Тоқаев несиені уақытша тоқтататын заңға қол қойды
Тоқаев несиені уақытша тоқтататын заңға қол қойды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Ақорданың хабарлауынша, Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады. Заңда нақты үш рәсім бар. Олар: соттан тыс банкроттық; сот банкроттығы; төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Барлық үш процедураны борышкердің өзі ғана бастайды. Соттан тыс банкроттықтың шарттары: берешектің 4,9 млн теңгеден (1 600 АЕК) аспауы; борышкерде ресми кірістің болмауы; мүліктің болмауы; қарыз бойынша банкпен тиісті рәсімдерді жүргізу. Ал сот арқылы банкроттық қарыздың сомасы 4,9 миллион теңгеден асқан жағдайда қолданылады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды. Сот банкроттығын қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олар: заңды тұлғаларды және жеке кәсіпкерлерді банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер; кәсіби бухгалтерлер; заң консультанттары; аудиторлар. Заң бойынша банкрот деп жарияланған адам борышкердің міндеттемелерін орындаудан босатылады. Айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеу тоқтатылады. Бірақ 5 жылға кредит алуға тыйым салынады. Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Банкрот адамның тұрақты табысқа қол жеткізгеннен кейін қарызды қайтару жоспары жасалады. Соның нәтижесінде "банкрот" деген мәртебесінен айырылады. Кредит алмау және тағы басқа шектеулерден құтылады.