Поэзия онымен егіз бе едің?!
Поэзия онымен егіз бе едің?!
917
оқылды
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың туған күніне орай Астанадағы Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназияда ақынның өнегелі өмірі мен шығармаларын насихаттауға арналған «Ақын жүрегіндегі елорда» атты еске алу кеші өтті. Кеш жүргізушісі Кәрімбек Құрман­әлиевтің айтуынша, бұл кеш қазақтың ақын қызы, Қазақстанның Халық жазу­шысы Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығын еске алып қана қоймай, оқушылар арасында кеңінен насихаттау. Сөйтіп, кеш мектептің аспапты оркестрінің сүйемелдеуімен ашылды.
– Бүгінгі кештің бізге берері көп. Әсіресе, өсіп келе жатқан ұрпаққа, мына жер­дегі оқушыларға үлкен сабақ болмақ. «Отыз екі тістен шыққан сөз, 32 руға тарай­ды» дегендей, бүгінгі Фариза Оңғарсын­ованың өнегелі сөздері, өлеңдері, еліміздің дамуына қосқан үлкен үлесі мен еңбегі жайында сөз қозғалады. Міне, осы әңгі­менің бәрі мына жерде отырған оқушылар арқылы өзге білім ордалары мен оқушы­ларға кеңінен таралады. Оның үстіне, Фаризаның отты жырлары жастар ара­сында патриоттық сезімді оята түседі деп сенемін, – деді Ұлттық ғылым академия­сының академигі, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құр­манәлиев.
Ақынын ардақтаған алқалы жиынға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депу­тат­тары Сауытбек Абдрахманов, Дархан Мыңбай, Ұлттық ғылым академиясының академиктері Уәлихан Қалижанов, Бауыр­жан Омаров, Амантай Шәріп, Еренғайып Сәліпұлы, сондай-ақ Фариза апайдың Оңайгүл Тұржан сынды елге бел­гілі ақын сіңлілері қатысып, естеліктерімен бөлісті. Іс-шара аясында ақын Фариза Оң­ғарсынова кітаптарының көрмесі ұйымдас­тырылып, «Фаризатану» кабинеті тыныс-тіршілігінің таныстырылымы өтті.
«Мектепте оқып жүргенде1960-жыл­дардың ортасында Алматыға келіп, студент атанғанымызда әдебиетке құштар болдық. Газет бетіне жақсы өлең шықса, жата-жас­тана оқитынбыз. Фариза апамыздың өлеңі өзімізге жақын болды. Өлеңдері «Лениншіл жас» және тағы басқа газетке шығып жата­тын. Фариза Оңғарсынова – көптің жүре­гінен орын алған ақын. Әбділдә Тәжі­баевтың «...Кейін өлеңші ұмытқа айналады да, болашақпен беттесу және тілдесу үшін өмірде ақын қалады... Менің Фариза өлең­дерінен бірінші алған әсерім: өлеңшімен емес, ақынмен кездестім. Кездестім де, шексіз қуандым» деп ағынан жарылған. Сол сияқты бүгін ақын бола­шақпен беттесіп, сіздермен өлеңі арқылы тілдесіп отыр. Бұл Фариза поэзиясының өміршең екенін, халқымен мәңгі жасай­тынын дәлел­дейді», – деді кеш қонағы Зейнолла Әжібаев.
Айта кетерлігі, 2019 жылы елорданың сол жағалауындағы бір көше ақынның атымен аталса, 2021 жылы №77 мектеп-гимназияға Фариза Оңғарсынованың есімі берілген еді. Қызығы, ақынның жырға жақын бо­луына әкесінің ерте қайтыс болып, анасы­ның еңсесін көтеру үшін ермек тапқан бала көңілі әсер еткен.
«Қазір ойлаймын, менің әдебиетті сүюіме, сөз өнерінен жұбаныш табуыма анамның қайғы-қасіреті ерекше әсер еткен болуы мүмкін. Мен анамның көңілін аулаудың түрлі жолын іздейтінмін. Үйімізде кітап көп еді. Мен өздігімнен әріптерді үйрендім әрі Қобыланды жырын жаттап алдым. Содан кейін дауыстап жыр оқитын едім. Бір қызығы, мен жыр оқи жөнелсем, анам көз жасын тиып, құлақ салып тың­дайтын. Сол кезден бастап менің қолымнан кітап түскен жоқ», – деген екен ақын.
Жоғары оқу орнын таңдар тұста да, анасының сөзінен аттап кетпеген. Бас­тапқыда физика, математика пәнін таңдап, оқуға түскенімен, кейіннен сол кездегі Гурьев мемлекеттік педагогикалық инсти­тутының тіл-әдебиет факультетіне ауыса­ды. 1961 жылы жоғары оқу орнын тәмам­дап, Балықшы ауданының Еркінқала, «Октябрьдің 40 жылдығы» қазақ орта мектептерінде мұғалім болып жұмыс істеген. Мектепте қазақ, орыс тілі және әдебиет пәнінен сабақ берген. Оқушыларды қазақ классиктерінің шығармаларымен сусындатып шығады. Осылайша, әдебиет әлеміне барынша жақындайды. Ақынның тік мінезі өлеңінен де білініп тұрады. Өзі де жұрттың бетіне айтып тастай беретін қасиет келе қалыптасқанын айт­қан. Егер адамды жақтырмай қалса, сөй­леспей жүре беретінін де жасырмаған. Ақын­ның мінезін, ішкі әлемін аша түсетін ерекше оқиғаны суретші Таңсық Сәбит­бекқызы жиі айтады. Фариза апамыз сурет­шіге алғашқы кездесуде сыр бермей, қырын қараған деседі. Артынша қылқалам шебері екінші рет байланысқа шыққанында ілтипатпен қабылдапты. Бірақ ол ақынды көргенде аузына сөз түспей, мысы басқа­нын жоққа шығармайды.
«Жұрт қатал, бетке айтатын тік мінез дейтін Фариза ақынның шын мәнінде жүрегі нәзік, көкірегі шерлі, өзім деген жанға өзегін жұлып берердей бауырмал жан екенін сонда сездім. Бірталай әңгіме айтты, бірақ ортадағы көзге көрінбейтін байланысты ұстап, есіл-дертім кенеп үстіндегі кейіпте болғанда оның ешқай­сысын қаперге ілмеген екем ғой. Жанарда жүрген қонақтап, Қоңырқай күзде сорлы мұң» деп жырлаған ақынның ішінде өзімен бірге талай құсалы сыр, құмбыл дауыс кеткендей болады да тұрады», – дейді суретші.
Фариза Оңғарсынованың лирикаға толы сыршыл өлеңін сүймейтін оқырман жоқ. Әсіресе, қыз сезімін, мұңын, ішкі сезім толқынысын дөп басатын жырларын жылы қабылдайды.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ