартылады. Бұдан басқа, мұғалімдер, ғалымдар, тапшы мамандық бойынша Қазақстан оқып жатқан шетелдік студенттер арасынан «құнды біліктілік иегерлерін» жеңілдетілген жағдайда жұмысқа орналастыруды көздей отырып тарту жоспарланған. Бастама шеңберінде үздік бизнесмендер, оның ішінде тұтастай зияткерлік қызметке негізделген креативті индустрияны (экономиканың төртінші секторы) дамыту үшін тартылады. Бұл адами капиталды дамытуға, білім құндылығы мәдениетін қалыптастыруға айтарлықтай серпін береді және білім беру қызметтері сапасының өсуіне ықпал етеді. Қазақстан экономикасына бір мезгілде 300 мың АҚШ долларынан асатын сомада инвестиция салған шетел азаматтары үшін инвесторлық визаларды алу шарттары қайта қаралатын болады. Виза иесі бизнесті тіркей алады, мүлікке, оның ішінде тұрғын үйге иелік ете алады, қаржылық операцияларды жүргізе алады, сондай-ақ тұруға рұқсат ала алады. Сондай-ақ, шетелде тұратын этникалық қазақтарға елге жеңілдетілген түрде кіру үшін берілетін «Ата жолы» картасы енгізілді. Оның иесі тұру құқығын алған шетелдіктермен бірдей елге жеңілдетілген кіру мүмкіндігіне ие болады. – «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» деген мәтелдің мәні артқандай. Соңғы жылдары елден кеткендер саны артып келеді. Қазақстаннан көбіне жастар кетіп жатқан секілді. Бұл үдеріс халық санының азаюына кері әсерін тигізбей ме? – Жалпы, 2011 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде негізінен еңбекке қабілетті жастағы жоғары және техникалық-кәсіптік білімі бар 367,1 мың адам шетелге тұрақты тұруға кетті. Тек 2019-2021 жылдары елден тұрақты тұруға шетелге 106,5 мың адам, оның 90 пайызы – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне жұмысқа орналасу немесе тарихи Отанына оралу мақсатында көшіп кетті. Бұл соңғы жылдардағы көші-қон ағындарының серпіні жоғары білімі бар эмигранттар санының өсуін және елге жоғары білімі бар көшіп келушілердің қарама-қарсы легінің қысқарғанын көрсетеді, 10 жыл ішінде елге келген жоғары білімі бар адамдар саны екі еседен астамға қысқарып, 2020 жылы 1,9 мың адамға жеткен. Бұл эмиграция негізінен білімді жастар мен білікті мамандарды қамтитынын көрсетеді, мұның өзі Қазақстанның адами капиталының сапасына әсер етеді. Шетелдік оқу орындарында оқу қазақстандықтардың эмиграциясының алдын ала кезеңі болып есептеледі. Қазақстан – білім беру бойынша көрсетілетін қызметтерінің жаһандық нарығының белсенді қатысушысы. Шетелдік білім берудің неғұрлым жоғары сапасы мен беделі, әлемді көруге және өз ой-өрісін кеңейтуге, шет тілдерін үйренуге деген ұмтылыс, студенттердің белгілі бір бөлігі үшін – одан әрі жұмысқа орналасу және шетелде тұру қазақстандық жастар үшін жоғары білім алу мақсатында шетелге шығудың басты алғышарттары. Мұнда Қазақстаннан білім беру көші-қонының «сыртқы» жағы көрінеді: бұл – көшіп-қонушылардың белгілі бір бөлігі оқуды аяқтаған соң басқа елдерде тұруға және жұмыс істеуге деген ұмтылысына байланысты елдің зияткерлік әлеуетінің бір бөлігінен айырылуы. Мұндай көші-қон процестері «адами капиталды» дамыту қажет екенін көрсетіп беріп отыр. – Бір жылдары оңтүстіктен солтүстікке көш аударту үшін «Серпін» бағдарламасы жүзеге асқан еді. «Серпін» бағдарламасы бойынша грант бөлініп, студенттер қабылдай бастаған-ды. Мұның соңы немен аяқталды? – Негізі, аталған «Серпін» бағдарламасы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылған. «Серпін» бағдарламасына қатысушылар жұмыс күші Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары және Шымкент қаласынан 9, 11-сыныптарының түлектері жоғары, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрлар. Бұл іс-шараның орындалуына жауапты мемлекеттік орган сол кездегі Білім және ғылым министрлігі болды. Қазір «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының іске асыру мерзімінің 2021 жылы аяқталғанын ескере отырып, жалпы қоныс аудару іс-шарасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жалғасуда. Ал «Серпін» бағдарламасы өз кезегінде Білім және ғылым министрлігінің жауапкершілігінде қалды. – Теріскейге көш қайта жалғасатын секілді. Бұл қандай бағдарлама аясында жүзеге асатын болады? – Жаңа атап өткендей, 2022 жылдан бастап, қоныс аудару бағдарламасы «Қуатты өңірлер» ұлттық жобасы аясында жалғасуда. Министрліктің 2022 жылға бекітілген квота саны – 8 086, оның ішінде қандастарға – 1 499, қоныс аударушыларға – 6 587. Қазіргі уақытта, жұмыс күші артық өңірлерден, жұмыс күші тапшы өңірлерге 7 552 адам, оның ішінде 1 235 қандас, 6 317 қоныс аударушы көшті. Қоныс аударушыларға бірреттік 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде субсидия, тұрғын-үйді жалдау шығыстарын өтеуге 15-тен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін субсидия беріледі. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарда бос тұрғын-жай болған жағдайда, қызметтік үй, жатақхана, бөлмелер ұсынылады. Айта кетерлігі, келесі жылдан бастап жоғарыда аталған тұжырымдама аясында жаңа механизм, яғни қоныс аударушыларға экономикалық ұтқырлық сертификатын ұсыну қарастырылған. Аталған сертификат тұрғын-үйді сатып алуға немесе салуға, сондай-ақ алғашқы жарна ретінде қолдануға беріледі. Сонымен қатар мамандықтары бойынша тұрақты жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. Іске асырылып жатқан шаралар халықты қоныстандырудың өңірлік диспропорциясы ішіндегі проблемаларды шешуде басты рөл атқарады. – Соңғы жылдары айналадағы қақтығыстардың салдарынан елімізге біраз босқын келген секілді. Бұлардың арасында қай елдің өкілі көп? – 2009 жылғы желтоқсанда Қазақстанның «Босқындар туралы» заңы қабылданды, оның негізгі мақсаты шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға пана берудегі, сондай-ақ босқындар мәртебесін берудегі қатынастарды реттеу жүйесін қамтамасыз ету. Заң босқындардың құқығы саласындағы халықаралық заңнаманың қағидаттарына негізделген: босқын мәртебесін алудан бас тарту, ашықтық және қолжетімділік, кемсітушілік емес, босқындарды қолдау, ақпараттың құпиялығы, отбасы бірлігі және босқындардың балаларының құқығын қорғау. Аталған заң пана іздеушілер мен босқын мәртебесін алған адамдардың құқықтық мәртебесі мен одан туындайтын құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Заң босқын мәртебесін беру, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша заңды тіркелу және жеке басын куәландыратын ресми құжаттар-босқын куәлігі мен жол жүру құжатын беру құқықтарын қоса алғанда, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу рәсімдерін айқындайды. Бұдан басқа, босқындар Қазақстанның Денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық қызмет көрсетуге құқылы. Босқындарға, сондай-ақ пана іздеп жүрген адамдарға медициналық көмек тегін негізде Қазақстан азаматтарына көрсетілетін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады. Босқындар еңбек бостандығы мен кәсіпкерлік қызметке құқылы. Ұлттық заңнамаға сәйкес, босқындарға басқа шетелдіктерден айырмашылығы, еңбек қызметіне рұқсат алу талап етілмейді. Қазақстан заңнамасы барлық баланың, оның ішінде босқындардың балалары мен пана іздеушілердің мектептегі білім берудің барлық деңгейін алу құқығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар біздің заңнамамыз отбасы бірлігіне ықпал етеді. Бұл жерде босқындар мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары – пана іздеушілер мен босқындардың жеке өмірі туралы ақпараттың құпиялығын сақтау. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айым БЕКТҰР