2023: жылға болжам – жоспарға жүк
2023: жылға болжам – жоспарға жүк
© коллаж: Елдар Қаба
1,088
оқылды
Сонымен, қоян жылы да келіп жетті. Әрине, шығыс күнтізбесі бойынша қоян жылы наурызда кіретіні анық. Дегенмен жаңа кезеңге үлкен үміт­пен қарайтын әдетімізбен 2023 жылды шешуші межеге балап отырған жайымыз бар. Өйткені транзит толық аяқ­талды, жаңа 7 жылдық президенттік мерзім басталды. Еліміз саяси жолда демо­кра­тиялық даңғылға түскенімен, эко­но­микалық жағынан тұралап жатқанымыз рас. Әйтсе де, әлеу­меттік-қоғамдық ахуалға жылымық лепті жан бітіп келеді. Ендеше қоян жылы­ның қоңы қандай болмақ? Болжап көрелік... Үстемдік заңынан заң үстемдігіне... Біз жаңа жылға емес, жаңа ке­зеңге аяқ бастық деп айтуға толық хақымыз бар. Өйткені былтыр еліміздегі саяси рефор­малар тек қауызын ашқан болса, биыл ол күлтесін жаймақ. Демек, жемісін көретін күн де алыс емес деген сөз. 2023 жылдың саяси күн тәр­ті­бін өткен 2022 жылдағыдай Пре­зи­дент бастау берген саяси рефор­малардың векторы ай­қындамақ. Бұл ең бірінші кезекте ел Консти­туциясын жаңартуға арналған рес­­публикалық рефе­рендум қо­ры­тын­дыларының іс жүзіндегі жал­ғасымен байла­нысты. Мә­селен, жыл басталмай жатып-ақ құ­рамы анықталған Конститу­циялық Сот жұмысына кірісіп кетті. «Ескі де болса жаңа» инсти­тут­тың азаматтардың іргелі құ­қықтарын қорғауда тұғыры берік жаңа инстанция боларына сенім мол. 7 судьядан тұратын орган өзі­не жаңа конституциялық мәр­те­беге ие болған Адам құқы жө­нін­дегі уәкіл мен Бас про­курату­раны кіріктіре отырып, халықтың әлеуметтік осал топ­тарын қолдау жөніндегі ом­будсмен лауазымына құрыл­тайшылық ету арқылы жаңа қорғау жүйесін қалыптастырады. Конституциялық Соттың кәдімгі судьялар мен прокурорларға қа­рағанда басты артықшылығы – қандай да бір заңды Конс­ти­туцияға сәйкес емес деп таныса оны дауға сала немесе жоя ала­тынында. Енді кез келген азамат өзіне Консти­туциямен кепілдік бе­рілетін құ­қық­тары мен бос­тандықтарын қор­ғауы үшін осы органға жүгіне алады. Сондай-ақ Бас про­курор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілдің де осы органға хабар­ла­суға құқы бар. Бәрін айт та, бірін айт – World Justice Project халық­аралық үкі­меттік емес ұйымының заң үстемдігі рей­тин­гінде Қа­зақ­стан 140 елдің ішінен 2022 жылы 65-орынға, оның ал­дыңғы жылы 66-орынға орныққан екен. Әйтсе де, бұл тізімде Украина – 76, Өзбекстан – 78, Беларусь – 99, Ресей 107-ші орында тұрғанын, ал Түрікменстан мен Тәжікстан мүлдем жоқ екенін атай кеткен абзал. Ендеше елі­міздің осы рей­тингтегі орны жо­ғарылай түседі деген болжам бар. Бәрінен бұрын Жоғарғы Соттың алдында түней­тіндер қатары тиылуы тиіс. Өйт­кені Қазақстанда үстемдіктің заңы жүрген заман өтті, заң үстем­дігінің уақыты туды. Электоралды цикл электронды бола ма? 1 қаңтардан бастап сайлау заң­намасы мен дауыс беру жүйесіне бірқатар жаңа өзгерістер күшіне енді. Бірмандатты сайлау округ­тері мен сәйкес сайлау комиссия­ла­рын құру процесі басталды. Ау­мақтық сайлау комиссия­ла­рының мүшелері өз өкілеттіктерін енді тұрақты негізде кәсіби түрде жүзеге асыратын болады. Бұл сай­лау процедурасының сапасын ғана емес, ашықтығы мен ай­қын­дығын да арттыра түсуі тиіс. Ал был­тыр күзде басталып, биыл жал­ғасар электоралды циклдың басы 14 қаңтарға белгіленіп отыр­ған Парламент Сенаты депутат­тарын сайлау. Одан соң алғашқы жартыжылдықта Президенттің саяси жүйені рет-ретімен қайта жүктеу жоспарына сәйкес Мә­жіліс пен барлық деңгейдегі мәс­лихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтуі тиіс. Сондай-ақ биыл пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қала­лардың әкімдерін тікелей сайлау өтпек. Ауыл әкімдері корпусын жаңарту жалғаса бермек, яки ауыл, кент және ауылдық округ­терді қоса алғанда 350-ден астам әкім тікелей сайланбақ. Бұл сай­лау мыңнан астам ауылдық елді мекенді қамтитын болады. Осы­лайша, биылғы жыл электоралды жыл болғалы тұр. Оның мүлдем жаңаша нормалармен және ере­желермен өтетінін сеніммен айтуға болады. Тек бұл тұста биыл дауыс беру жүйесіне электронды жүйе еніп үлгермеуі мүмкін деп болжам бар. Өйткені шектен тыс салмақ түссе, жалп етіп сөніп қалатын еліміздің техникалық халі оған мүмкіндік бермек емес. Әйтсе де, бұл мемлекеттік билікті демократияландыруға кедергі кел­тірмесе керек. Биылғы Сенат сай­лауында Президенттің бұрын­ғыдай 15 емес, 10 депутатты ғана тағайындайтыны, соның айғағы. Оның іс жүзінде қаншалықты нәтиже беретінін болжау әзірге қиын, әрине. Әлеуметтік сала – әлеуетті сала Биыл мемлекеттік әлеуметтік сая­сатқа жаңа тыныс бітпек. Со­ның негізгілеріне тоқталып өтсек, көңіл қуантарлық жайт көп. 1 қаңтардан бастап елімізде Ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 70 000 теңгеге дейін өсті. Еңбек кодексі бойынша жұмыс беру­шілер ЕТЖ-дан төмен емес жа­лақы төлеуге міндетті болса, бұл республикада меншік ныса­ны­ны­на қарамастан 1,8 млн-ға жуық адам­­ның айлығы өсетінін біл­діреді. Бұл, әрине жұбанарлық та цифр емес. Өйткені еңбекке қа­бі­летті халықтың 6 пайызы 70 мың тең­геге күн көріп отыр деген сөз, жұ­мыс­сыздармен қосқанда кедей­лік қамытын кигендер қа­тары әлі де көп екенін білдірсе керек. Сондай-ақ 2023 жылы өңір­лерде шағын несие беруді жеңіл­дету есебінен ауыл тұрғындары­ның табысын арттыру жобасы қар­қын­ды жүзеге асырыла бас­та­мақ. Бес жылда 1 трлн теңге ба­ғыт­талуы тиіс құжатта 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамту жос­парда тұр. Жоба жеке үй шаруа­шылықтарын ауыл шаруашылығы коопера­циясына тарту арқылы мыңдаған жаңа жұмыс орнын құруға мүм­кіндік бермек. Эконо­микалық жағынан құжаттың нәтижелілігі қаншалықты бола­ты­нын болжау қиын. Бірақ «Жеке тұлғаның бан­кроттығы туралы» заңмен қатар қабылданып отыр­ған жобада жеңіл­­діктен бұрын ауыл халқының іскерлігі мен қаржылай сауатты­лығы да ескерілгені абзал. Биыл зейнетақы мен жәр­де­мақыда да көбеюде. Жыл басынан бастап ынтымақты зейнетақы мөл­шері 10,5%-ға артты. Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәйкес ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін, яки 158,7 мың тең­геден 189,8 мың теңгеге дейін өсірілді. Ал базалық зейнетақы мөлшері жыл сайынғы ең төменгі күнкөріс деңгейін 54%-дан 60%-ға дейін ұлғайтуды ескере отырып өсті. Нәтижесінде, зейнетақы төлемдерінің жиынтық мөлшері жыл басынан бері орта есеппен 12%-ға өсті, бұл ретте зейнета­қы­лардың ең төменгі мөлшері 68,2 мың теңгеден 77,4 мың теңгеге дейін артты. Жәрдемақылардың мөлшері де өзгерді. Мәселен, ең төменгі күнкөріс деңгейінің ар­туына байланысты мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін тө­лемдер өсті. Жұмыс істейтіндер­мен қатар, жұмыс істемейтін әйел­дерге де төленетін бала тууға мем­лекеттік қолдау мөлшері арт­ты. Мүгедектігі бар балаларды және олардың отбасыларын қол­дау үшін оларға кәмелетке тол­ғанға дейін арнайы жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 2023 жылы 56 794 теңгені құрайды. Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы мөлшері АЕК мөл­шеріне өсті. Осылайша, 4,4 млн адамның барлық зейнетақы және жәрдемақы мөлшері артады деп күтілуде. Бұл мақсатқа республи­калық бюджетте 4,6 трлн теңге қарастырылған. Жаңашылдықтардың бірі ре­тінде «Отбасының цифрлық кар­тасын», «Цифрлық нотариат» жо­басын айтуға болады. Әлеу­мет­тік кодекс аясында жазда енгі­зілгелі жатқан бұл жобалар аза­маттарды әлеуметтік тәуекел­дер­ден қорғай отыра адами капитал мен отбасы институтын дамы­татын болады. Болжам болжамы­мен, биыл әйтеуір әлеуметтік сала әлеуетті салаға айналатыны анық. Ілгері қадамды инфляция кейін тартпаса игі... Қазақстанды жоғары инфля­ция мен ұлттық валютаның құл­дырауы күтіп тұр. Биылғы бол­жамның ең үлкені осы. Осының бәрін бағалаған Аналитикалық кредиттік рейтинг агенттігі (АКРА) Қазақстан Үкіметінің шетелдік және ұлттық валютадағы ұзақмерзімді кредит рейтингін ВВВ+ деңгейінде нақтылап отыр. Рейтинг болжамы – «Тұрақты». Мұндай бағаға халықтың әл-ауқатының салыстырмалы түрде жоғары екені, мемлекеттік қарыз деңгейінің төмендігі, Ұлттық қор түріндегі «қауіпсіздік жасты­ғы­ның» болуы, халықаралық резер­ві­нің жеткіліктігі себеп болып отыр. Одан бөлек, мұнай бағасы жоғары болуы және салық көп жиналуы мүмкін деген де болжам ескерілген. Осы реттен келгенде АКРА мемлекеттік бюджеттің тапшылығы ЖІӨ-нің 2,5–2,6%-ын құрайды деген пікірде. Естеріңізде болса, биыл ин­фля­ция соңғы 20 жылда бі­рін­ші рет ең жоғарғы көрсет­кіш­ке жетіп, 20,3%-ды құраған бо­ла­тын. Соның ішінде азық-түлік қым­батшылығы 25,3%-ды құра­ды. Азық-түлік емес тауарлар ба­ға­сы 19,4%-ға, ақылы қызметтер құны 14,1%-ға артты. Ал үшінші тоқ­сандағы мәлімет бойынша елі­міздегі кедейлік деңгейі 5,3%-ға дейін өскен екен. Ендігі жерде бұл көрсеткіштер жарты жыл бойы сақталып қалуы ғажап емес. Өйт­кені экономикамыз импортқа қат­ты тәуелді болып отыр. Ал қым­­батшылық қос бүйірден қы­сып тұр. Ұлттық банктің өзі ин­фля­ция бірінші тоқсанда шарық­тау шегіне жетуі мүмкін, ал келер жылы 11-13% болады деп болжа­ған еді. Осы ретте мұнай бағасы тө­мен болса, ұлттық валю­та­ның да құлдырап кетуін жоққа шығаруға болмайды. Қалай бол­ғанда да, мұның барлығы болжам. «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демекші, саяси-әлеу­меттік бас­та­малардың эко­номи­калық көр­сет­кіштер аясында орын­сыздау бо­лып көрінуі ық­тимал. Бірақ уақыт талабы солай – қол қусырып оты­руға болмайды. Біз «кіші азат­тыққа» қол жеткіздік деуге бола­ды. Олигархатты та­ғынан тайдара алдық. Қазіргі экономикалық күрделі жағдайда негізінен осы олигополияның кінәсі басым. Әйтсе де, еліміздегі ғана емес, гео­­саяси конъюк­ту­радағы тол­қы­нысты кезеңнің сая­бырсығанын ескерсек, Қа­зақстанның қазір «қиын да болса оңтайлы» жағ­дай­да екенін аңғару қиын емес. Қоян жылының қазақ ұлты тарихында межелі сипатқа ие екені белгілі. Осы жылмен бай­ланысты талай қиындық болған. Одан аман-есен шы­ғып, ел болып сақталып қал­ған­­быз да. Бұл қиын­дықтардан да шы­ғуға болатынына көз жетіп отыр. Ен­деше «бір жыл­ға қоянның те­рісі де шыдайды», сындарлы ке­зеңде ауызбірлік пен мүдде­лес­тік таны­тып, шыдайық, ағайын!