Қарағанды облысында 200-ден астам көлік жолда қалып қойған
Қарағанды облысында 200-ден астам көлік жолда қалып қойған
492
оқылды
Ауа райының қолайсыздығына байланысты республика аумағындағы бірқатар тасжолдар жабылды.  3 қаңтар күні ауа райының күрт өзгеріп, қар жауып, боран соғуына байланысты Қарағанды облысының аумағынан өтетін барлық республикалық маңызы бар тасжолдар мен облыс ішіндегі жолдар жабылған. Осыған орай патрульдік полиция қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген. Боран салдарынан жолдың жабылуына байланысты Қарағандыдан Алматыға қарай бағыт алған 30-ға жуық көлік, Астана бағытында Теміртауға жетпей 200-ге жуық көлік жолда қалған. Қазіргі уақытта полицейлер жолда қалған көліктерге көмек көрсетіп жатыр. Сондай-ақ полицейлер Түркістан облысының аумағында қалың қар жауып, ақ түтек боран соғуына байланысты облыстық және республикалық маңызы бар тасжолдар оның ішінде Шолаққорған-Түркістан, Алматы-Ташкент және Алматы-Тараз тасжолдары жабық екенін ескертеді. Сондай-ақ екпіні 50 м/с дейін болатын қатты боранға байланысты Жамбыл облысындағы облыстық маңызы бар "Б. Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған" (27-ден 76 шақырымға дейін), "Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас-Саудакент" (107-ден 149 шақырымға дейін), республикалық маңызы бар Тараз-Шымкент учаскесіндегі (534-тен 593 шақырымға дейін) жолдар жабылған.