Сенаторлар 149 депутаттық сауал жолдады
Сенаторлар 149 депутаттық сауал жолдады
395
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Конституциялық Соттың судьяларын қызметке тағайындады, бірқатар заң қабылдады және депутаттық сауалдарын жолдады. Палата депутаттарының дауыс беруі нәтижесінде Ерлан Сәрсембаев, Асан Ес­кендіров және Айгүл Қыдырбаева Қазақстан Республикасы Конституция­лық Сотының судьялары болып тағайын­далды. Отырыс барысында сенаторлар «Қа­зақ­стан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қал­пы­на келтіру және банкроттығы мә­селе­лері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Рес­пуб­ликасы аза­мат­тарының төлем қабі­лет­тілігін қал­пы­на келтіру және банкрот­тығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, қабыл­дады. Жаңа заңның нормаларында бо­рышкерге соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы рәсімдері арқылы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігі қарастырылған. Көрсетілген шаралар борышкердің өтініші бойынша ғана қол­данылуы мүмкін. Сенат Төрағасы атап өткендей, заңдар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданды және олар осы бағыттағы мәселелерді заң­намалық тұрғыдан шешуге арналған.
«Заңда борышкер мен кредитордың құ­қықтары мен міндеттері, уәкілетті орган мен қаржы басқарушысының өкілеттіктері нақты белгіленеді. Қабыл­данған заңдар халықтың борыш жүктеме­сінің төмендеуіне және қаржылық тұрақтылықты нығайтуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшім­баев.
Сонымен қатар депутаттар «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қор­ғауға жататын адамдардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Құжатта қаржылық бақылау тетігі ретінде сыбай­лас жемқорлыққа қарсы шараны едәуір күшейту ұсынылған. Бұл қадам мемле­кеттік қызметшілер мен оларға теңес­тірілген адамдардың, олардың жұбай­ларының кірістері мен шығыстарына толық талдау жүргізуге мүмкіндік береді. 2027 жылдан бастап мұндай адамдарға мемлекеттік қызметші теріс себептермен жұмыстан шығарылғанға дейін әкімшілік жауапкершілік көзделетін болады. Сондай-ақ осындай себептер бойынша жұмыстан босатылған мемлекеттік қызметші үш жыл бойы мемлекеттік, оның ішінде құқық қорғау органдарында қызмет атқара алмайды. Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қабылданды. Бұл заң тазы және төбет тұқымдарын сақтауға арналған. Соған байланысты осы құжат арқылы тиісті салада жұмыстарды жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастыру­шы­лық және экономикалық негіздері белгіленеді, сондай-ақ уәкілетті органның құзыреті бекітіледі. Сенаторлар экологиялық бұзушы­лық­тар үшін жауапкершілікті күшейтуді, оның ішінде заңсыз шөп шабу және мал жаю, орман фаунасын жою немесе бүлдіру, орманды қалдықтармен, химия­лық заттармен бүлдіру және басқа да тәртіпті бұзушылықтар үшін айыппұл санкцияларын ұлғайтуды көздейтін Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстер мен әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы Кодекске түзетулер енгізу мәселесін қарады. Сондай-ақ отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Бақытжан Байахметов электр энергиясы бағасының өсуіне байланысты проблеманы көтерді және елдегі энер­гетика­лық кешенді дамыту шара­ларын ұсынды. Одан бөлек, депутат Энергетика министрлігіне қуаты аз қазан­дықтарды бақылау құқығын беру арқылы бұл саланы күшейту қажет екенін айтты. Рысқали Әбдікеров Үкіметті қант диабетімен күрес жөніндегі ұлттық бағдарлама әзірлеуге және эндокринолог-дәрігерлердің тапшылығы мәселесін шешуге шақырды. Әли Бектаев Қостанай облысының Торғай өңірінде пойыздар мен теміржол­дардың әбден тозғанын назарға алып, инфрақұрылымның ескіруіне және саланың сын көтермейтініне алаңдау­шы­лық білдірді. Айта кетейік, бұл – Сенаттың биылғы қорытынды отырысы. Осыған орай Мәулен Әшімбаев палатаның бір жылдық жұмысын түйіндеп, негізгі нәтижелерге тоқталды. Сенат Төрағасы өз сөзінде па­лата жұмысындағы негізгі басымдық­тардың бірі Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдау екенін айтты.
«Биыл Парламент 86 заң қабылдады, оның 13-іне депутаттар бастамашы болды. Қабылданған заңдар еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді көздейді. Заң шығару кезінде әрбір заң жобасы Сенаттың тұрақты комитет­терінде жан-жақты талқыланды. Халық­тың пікірі мен көпшіліктің үні ескеріліп отырды. Конституцияға, соның негізінде бірқатар конституциялық заңдар мен заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Конституциялық Сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Прокуратура туралы конституциялық заң­дар қабылданды. Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің, Парламенттің және Үкіметтің құқықтық жағдайын белгілейтін конституциялық заңдарға да өзгерістер енгізілді», – деді Сенат Спи­кері.
Палата Төрағасы Сенаттың тұрақты Комитеттері заң шығару қызметімен қатар жыл бойы бірқатар маңызды іс-шара өткізгенін де тілге тиек етті.
«Сенат қабырғасында «Жаңа Қазақ­стан: Жастар және жаңғырту» тақы­рыбында парламенттік тыңдау өткізілді. Биыл 4 үкімет сағаты ұйымдастырылды. Онда бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, өңірлерді газдандыру, тұрғын үй құрылысын дамыту, денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Комитеттер 50-ге жуық көшпелі отырыстар мен дөң­гелек үстелдер ұйымдастырды. Әріптес­теріміз өңірлерде, оның ішінде шалғай ауылдарда жергілікті тұрғындармен 650-ге жуық кездесу өткізді. Сонымен қатар биыл сенаторлар 149 депутаттық сауал жолдады», – деп қорытындылады Мәу­лен Әшімбаев.