Атырауда ауылдасы пышақтап тастаған 22 жастағы жігіт көз жұмды
Атырауда ауылдасы пышақтап тастаған 22 жастағы жігіт көз жұмды
Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылында қайғылы жағдай орын алды. Екеуара кикілжің салдарынан 22 жастағы ауыл тұрғыны көз жұмды. Ауыл тұрғындарынан білгеніміздей, қайғылы жағдай 3 қаңтар күні түнде орын алған. Жергілікті денешынықтыру - сауықтыру кешенінде ауыл жастары футбол ойнаған. Футбол кезінде ойыншылардың арасындағы 2000, 2001 жылы туылған екі жігіт өзара келіспей, сөзге келіп қалады. Кикілжің футбол аяқталғаннан кейін де жалғасады. Төбелесуге дейін жалғасқан оқиға соңында жанжалдасушының бірі көлігінде жүрген пышақты ала жүгіреді. Суық қару денесіне аяусыз сұғылған жігіт қансырап қалады. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жергілікті амбулаторияға жеткізілгенде жараланған жігіт тірі болған.
"Бірақ, дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеуі себепті, зардап шегуші амбулаторияда көз жұмған. Жарақат алған жігіт емханаға жеткізілген уақытта амбулаторияда санитар ғана болған. Жедел көмек көрсетуі тиіс медицина қызметкерлері амбулаторияға кешігіп жеткен. Біздің ауылымызда білікті дәрігер мамандар жоқ. Соның салдарынан осындай төбелес сияқты оқыс оқиға кезінде зардап шеккендерге уақтылы көмек көрсетілмей жатыр",– дейді есімін атамауды өтінген ауыл тұрғыны.

Бізге белгілі болғанындай, марқұм болған жас жігіт жақында ғана әскерден келген. Денсаулығына байланысты, жуырда ота жасатқан екен. Тепсе темір үзетін жас жігіт отбасын құрып үлгермеді. Атырау облысы полиция департаменті қанды оқиғаның болғанын растады.

"Күдікті ұсталды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүруде", – деп қысқа қайырды Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз-хатшысы Мейірім Ердәулет.

Баян Жанұзақова