Азық-түлік тауарларының бағасы 25,3%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 19,4%-ға, ақылы қызметтер 14,1%-ға өсті. Мәселен, өткен айда азық-түлік тауарлары – 1,6%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 1,3%, ақылы қызметтер – 0,5%-ға қымбаттаған.
Азық-түлік арасында көкөніс бағасы айтарлықтай өсіп отыр. Желтоқсанда қияр – 35,6%, қызанақ – 14,6%, тәтті бұрыш – 8,4%, пияз – 7,9%, қызылша – 3,8% қымбаттаса, 2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда былтыр шақпақ қант – 92,7%, кір сабын – 87,6%-ға, кеңсе тауарлары – 70,3%-ға өскен. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде желтоқсан айында техника бағасы да айтарлықтай көтерілген. Мәселен, былтыр қарашамен салыстырғанда сымсыз құлаққаптар – 7,7%, планшет – 6,3%, электрлі жылытқыштар – 6,1%, ноутбук – 3,7%-ға қымбаттады. Ыдыс жууға арналған құралдардың бағасы 4,5%, кір жуғыш ұнтақ – 4%-ға өскен. Сонымен бірге алдыңғы айда ақылы қызметтердің бағасы 0,5% өссе, туристердің медициналық сақтандыру қызметі – 7,3%, көлік жуу қызметі –3,8%-ға қымбаттады. Өңірлер бөлінісінде азық-түлік тауарлары Қостанай және Жамбыл облыстарында ең көп өсті – 2,5%-дан, азық-түлікке жатпайтын тауарлар Қостанай облысында – 2,2%, ақылы қызметтер Жетісу облысында – 1,7%-ға артыпты.