Бар жақсымыз балаларға арналды ма?
Бар жақсымыз балаларға арналды ма?
677
оқылды
Балалардың құқығы мен заңды мүдделе­рін қорғау – еліміздің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі. Мем­лекет басшысы 2022 жылды – Балалар жылы деп жариялады. Атаулы жыл аясында бала­ларды қорғауға, сапалы біліммен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсау­лығын нығайтуға, инфрақұрылымды дамы­туға және тағы басқа проблемаларға ерекше көңіл бөлінуі керек еді. Балалар жылы ая­сын­да олардың сапалы өмір сүруіне, қауіпсіз қоршаған ортада өсіп-өнуіне ықпал ететін, жақсы білім алуына мүмкіндік беретін іс-ша­ралар жүзеге асады делінді. Мүмкін болды ма, мамандар не дейді? Өмір Шыныбекұлы Өмір Шыныбекұлы, ұстаз: – Балалар жылына көңілім толған жоқ. Ұрансөзге толы жыл болды, іске келгенде ештеңе қатырмадық. Бар бол­ғаны, жылда атқарылатын іс-шара­ларды Балалар жылына орайластыра салдық. Жақында Түркістан облы­сында бір мектепке аудит жүргізіліп, 13 млн теңгенің дүние-мүлкі жетпейді деген ақпарат алдық, анық-қанығына әлі жете алмай отырмыз. Егер бір ғана мектептегі жағдай осындай болса, облыс, республика бойынша ахуалдың қандай екенін елестете беріңіз. Бұл орайда құзыретті мемлекеттік мекемелер еліміздегі барлық бала­бақша мен білім ошағына толық аудит пен инвентаризация жасауы керек. Дүние-мүлікті түгендеудің тәртібін бекітуі тиіс. Бұл істі мемлекеттік құпия секілді қиындатып жіберген. Кезінде шағын ауылдағы кішкентай дүкеннің өзінде сатушысы ауысса, тиынына дейін ақшасын санап, ұсақ-түйегіне дейін заттарын түгендеп тапсырып беретін. Бір тиыны жетпесе, сатушы сотталатын. Ал қазір білдей бір мемлекеттік білім ошақтарының басшылары ешкімге есеп бермей, ештеңе түгендемей, «бармақ басты, көз қыстымен» ауысып кетіп жатыр. Ал оның бәрі – халықтың қаржысы, дүниесі. Сондықтан Ротациялау туралы ережеге «Білім ошағына тағайындалған жаңа басшы тәуелсіз аудитор шақырып, толық аудит және инвентаризация жүргізіп, қабылдап алуға міндетті» деген бап қосылуы тиіс. Жалпы, «Балалар жылы» деп ұрандатпай-ақ, жыл сайын мемлекет бюджетінен балалар мен жасөспірімдерге бөлінетін қаражатты соңғы тиынына дейін өскелең ұрпақ­тың игілігіне жұмсаған болсақ, бұл саладағы проблемалар көп күттірмей шешімін табатын еді. Өкінішке қарай, қазіргі жағдайға куәміз. Серікбол Хасан Серікбол Хасан, балалар ақыны: – Президент 2022 жылды Балалар жылы деп жариялап, биыл өскелең ұрпақтың, әсіресе әлеуметтік мәселе­леріне мән берілетіні айтылды. Алайда биыл көп дүние керісінше болған сияқты. Өйткені бұрын балалардың әртүрлі үйірмесіне мемлекет тарапы­нан қолдау көрсетіліп келсе, осы жылы керісінше көптеген үйірме жабылды. БАҚ беттерінде балалар өліміне қатысты ақпарат көбейді. Балаларға жасалып жатқан жақсылықтардың насихатынан гөрі жас ұрпақтың проблемалары, трагедиясы көп көрініс тапты. «Қазақстан халқына» қоры құрылып, ол мүгедектігі бар, науқас балаларға көмек көрсетеді делінді, оның да есебі көзге көрінген жоқ. Атаулы жыл аясында Астанадағы Жетісу саябағында «Менің атым Қожа» шығармасының кейіпкеріне – Қожаға ескерткіш қойылды. Бұл – балалар әдебиетіне, қазақ киносына деген құрмет. Бұдан басқа, балалар әдебиетінде де айтарлықтай жаңалық болған жоқ. Бірнеше байқауда «Балалар әдебиеті» аталымы қарастырылды, әйтсе де, байқаулар балалар әдебиетін дамытады деген сөз емес. Мәселен, осындай байқауларға балалар жазушысы еместер де қатысып жатқанын көрдік. Ақын-жазушылар конкурсқа қатысып қана қоймай, балаларға арналған шығармалар жазса екен деген тілек бар. Сондай-ақ Балалар жылын Президенттің өзі атаулы жыл деп жариялаған соң мемлекет республикалық көлемде қандай шаруа атқарғанын атап көрсетіп, қорытындылауы керек еді. Камиша Есмұхамбетқызы Камиша Есмұхамбетқызы, заңгер: – Балалар жылы аса көңілімнен шықты деп айта алмаймын, өйткені биыл да өскелең ұрпаққа қамқорлық жасай алмадық, тым аз болды. Биыл суицид, балаларға жасалған зорлық-зомбылық көп болды. Баласын өлімге қиған ата-аналардың оқиғасы жиіледі. Ал билік мұндай жағдайларға еш реакция білдірген жоқ. Балаларға қамқорлық кең көлемде жа­салуы керек еді. Суицидтің алдын алу, ата-ана рөлін кү­шейту, зорлық-зомбылықтан қорғау және тағы басқа проблемалар терең зерттеліп, республикалық деңгейде жан-жақты ша­ралар атқарылмады. Жер-жерде кішігірім ұйымдар, қорлар балаларды қорғауды тырысып жатқан шығар. Әйтсе де, атаулы жыл аясында ауыз толтырып айтатын ешқандай шара атқарылмады. Билік баланың құқығы мен қауіпсіздігін қор­ғауға терең назар салуы керек. Құзыретті органдар, уәкілетті мекемелер бірлесіп, балалар проблемаларын талдап, қо­ры­тынды жасауы тиіс. Балаларды қорғау полициясы құ­рылуы керек екенін бірнеше рет айттық. Сонда қорғансыз қалған балалардың тағдырына араша түсу мүмкіндігі артады. Қазір бір омбудсменнің жанына еліміздің өңірлерінде кө­мекші уәкілдер тағайындалды. Олардың не атқарып жат­қа­ны белгісіз. Балалар омбудсмені Аружан Саинның жұмы­сына көңілім толмайды. БАҚ беттерінен қаншама баланың түрлі трагедиясы көрсетіліп жатыр. Оларды қорғап жатқан ом­будсменді көрмедік. Қазіргі омбудсменді орнынан алып тас­тап, орнына құқық қорғау саласын жақсы меңгерген, әр мә­селеге уақытылы реакция білдіретін адам тағайындалуы тиіс.