«Ас атасы – нан» деген. Алайда дастарқанның сәні де, мәні де саналатын бас тағам кейінгі кезде көкшеліктерге уайым болды. Көпшілік күнделікті тұтынатын нанның тауқыметін тартып жүр. Нан бағасының Көкшетауда бірден күрт көтеріліп, онсыз да қалтасы жұқа халықтың әбден тығырыққа тірелгені жайлы көзі қарақты оқырманымыз өткен сандарымыздан хабардар. Ал жыл соңы шаһардағы бүтін бір өндіріс орны – «Көкшетау нан зауыты» кәсіпорнының қақпасына қара құлып ілінді. Бірінші қаңтардан бастап, зауыт жұмысын мүлде тоқтатты. Яғни, бұл дегеніңіз мыңдаған қалалық жұрт нан тапшылығына ұшырады деген сөз. Зауытта жұмыс істейтін ондаған жұмысшы көк тиын нәпақасыз қалмақ. Түйінді мәселенің түпкі төркіні мен себептерін зерттеп-зерделеп көрмек болдық. Тиісті мемлекеттік орган – облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының статистикалық деректеріне сенсек, «Көкшетау нан зауыты» күні бүгінге дейін көкшелік жұрттың 10 пайызын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп тұрған. Зауыт сонау кеңестер заманында, 1952 жылы пайдалануға берілген. Халыққа ондаған нан мен тоқаш өнімдерін ұсынатын зауыттың жабылып тынуы жұртшылықты ашындырып, ащы жанайқайын тудырды. Тіпті, жаңа жыл мейрамынан кейін он шақты дүкенге бас сұғып, нанның жоқ екенін өз көзімізбен де көрдік. Нанның тапшы бола бастағанын тұрғындар да айтып жүр.
– Қалада нанның тапшы бола бастағанына біршама уақыт болды. Күндізгі уақытта қажетті мөлшердегі нанды алып қоймасаң, кешкі төрт-бестерде нанды шырақпен іздесең де таба алмайсың. Тіпті, «Орталық базардағы» ірі сауда орындарында да нан болмай қалады. Осыған дейін сатылымға шығарылған нан өнімдері қатып, бүлініп кетеді деп қорыққандықтан осылай ететін шығар деп ойлайтынмын. Ал енді күндізгі уақыттың өзінде нан таппайтын болдық. Кеңес заманынан көкшеліктердің сүйіп жейтін нан өнімдерін шығаратын «Көкшетау нан зауыты» ақыры жабылып тынды», – дейді қала тұрғыны Дариға Бекмұратова.Ең өкініштісі, сол зауыттың жабылуына байланысты ондаған өнеркәсіп жұмысшысы жұмыссыз қалмақ. Жұмысшыларға алдын ала зауыттың жабылатыны туралы хабарландыру таратылған. Алайда халықты нанмен қамтып отырған зауыттың не себептен жабылатынын зауыт басшылығы жұмысшыларына еш түсіндірмеген. Жағдайды алдымен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшылығынан анықтамақ болып, осы салаға жетекшілік ететін басқарма басшысының орынбасары – Александр Загребинмен тілдестік. Алайда зауыттың жабылатынын естігенімен, ол оның не себептен жабылып жатқанынан да хабарсыз болып шықты.
– «Көкшетау нан зауытының» жабылып жатқанын естідім. Бірақ не себепті жабылып жатқанын, оның құрылтайшылары кім екенінен хабарым жоқ. Бар жағдайды басқарма басшысының өз аузынан ғана біле аласыз, – дейді Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Александр Загребин.Басқарма басшысынан зауыт директорының байланыс телефонын әрең сұрап алдық. Алайда нан зауыты жабылғаннан кейін зауыт директоры шетелге кетіп қалған болып шықты. Зауыттың жабылу себебін анықтамақ болған сауалымызға директор бір-екі ауыз сөзбен ғана жауап берді.
– Мен қазір шетелде жүрмін. Иә, зауыт жабылған. Оның не себебін сұрайсыз. Зауытты ұстау тиімсіз болды. Сосын жабылды. Мені енді мазаламаңыз, – деген «Көкшетау нан зауыты» кәсіпорнының директоры Әнуарбек Омаров телефон тұтқасын тастай салды.Түйінді мәселенің жауабын Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысынан сұрамақ болдық. Бірақ бірнеше күн хабарлассақ та тілдесу мүмкін болмады. Ақыр соңында телефонын көтеріп, сауалдарымызға жазбаша жауап берді.
– Көкшетау қаласында нан өнімдерін шығаратын «Көкшетау нан зауыты» кәсіпорны құрылтайшылардың шешімімен 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жабылды. Қысқартуға ұшыраған жұмысшылардың саны – 59 адам. Жұмысшылар зауыттың жабылып, қысқартылатыны туралы өткен жылдың 1 желтоқсанында хабарландыру алған. Өкінішке орай, зауыттың құрылтайшыларының кім екенін білмейміз. Біз тек зауыттың директорын ғана білеміз. Заңға сәйкес қысқартуға ілінген қызметкерлерге тиесілі барлық төлемдер төленген. Зауытта жұмыс істеген көптеген жұмысшылар тәжірибелі мамандар. Сондықтан олар әрқашан еңбек нарығында өз орнын тауып алатыны сөзсіз. Қазіргі таңда қысқартылуға байланысты зауыттың бұрынғы жұмысшыларынан ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Қалада бұдан да басқа нан зауыттары бар ғой. Сауда орындарында нан және басқа да нан өнімдері жетерлік, – дейді Ақмола облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Ербол Оспанов.Басқарма ұсынған деректерге сенсек, жекеменшік зауыт басшылығына мемлекет тарапынан қаржылай қолдау да ұсынылыпты. Тіпті, зауыттың жұмыс істеу тиімділігін арттыру мақсатында «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы бағаны тұрақтандыру тетігі шеңберінде айналымдағы қаражатты толтыру үшін жеңілдік шартымен қарызға қомақты сома да ұсынылған. Зауыт басшылығы бұл ұсынысты қабылдап өз қызметін қайта бейімдеу жағын қарастырып көрмек. Сонымен, тұтас қаланың 10 пайызын, яғни, мыңдаған халықты ас атасымен қамтамасыз еткен зауыт жабылып тынды. Қаржыны қалтасына басқан зауыт басшысы шетел асқанын өзі айтты. Зауыттың қайта нан өнімдерін шығаруға өз қауқары жетпейді. Мемлекеттен ұсынылған қарыз қаражатты ала ма, алмай ма, ол да белгісіз. Нәпақасыз қалған ондаған жұмысшының басым бөлігі зейнет жасына жетіп, яки асып кеткені айтпаса да түсінікті. Олардың жұмыспен қамтылуы да екіталай мәселе екені сөзсіз.
Ақмола облысы