Балалар әдебиеті алға басты ма?
Балалар әдебиеті алға басты ма?
© коллаж: Елдар Қаба
1,282
оқылды
Қазір кітап оқуға сұраныс артып келеді. Соның ішінде баспалар да балалар әдебиетін дамытуға ден қойған. Мемлекет те бұл саланы қуаттауды бастағандай. «Оқу мектебі» жобасы мен бірнеше республикалық байқау сөзімізге дәлел болады. Дегенмен салаға не жетпейді? «Жусан иісі» сияқты бала мен ересек жата-жастана оқитын туынды қашан дүниеге келеді? Баспа мен баға Рас, 2020 жылы «Оқу мектебі» республикалық жобасы іске қо­сылды. Жоба басталмай тұрып-ақ мектеп кітапханаларында қазақ тілінде заманауи көркем әдебиет­тің жоғы білінді. Экс Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, кейінгі екі жылда кітапханаларға 4 миллионға жуық әдеби кітап сатып алынған. Оған қоса, былтыр мемлекеттік тілдегі аударма әдебиеттің саны өскен. Бұған оқуға қызығушылықтың артуы, соның ішінде қазақ ті­ліндегі кітаптарға сұраныс артуы себеп. Бестселлер демекші, Айма­ғамбетов Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлемін», Зира Наурызбай мен Лилия Клаустың «Алтын тостағанды іздеу. Бату мен оның достарының бастан кешкендері» және «Еркетай» комикстерін айрықша атап өтті. Мұның бәрі қазақ тіліне көркем аударудың жолға қойылғанын көрсетеді.
«Оқушылар қазір мектеп бағдарламасындағы кітаптарды оқып жүр. Одан бөлек, қосымша кітаптарды оқыту қиын. Өйткені таралым мен жеткізу жағы қиын. Steppe & world баспасының Хәрри Потері, «Бату және достары» «Әмина Тұран елінде» сияқты шығармалар мектеп кітапха­на­сынан табылмайды. Сондықтан балалардың бірен-сараны ғана аталған кітаптарды оқи алады. Былтыр 7-сынып оқушыларына «Ғажайып» кітабын оқуға тап­сырма бердім. Байқасам, кітапқа аса қызықпайтындар да таласып-тармасып оқыды. Бұдан бөлек, 5-сыныпта «Менің атым Қо­жа­ны», 6-сыныпта «Көксеректі» оқиды. «Жабайы алмасы» бары тағы бар. Ал қиялын, ақыл-ой­лауын дамытатын шығармалар өте аз. Қасым кітапханасы ескі туындыларды қайта басып шы­ғады. Баланың заманауи қызығу­шылығына сай кітаптар Steppe & world баспасында бар. Бірақ оның таралымы аз, кез келген ата-ана­ның сатып алуға қалтасы көтер­мейді», – дейді мұғалім Назым Сапарова.
Иә, елімізде «Фолиант», «Аруна», «Алматыкітап», «Мек­теп», «Балалар әдебиеті», «Ба­лауса», «Кітап-Дәуір», «Шұғыла» баспасы мен«Атамұра» корпо­рациясы тұрақты түрде балалар әдебиетін басып шығарады. Оған қоса, баспалардың мемлекеттік тапсырыс пен бағдарламаға сай басып шығаратыны жасырын емес. Жоғарыда аталғандай, кейінгі кездері коммерциялық баспалар да балалар әдебиетіне ден қойып, сатумен айналысады. Әлеуметтік желідегі жарнамасы мен сыртқы дизайны көпті қы­зықтырары анық. Мазмұны, әлем әдебиетінің қазақша сөйлеуі де қуантады. Бірақ аталғандай ком­мерциялық баспалардың кітап­тары қымбат. Мәселен, Жоан Роулиңнің «Хәрри Поттер» жи­нағының бір данасы 6 500 тең­геден басталады. Руал Даһлдың «Дәни – әлем чемпионы» секілді кітаптардың бағасы төрт мың теңгеден жоғары. Нарық зама­нында баспа саласында жүр­ген­дерге де айып таға алмайтыныңыз тағы бар. Бәрі істеген ісінің алға басқанын қалайтыны белгілі. Қандай үздік шығармалар бар? «Фолиант» баспасының 2020-2021 жылдары жарық көрген балалар әдебиетінің үздік туын­дылар топтамасын жасағанын білеміз. Үздік шығармалар ара­сында А.Гриннің, М.Твеннің, В.Обручевтің, А.Линдгреннің, Дж.Свифттің, Эрих Распенің, Баянғали Әлімжановтың және Әлия Беркімбаеваның туындысы енген. А.Гриннің «Алқызыл жел­кен. Хикаят. Толқын перісі» мен «Толқын перісі» қазақ тіліне са­уатты аударылған. Джонатан Свифт­тің «Гулливердің саяхаты» кітабын да балалар жылы қа­былдады. В.Обручевтің «Жұмбақ жерін», Эрих Распенің «Мюн­х­гаузеннің хикаяларын», А.Линд­греннің «Ұзыншұлық Пиппи» хикаясы да оқырманын тапты. Одан бөлек, баспа «Қазақ халық ертегілері» жинағын да ата-ана іздеп жүріп алатынын айтады. Жинақта Керқұла атты Кендебай, Таусоғар мен Көлтауысарды жол­дас еткен Ер Төстік, алтын са­қасын іздеген бала, Ай астындағы Айбарша сұлу мен Күн астындағы Күнікей қыз ертегісі топтас­ты­рылған. Әлия Беркімбаева жазған «Дәуіт атайдың ертегілері» мен Тулин Көзікоғлудың «Арман ке­рек адамға» еңбегін де айта кеткен жөн. Баянғали Әлімжановтың «Өлең-Әліппе» жинағының да балалар әдебиетіне қосары бар. Оған қоса, баспалардың Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Николай Носовтың «Дым­білместің Айға сапары», Фенимор Купердің «Могиканның соңғы тұяғы» шығармасын қайта басып шығарғаны тағы бар. Кітап сататын дүкендерден де балалар әдебиетінің жай-күйін сұрап білдік. Олар да саладағы кемшін тұсты ашық айтып отыр. Ата-ана мен балалар тарапынан сұраныс бар. Олар өзіне керегін біледі. Соған орай баспалар да іске кіріскені дұрыс-ақ.
«Ziyat кітап дүкенінің сөре­сін­де тек қазақ тіліндегі кітаптар. Ашылғанына бір жылдан асты. Осы уақытта оқырмандардың сұ­ранысын біршама біліп қалған­даймыз. Балаларға арналған кі­тапты бәрі іздейді. Алайда бас­па­лар осы сұранысты орындай ал­май келеді. Кемшін тұсы көп. Мы­салы, бәрі де суретті, бояуы қанық, әріптері үлкен кітапты ал­ғысы келеді. Мұны бірінші орынға қояды. Мазмұн содан кейін. Осыны ескеріп, кітап шығаруға болады деп ойлаймын. Ал көп сатылатын кітаптардың қатарында «Менің атым Қожа», «Ұшқан ұя», «Ай мен Айша», Экзюперидің «Кішкентай хан­задасы» тұр. Жуыр­да ғана толық аударылып, са­тылымға шыққан «Хәрри Пот­тер» топтамасы да сұ­раныста. Жас оқырмандар фан­тастика, фэн­тези, детектив жанр­ларын жақсы көреді. Осындай жанрдағы қа­зақша кітаптардың саны сау­сақ­пен санарлық», – дейді кітап дү­кенінің иесі Асылан Тілеген.
Әдеби мектеп жоқ Балалық пен даналықтың екі ортасында өмір сүретін әдебиеттің бұл түріне қалам тербейтіндер санаулы. Қазір балаларды қызық­тырудың өзі мұң. Джитал әлемде олар бейнероликтің алғашқы он секундынан өзіне керегін таппа­са, ауыстыра салады. Сол сияқты кітап оқып үйрету үшін балаға ата-ананың ықпалы зор. Осы рет­те отбасы болып оқитын шығарма жазу жағы ойға оралады. Сон­дықтан заманауи жазушыларға жүк ауыр. Жас қаламгерлердің арасында Алмат Исәділ, Мәдина Омар, Бейбіт Сарыбай, Мейіржан Жылқыбай, Әлібек Байбол, Ел­дос Тоқтарбай, Әдина Жүсіп, Зәуре Төрехан және тағы басқасы бар. Ал комикстерге келсек, Qazcomics батырлар жыры мен аңыз-әңгімелерді шығармасына арқау етіп жүр. Әлеуметтік желіде де комикс жазатындар бар.
«Классик жазушылардан ке­йін тәуелсіздік жылдарында бұл сала ақсап қалды. Өйткені ересек адамға өзімен қатар адамға әде­биет жазған қызық. Бұған ұсынар сый да, бедел де көбірек. Бала­лар­ға арналған әдебиетке Мемле­кеттік сыйлық пен тағы басқасы берілмейді. Ауыз толтырып айта­тындай еленбейді. Кейінгі жыл­дары аталған салаға жас жазу­шылар келді. Суретшілер де ко­микс жазуды қолға алды. Жасы үлкен жазушылар арасында да бет бұрғандары бар. Мәселен, Сәуле Досжанованы айта кеткен жөн. Бірақ жастарға төмендегідей нәр­селер жетіспейді. Мәселен, әдеби мектеп жоқ. Әдебиеттің машығы, техникасы, тәсілін нөлден бастап меңгеру керек. Жазушылар ода­ғына жастарға арналған әдеби курс ашу қажетін сан мәрте айт­тық. Ресейдегідей жазушылар институты болмаса да, осыған ұқ­сас нәрсе қажет-ақ. Бізде жазу­шылыққа бет бұрғандарды тәр­биелейтін OLSHA мектебі бар. Алайда олар соңғы жылдары ғана қазақтілділерді тартып жатыр. Негізінен, орыстілді ортаның жо­басы. Мәселен, комикс жасап жатқан жастарға әдеби техника жетіспейді. Сценарий жазу техни­касы да көңіл көншітпейді. Олар сурет салғанына мәз», – дейді жазушы Зира Наурызбай. Сондай-ақ мәдениеттану­шының айтуынша, комикс ав­тор­ларына қазақ мәдениеті мен ми­фологиясы туралы білім жетіс­пейді. Өйткені көптеген комикс жай ғана батыс комикстеріне еліктеуден туады. Мысалы, зұлым кейіпкер әйел болса «мыстан», орта жастағы әйел болса «жез­тырнақ» дей салады. Зұлым күш, ерлік атауларын пайдаланады. Зира Наурызбайдың түсінді­руінше, бұл мифологияда жерас­ты дүниенің иесі. Ал авторлар оның затында қандай кейіпкер екеніне мән бермейді. Сонымен жазған-сызған дүниесі қызық болмай қалады. Екінші сұрыптағы жазбалардың қатарын толық­тырады. «Мағынасы социалистік, сыртқы түрі ұлттық туынды дү­ниеге келеді. Бізде америкалық мас-мәдениеттің мазмұнына кішкене ою-өрнек қосқанның өзін­де қате жібереді. Киізге ба­сатын ою-өрнекті киімге басқан­дай әсер қалдырады. Сол сияқты әдебиетте де, комиксте де осын­дай кемшін тұс бар. Екінші сұ­рыптағы шығарма болғаннан оқырман бірінші нөмірлі дүниеге құмар келеді», – дейді ол.
Айта кетерлігі, ата-ана­лар­дың арасында баласы алты айдан асқасын кітап дүкендері­не барып өзіне керегін із­дей­тіндер жетер­лік. Алайда қазақ тілінде талапқа сай жануарлар дүниесін, таби­ғатты, аспан әле­мін танысты­ра­тын кітапша жоқтың қасы. Бар болса, баға­сы аспандап тұр. Сон­дықтан баспа үйлері осыны да қаперге ілсе игі.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ